preloader

Мақалалар

Ұл – нығмет, қыз – жақсылық

Ұл – нығмет, қыз – жақсылық

Перзент – адамның бұл дүниедегі қуанышы ғана емес, ақыреттегі сынағы, аманаты әрі сауапқа себеп болатын үлкен мүмкіндік. Алла Тағала Құранда: «Мал-мүліктерің және балаларың – бір сынақ. Ал ұлы сыйлық Алланың қасында» («Тағабун» сүресі, 15-аят), – деп ескертеді. Яғни, бұл аят ата-анаға баланың тек қуаныш емес, жауапкершілік екенін де ұқтырады.

Сондықтан дүниеге келген әрбір перзенттің жынысына қарап қуану немесе ренжу емес, ең алдымен оның Алланың берген нығметі екенін түсіну қажет. Ұл да – Алланың нығметі, қыз да – Алланың нығметі. Ұл – отбасының қуанышы әрі болашақта ата-анасына сүйеніш болуы мүмкін. Ал қыз – шаңыраққа мейірім, жылулық, береке алып келетін үлкен жақсылық.

Асыл дініміз ұл мен қызды бір-біріне қарсы қоймайды. Керісінше, екеуінің де қадірін көтеріп, әрқайсысына лайықты құрмет пен тәрбие беруді бұйырады. Исламға дейінгі араб қоғамында қыз баланың дүниеге келуіне байланысты өте ауыр түсініктер болған. Кейбір адамдар қыз туылғанын ұят санап, оны тірідей көміп тастайтын. Құран Кәрім бұл қылмысты қатаң түрде айыптады: «Олардың біріне қыз баланың сүйінші хабары берілсе, оның жүзі қарайып, іші қайғыға толады. Өзіне берілген жаман хабардан ұялып, қауымынан жасырынады. Оны қорлықпен ұстап қалу немесе топыраққа көміп тастау керек пе? Қараңдаршы, олардың үкімі қандай жаман!» («Нахл» сүресі, 58–59-аяттар).

Бұл аяттар қыз баланың дүниеге келуін жамандық деп қабылдаудың қаншалықты надандық екенін көрсетеді. Демек, ұл немесе қыздың дүниеге келуі – ата-ананың таңдауы емес, Алланың тағдыры мен хикметіне байланысты берілген сый.

Бұл туралы Бұқар жырау бабамыз:

Тірлікте сыйласқан,
Ата менен анаңды айт,
Адам үшін жаратқан,
Қызықты нәубет балаңды айт,
– деп әр баланың өз қызығы барын насихаттайды.

Қазіргі қоғамда да кейде «ұл болса екен», «қыздың керегі жоқ», «бір ұл жетеді», «қыздың тәрбиесі қиын» деген секілді түсініктер кездесіп жатады. Мұндай сөздердің кейбірі жай ғана ой ретінде айтылғанымен, оның артында перзенттің қадірін жынысына қарай бағалау қаупі бар.

Мұсылман адам үшін баланың ұл немесе қыз болуы оның қадірін анықтамайды. Адамның Алланың алдындағы дәрежесін жынысы емес, иманы мен тақуалығы анықтайды. Рахман Иеміз: «Расында, Алланың алдында сендердің ең ардақтыларың – тақуаларың» («Хужурат» сүресі, 13-аят), – дейді. Сондықтан ата-ананың міндеті – «ұл жақсы, қыз жаман» немесе «қыз жақсы, ұл жаман» деген түсініктерді қалыптастыру емес, әр перзентін Алланың аманаты ретінде көріп, оны иманды, көркем мінезді, пайдалы адам етіп тәрбиелеу.

Ұл баланың дүниеге келуі – үлкен нығмет. Алайда ұлдың нығмет болуы оның тек ер бала болғандығымен шектелмейді. Ол ертең отбасының азаматы, әке, жар, қоғам мүшесі болады. Сондықтан оның бойына жауапкершілік, адалдық, намыс, мейірім, сабыр, еңбекқорлық және имандылық қасиеттерін сіңіру қажет. Әкесінің баласына «ер бала жыламайды» деп сезімін басып тастауы немесе оған тек материалдық жетістікке жетуді үйретуі жеткіліксіз. Нағыз ер азамат болу – күшті болу ғана емес, әлсізге көмектесу, ата-ананы құрметтеу, аманатқа адал болу, сөзінде тұру, отбасы үшін жауапкершілік алу және Алладан қорқу.

Пайғамбарымыз ﷺ: «Әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың өз қарамағыңдағылар үшін жауаптысыңдар», – деген (Бұхари, Мүслим). Хадис ата-ананың перзент тәрбиесіне деген жауапкершілігін анық көрсетеді. Ұл баланы тәрбиелеуде әкенің орны ерекше. Бала әкесінің мінез-құлқынан көп нәрсе үйренеді. Әкесі намазға ұқыпты болса, анасына құрметпен қараса, сөзінде тұрса, ашуын басқара білсе, еңбекқор болса, баласы да соны бойына сіңіреді. Баланы тек сөзбен тәрбиелеу жеткіліксіз. Өйткені бала ата-анасының айтқанынан бұрын істегенін қайталайды. Егер әке баласына «өтірік айтпа» деп айтып, өзі өзгелерге өтірік айтса, бала сөзге емес, әрекетке қарайды. Сондықтан ұл балаға берілетін ең үлкен тәрбие – жақсы үлгі көрсету.

Қыз бала да – Алланың ерекше сыйы. Ислам діні қыз баланың қадірін көтеріп, оған құрметпен қарауға шақырды. Пайғамбарымыз ﷺ қыз балаларды тәрбиелеуге ерекше мән берген. Абдулла ибн Аббас жеткізген хадисте Алла Елшісі ﷺ: «Кімнің үш қызы болып, оларға сабыр етіп, тамақтандырып, сусындандырып, киіндірсе, олар оған тозақтан қалқан болады», – деген мағынада хадис айтқан (Ибн Мәжаһ). Басқа риуаяттарда екі қызды жақсы тәрбиелеп, оларға қамқорлық жасаған адамға да үлкен сауап бар екені баяндалады.

Пайғамбарымыз ﷺ қыз баласына деген әкелік мейірімі мен қамқорлығын өз өмірінде де көрсетті. Ол қызы Фатима анамызды ерекше құрметтеген. Фатима келген кезде Пайғамбарымыз ﷺ оны қарсы алып, сүйіп, өз орнына отырғызатын. Бұл – қыз баланы құрметтеудің, оның жүрегін жараламаудың және оған мейірім көрсетудің үлкен үлгісі, өшпес өнегесі еді. Қыз балаға жылы сөз айту, оны құшақтау, жақсы көретінін білдіру – ислам тәрбиесіне қайшы емес, керісінше, пайғамбарлық тәрбиенің бір бөлігі. Қыз баланың тәрбиесі тек оның болашақта жақсы келін немесе жақсы ана болуы үшін ғана жүргізілмеуі керек. Ол ең алдымен Алланың құлы, өзіндік қадірі мен жауапкершілігі бар тұлға ретінде тәрбиеленуі қажет. Оған иманды, ұятты, білімді, ақылды, өзіне сенімді және мейірімді болуды үйрету керек.

Қыз баланың бойындағы нәзіктік оның әлсіздігін білдірмейді. Ол білім алып, қоғамға пайдасын тигізіп, ата-анасына қызмет етіп, дінін үйреніп, жақсы амалдар жасап, қоғамға пайдалы тұлға бола алады. Ислам тарихында білімді, дінге қызмет еткен, үмбетке үлгі болған Айша, Хафса секілді әйел-аналар аз емес. Бала болмысымен ерекше. Ұл мен қызды бір-бірімен салыстыру да дұрыс емес. «Ағаң сияқты бол», «әпкеңдей оқы», «сен қызсың, анауың ұл ғой» деп балаларды үнемі салыстыру олардың арасында қызғаныш пен реніш туғызуы мүмкін. Әр баланың қабілеті, мінезі, қызығушылығы әртүрлі. Ата-ана әр баласының ерекшелігін түсініп, оны дұрыс бағыттауы керек. Әділдік – балаға бәріне бірдей нәрсе беру ғана емес, әрқайсысына қажетті қамқорлықты дұрыс көрсете білу.

Пайғамбарымыз ﷺ балалар арасында әділ болуға шақырған. Нұғман ибн Башир әкесінің бір баласына ерекше сыйлық бергенін айтқанда, Пайғамбарымыз ﷺ: «Балаларыңның бәріне осылай сыйлық бердің бе?» – деп сұраған. Әкесі «жоқ» дегенде, Алла Елшісі ﷺ әділетсіздікке жол бермеуді ескерткен (Бұхари, Мүслим). Ұл мен қыздың арасындағы әділдік олардың бірдей болуы деген сөз емес. Ұл мен қыздың табиғи ерекшеліктері бар, болашақтағы міндеттері де әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ екеуінің де адамдық қадірі, ата-ананың махаббатына деген құқығы және жақсы тәрбие алуға деген хақы бірдей. Қыз дүниеге келгенде қабағын түйіп, ұл дүниеге келгенде ғана қуану – балаға да, ата-анаға да жараспайды. Әр перзент дүниеге келген сәтте «Әлхамдулиллә, Алла бізге аманат берді» деп шүкір ету – мұсылманның көркем мінезіне жатады.Кейде ата-ана ұл баланы болашақтағы материалдық тірек ретінде көреді. «Қартайғанда ұлым қарайды» деген үмітпен қыз баланың қадірін төмендету – дұрыс түсінік емес. Адамға кімнің қашан сүйеніш болатынын Алла ғана біледі. Кейде ұл алыста жүріп, ата-анасына уақыт бөле алмауы мүмкін, ал қыз ата-анасының жанынан табылып, қызмет етуі мүмкін. Кейде керісінше болуы ықтимал. Сондықтан перзентті болашақтағы пайдасы үшін емес, Алланың аманаты болғаны үшін жақсы көру керек.

«Ұл – нығмет, қыз – жақсылық» деген сөздің мәнін тек әдемі ұран ретінде емес, терең діни түсінік ретінде қабылдауымыз қажет.

Алла Тағала әрбір отбасыға иманды, салихалы, көркем мінезді ұрпақ нәсіп етсін. Ұлдарымызды елге қорған, ата-анасына сүйеніш, дініне берік азамат етсін. Қыздарымызды арлы, білімді, мейірімді, көркем мінезді, отбасы мен қоғамға береке әкелетін ізгі жандардан етсін!

 

 

Алматы облысы, Қарасай ауданы,
«Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы