КІТАП – ҚАЗЫНА, ОҚУ – БІЛІМ
Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда кітап оқудың маңызы арта түспесе, кеміген жоқ. Смартфон мен әлеуметтік желі санамызды сан түрлі ақпаратпен толтырғанымен, кітаптың берер тағылымы мен ой тереңдігін алмастыра алмайды. Өйткені кітап – білімнің қайнар көзі, рухани кемелденудің маңызды құралы. Ислам діні ілім-білімге ерекше мән береді. Мұсылман баласы үшін пайдалы білім іздеу – өмір бойы жалғасатын ізгі амал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді», – деген (имам Мүслим риуаяты). Ал қасиетті Құранның алғашқы түскен аятының «Оқы!» деген бұйрықпен басталуы мұсылман баласы үшін білімнің маңызын айқындай түседі. Қазақ халқы да білім мен парасатты жоғары бағалаған. Абай Құнанбайұлы «Ғылым таппай мақтанба» деп ұрпақты ізденіске үндесе, Мұхтар Әуезовтің ағартушылық мұрасы оқу мен білімнің қоғам дамуындағы орнын айқындайды. Орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің «Оқу – ең жақсы білім алу жолы» деген сөзі де кітаптың адам өміріндегі маңызын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырыстарында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу қажеттігін атап өтіп келеді. Бұл – елдің рухани әрі зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Кітапты қалай оқыған жөн? Кітап оқудағы басты мақсат – оның мазмұнын түсініп, пайдалы ой түю. Ол үшін шығарманың тақырыбына, негізгі идеясына және автордың көзқарасына назар аударған дұрыс. Маңызды тұстарын белгілеп, күрделі мәселелерді қайта оқып, ой елегінен өткізу оқыған дүниені есте сақтауға көмектеседі. Кітапты адамның ойы сергек, көңілі тыныш уақытта оқығаны абзал. Әсіресе таңертеңгі мезгіл білім алуға қолайлы. Дегенмен, әркім өзіне ыңғайлы уақытты белгілеп, күнделікті оқу дағдысын қалыптастырғаны жөн. Гаджет заманында кітап оқуды ұмытпайық! Электронды және аудиокітаптар – білім алудың заманауи мүмкіндігі. Алайда технологияның дамуы дәстүрлі кітап оқуға деген ықыласымызды бәсеңдетпеуі тиіс. Әлеуметтік желіге жұмсайтын уақытымыздың бір бөлігін пайдалы әдебиеттер оқуға арнау – рухани кемелденуге жасалған қадам. Кітап оқу мәдениеті отбасынан басталады. Ата-ана баласына кітап оқуды насихаттаумен шектелмей, өзі де үлгі көрсетуі қажет. Баланың кітапқа қызығушылығын арттыру – ұрпақ тәрбиесіне қосылған маңызды үлес. Мұсылман адам үшін пайдалы білім іздеу – өмір бойы жалғасатын ізгі амал. Оқыған кітабымыз танымымызды арттырып, иманымызды бекемдеп, көркем мінезімізді қалыптастыруға қызмет етуі керек. Кітап оқуды күнделікті дағдымызға айналдырып, білімді, парасатты әрі руханияты бай ұлт қалыптастыруға бірге үлес қосайық
Талғар ауданы бас имамы
Қаби Ринат Маратұлы

