ТАЛҒАР ИМАМДАРЫНА «УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ МЕН МӘДЕНИЕТІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
ҚМДБ-ның 2026 жылға арналған жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, «Ихсан және насихат» бағыты аясында Алматы облысы, Талғар ауданының дін қызметкерлеріне «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында семинар өтті.
Семинар барысында ҚМДБ-ның «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасындағы негізгі талаптар таныстырылып, уағыз айтудағы әдеп, сөз саптау, шешендік өнер және насихат жүргізу мәдениеті жөнінде түсіндірме берілді.
Жиында имамның жамағаттың діни сауаты мен жас ерекшелігін ескере отырып, діни құндылықтарды түсінікті әрі көркем түрде жеткізуі, нақты дерекке сүйеніп, байыпты әрі мазмұнды уағыз айтуы қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ қазіргі қоғам талабына сай насихат жүргізіп, діннің асыл құндылықтарын көркем мінез бен өнегелі сөз арқылы жеткізу – дін қызметкерінің маңызды міндеті екені атап өтілді.


