Бас мүфти халықаралық конференцияда баяндама жасады
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау қаласында өтіп жатқан «ҰЛЫ ДАЛА БАРЫСЫ – БЕЙБАРЫС СҰЛТАН» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында арнайы баяндама жасады.
«Мысырлықтар Ніл өзенін «Бахр» (негізгі мағынасы теңіз) деп атаған. Осы өзеннің бойында «Рауза» деген аралдан арнайы қамал салынып, «Бахрия Мәмлүк» деп аталатын түркі жауынгерлерінен жасақталған әскер құрылды. Құлдықтағы Бейбарыс осы Бахрия әскеріне тап болды. Бейбарыс осы жерде өзінің әскери қабілетімен көзге түсіп, мәмлүк сарбаздарының таңдаулы жасағына қабылданды. «Бахрия мәмлүк» деп аталған бұл жасақ негізінен Дешті Қыпшақ даласынан шыққан тұтқындардан тұрды. Мұхаммед ибн Баттутаның жазуынша, мәмлүктерді күні бойы атпен шабу, қылыштасу, садақпен оқ ату секілді жауынгерлік рухқа тәрбиелеп, дәрігерлердің қарауынан өткізіп тұрған. Сондай-ақ оларға діни тәлім беріп, Құран үйретіп, шариғат оқытқан. Сол арқылы олардың рухани тәрбиесіне мән берген. Содан болар мәмлүк сарбаздары жаужүрек батыр ғана емес, дініне берік нағыз мұсылман ретінде танылды. Оларға лайықты құрмет көрсетіліп, онбасы, жүзбасы, мыңбасы, одан ары әмір дәрежесіне дейін өсіріп отырды» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ Төрағасы мәмлүктер ештеңеден қорықпайтын нағыз қайсар сарбаздар болғанын айта келіп, Мысырды алуды жоспарлаған крестшілерге, Айн Жалут жерінде Құлағудың қолбасшысы Кетбұғаның әскерлеріне тойтарыс бергенін, сұлтан тағына отырған кезде қасиетті қос мекен орналасқан Хижаз аймағын гүлдендіруге, Мысыр халқының әлеуетін көтеруге, елдің дамуына елеулі үлес қосқанын тілге тиек етті.
«Аббаси халифасы Мустансир Билләһ Заһир Бейбарысқа «Мысыр, Шам, Бәкр, Хижаз, Иемен және Евфрат аймақтарының билеушісі» деген лақап берген болатын. Алайда Бейбарыс сұлтан «Хижаз аймағының билеушісі» деген атақтан бас тартып, керісінше «Хадимул-харамәйн», яғни «Қасиетті қос харамның (мекеннің) қызметшісі» деген лақап атқа өзгертті. Бейбарыстың «билеуші» атауынан бас тартып, «қызметші» деген атты өзіне лайық көруі Алланың шынайы мұсылман құлы болғанын көрсетеді. Бейбарыс Исламның қорғаушысына, бүкіл мұсылман әлемінің қорғанына айналды. Сол арқылы мәмлүктердің де Ислам әлеміндегі ықпалы арта түсті» деді Бас мүфти.
Сөзінің соңында ҚМДБ Төрағасы Мысыр жерін үш ғасырға жуық басқарған мәмлүктер тарихы біздің де тарихымыз екенін айта келіп, олардың ерлігін келер ұрпаққа паш ету қажеттігін атап өтті.