preloader

Жаңалықтар

ТАЛҒАР АУДАНЫ МЕШІТТЕРІНДЕ «ЗИРАТ ЖӘНЕ ЗИЯРАТ МӘДЕНИЕТІ» ҚҰЖАТЫ НАСИХАТТАЛДЫ

ТАЛҒАР АУДАНЫ МЕШІТТЕРІНДЕ «ЗИРАТ ЖӘНЕ ЗИЯРАТ МӘДЕНИЕТІ» ҚҰЖАТЫ НАСИХАТТАЛДЫ

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты мешіттерде жамағат арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әзірлеген «Зират және зиярат мәдениеті» атты концептуалды құжат кеңінен насихатталды. Іс-шара барысында мешіт имамдары жамағатқа құжаттың негізгі мазмұнын түсіндіріп, зират тұрғызу, қабір басына құлпытас орнату, марқұмдарды жерлеу және зиярат жасау әдебіне қатысты шариғи талаптарды баяндады. Атап айтқанда, ислам дініндегі марқұмды құрметтеу, қабір басында ысырапшылдыққа жол бермеу, зәулім ескерткіштер мен орынсыз қоршаулар орнатудан сақтану, сондай-ақ зиярат кезінде шариғатқа қайшы әрекеттерге бармау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар имамдар ата-баба дәстүрі мен шариғат талаптарының сабақтастығын сақтаудың маңызын түсіндіріп, жергілікті жерлеу рәсімдерінде ортақ тәртіп пен бірізділік қалыптастыруға шақырды. Айта кетейік, «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты еліміз бойынша жерлеу рәсімдері мен зиярат әдебін біріздендіруді, ысырапшылдықтың алдын алуды және ұлттық дәстүр мен діни ұстанымның үйлесімін сақтауды мақсат етеді.