preloader

Мақалалар

ЖАЛҚАУЛЫҚТЫҢ ЗАРДАПТАРЫ

ЖАЛҚАУЛЫҚТЫҢ ЗАРДАПТАРЫ

Адам баласының өмірінде уақыттың орны ерекше. Алла Тағала пенделеріне ғұмыр, денсаулық, ақыл, күш-қуат және түрлі мүмкіндіктерді аманат етіп берді. Осы нығметтердің әрқайсысы адамнан жауапкершілікті талап етеді. Алайда адам бойындағы сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануға кедергі келтіретін мінездердің бірі – жалқаулық. Жалқаулық – адамның пайдалы істі кейінге қалдыруы, міндетін орындауға құлықсыз болуы, уақытын бос өткізуі және өзіне жүктелген міндеттен қашуға бейім болуы. Әлсіз пенделерінің кемшілікке толы болмысын жіті білетін Жаратушымыз ақиқат діні Исламды жіберумен мұсылманды әрекетсіздікке емес, ізденіске, еңбекке, білімге, құлшылыққа және пайдалы іске шақырады. Сондықтан жалқаулықты жай ғана мінез ерекшелігі деп қарамай, адамның дүниесіне де, ақыретіне де әсер ететін рухани кедергі ретінде түсіну қажет. Бұған қатысты Құран Кәрімде адамның босқа жаратылмағанын анық баяндаған Рахман Иеміз:

«Мен жындар мен адамдарды Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят), – дейді.

Демек, мұсылманның өмірі мақсатсыз өтуі тиіс емес. Оның әрбір күні, әрбір сағаты белгілі бір мағынаға ие. Құлшылық ету, білім алу, отбасына қамқорлық жасау, адал еңбек ету, қоғамға пайда келтіру – мұның барлығы адамның өмірін берекеге толтыратын істер. Ал жалқаулық адамды осы міндеттердің көпшілігін орындаудан алыстатады. Алыстатып қана қоймай, берілген нығметтердің қадірін түсіне алмай, шүкірсіздікке бой алдыруына себеп болады. Жалқаулықтың ең үлкен зардаптарының бірі – уақыттың босқа кетуі. Уақыт – қайта қайтып келмейтін үлкен нығмет. Адам жоғалтқан мал-мүлкін, мансабын, атақ-абыройын қайтара алуы мүмкін, бірақ өткен уақытын қайтара алмайды. Алла Тағала «Аср» сүресінде уақытқа ант етіп:

«Заманмен ант етемін! Расында, адам баласы зиянда. Иман келтіріп, ізгі амал жасағандар, бір-біріне ақиқатты және сабырды өсиет еткендер ғана бұдан тыс» («Аср» сүресі, 1–3-аяттар), – деп ескертеді.

Бұл қысқа ғана сүренің өзінде адамның негізгі зияны уақытты дұрыс пайдаланбауымен байланысты екені көрінеді. Өйткені адам өмірінің әрбір сәті оның ақыреттегі жағдайына әсер ететін мүмкіндік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) уақыт пен денсаулықтың қадірін ерекше ескерткен. Абдулла ибн Аббас риуаят еткен хадисте:

«Екі нығмет бар, адамдардың көбі олардың қадірін білмейді: денсаулық және бос уақыт», – делінген.

Бұл хадис адамның қолындағы ең үлкен мүмкіндіктердің бірі – денсаулық пен уақыт екенін көрсетеді. Адам дені сау кезінде ғибадат етіп, білім алып, еңбек етіп, ізгілік жасауға мүмкіндігі бар. Бірақ жалқаулық осы екі нығметтің қадірін білмеуге әкеледі. Көп адам денсаулығы бар кезде уақытын бос өткізеді, ал денсаулығы нашарлаған кезде бұрынғы мүмкіндіктерін аңсайды. Жалқаулықтың тағы бір ауыр зардабы – құлшылыққа салғырттық. Намаз, Құран оқу, зікір, дұға, білім алу сияқты ізгі амалдардың барлығы тұрақтылық пен әрекетті талап етеді. Шайтанның адамды адастыру жолдарының бірі – «кейін жасайсың», «ертең бастайсың», «қазір шаршадың», «тағы біраз демалып ал» деген ойларға салу. Егер адам осы ойларға үнемі ерсе, бірте-бірте пайдалы істер кейінге қала береді. Кейінге қалдырылған іс көбейіп, адам өзінің рухани дамуын тоқтатады. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) жалқаулықтан Алладан пана сұраған. Әнас ибн Мәлик риуаят еткен дұғада Алла елшісі (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын):

«Уа, Алла! Әлсіздік пен жалқаулықтан, қорқақтық пен қарттықтан және қабір азабынан Саған сыйынамын», – деп дұға еткен.

Бұл жерде өте маңызды мәселе бар: егер Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) сияқты үмбетіне үлгі болған адам жалқаулықтан Аллаға сыйынған болса, мұсылман адам өз бойындағы бұл мінезге немқұрайлы қарамауы керек. Жалқаулықтың рухани қауіп екенін түсініп, одан арылуға әрекет жасауы қажет. Жалқаулық адамның білім алуына да үлкен кедергі. Әсіресе, діни білім алғысы келген адам үшін жалқаулық өте қауіпті. Білім бір күнде келмейді. Оқу, қайталау, жаттау, түсіну және амал ету үшін тұрақты еңбек қажет. Құранда:

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), – деп білімнің артықшылығы көрсетілген.

Ал білімге жетудің жолы – іздену. Егер адам кітапты ашуға ерініп, сабақты кейінге қалдырып, жаттауды ертеңге шегере берсе, уақыт өте келе өзінің мақсатына жете алмай қалуы мүмкін. Жалқаулық дегеніміз – істей алатын пайдалы істі себепсіз орындамай қою, үнемі кейінге қалдыру және өзіне жауапкершілік жүктегісі келмеу. Жалқаулықтың отбасылық өмірге де әсері бар. Отбасының әрбір мүшесінің өз міндеті болады. Әке – отбасының материалдық және рухани жауапкершілігін көтеруге, ана – отбасының тәрбиесі мен берекесіне үлес қосуға, балалар – ата-анасын құрметтеп, білім алып, тәрбиелі болуға ұмтылуы тиіс. Егер адам өз міндетін үнемі кейінге қалдыра берсе, отбасы мүшелерінің арасында реніш пайда болуы мүмкін. Сондықтан адал еңбек ету де Исламдағы маңызды құндылықтардың бірі. Жалқаулық адамның өзін-өзі бағалауына да кері әсер етеді. Адам маңызды істерін қайта-қайта кейінге қалдырған сайын, өзіне деген сенімі төмендей бастайды. «Мен істей алмаймын», «менен ештеңе шықпайды», «мен жалқаумын» деген ойлар пайда болады. Шын мәнінде, адамның жалқаулықтан арылуы үшін бірден үлкен өзгеріс жасауы міндетті емес. Ең маңыздысы – кішкентай, бірақ тұрақты қадам жасау.

Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын): «Аллаға ең сүйікті амал – аз болса да, тұрақты болғаны», – деген. Жалқаулықтан арылудың алғашқы жолы – адамның өзінің мақсатын анықтауы. Мақсаты жоқ адам көбіне уақытын қалай өткізетінін білмейді. Мұсылман адам өзінен: «Мен не үшін өмір сүріп жатырмын? Бүгінгі күнімнің қандай пайдасы болды? Алла берген уақытымды қайда жұмсап жатырмын?» – деп сұрауы қажет. Мақсат анық болған кезде адамның әрекет етуге деген ынтасы артады.

Екінші жолы – уақытты жоспарлау. Исламда уақыттың тәртібі өте маңызды. Намаз уақыттарының өзі мұсылманды тәртіпке үйретеді. Адам күнінің негізгі істерін алдын ала белгілеуі мүмкін: таңертең Құран оқу, белгілі уақытта сабақ оқу, отбасына уақыт бөлу, жұмыс жасау, демалу және ұйықтау. Жоспардың тым күрделі болуы міндетті емес. Ең бастысы – маңызды істердің нақты белгіленуі.

Үшінші жолы – істі кейінге қалдырмау. Адамның «кейін істеймін» деген әдеті жалқаулықты күшейтеді. Егер бір іс дәл қазір орындалуы мүмкін болса және оған кедергі жоқ болса, оны бастау қажет. Кейде ең қиын нәрсе – істің өзі емес, оны бастау. Бірнеше минут әрекет еткеннен кейін адамның ынтасы арта бастайды. Сондықтан «бәрін бірден бітіруім керек» деп ойламай, «қазір бастаймын» деген қағиданы ұстану пайдалы.

Төртінші жолы – жақсы ортамен араласу. Адамның мінезіне оның айналасындағы адамдардың әсері өте үлкен. Егер адамның ортасында білімге, еңбекке, құлшылыққа қызығатын адамдар болса, ол да солардан әсер алады. Ал уақытын үнемі бос өткізетін адамдармен бірге жүрген адамда да сондай әдет қалыптасуы мүмкін. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) жақсы және жаман жолдасты әтір сатушы мен көрік үрлеушіге ұқсатқан.

Қорытындылай келе, жалқаулық – адамның уақытын, мүмкіндігін, білімін және рухани күшін жоғалтуына себеп болатын жағымсыз мінез. Оның зардабы адамның дүниелік өмірімен ғана шектелмей, ақыретіне де әсер етері анық. Алла Тағала адамға өмірді босқа бермеді. Әрбір күн – жаңа мүмкіндік, әрбір сағат – ізгі амал жасауға берілген уақыт. Сондықтан мұсылман адам жалқаулықтан арылып, өзіне пайдалы іске ұмтылып, уақытын бағалап, білім алып, еңбек етіп, құлшылығын күшейтуге тырысуы керек. Бұл жолда дұға, жоспар, тұрақтылық, жақсы орта және өзін-өзі бақылау үлкен көмек береді. Жаратушымыз баршамызды жалқаулық пен енжарлықтан сақтап, әр ісіне жауапты әрі тиянақты құлдарынан етсін!

 

 

Алматы облысы, Қарасай ауданы, «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы