preloader

Мақалалар

Той мәдениеті: ұлттық дәстүр мен ысырапшылдықтың ара – жігі

Той мәдениеті: ұлттық дәстүр мен ысырапшылдықтың ара – жігі

Исламда үйлену тойы — екі жастың некесін жариялап, қуанышын жақындарымен бөлісетін маңызды рәсім. Тойдың мақсаты байлықты көрсету емес, жаңа отбасының құрылуына қуанып, жас жұбайларға бақыт пен береке тілеу. Ал енді қазақтың тойы – ұлттың болмысын танытатын, ұрпақтың санасына ізгілік пен адамгершілікті насихаттайтын дінімізден алынған ғибратты дәстүр. Ақ бата беріліп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілетін, ағайынның арасы жақындасып, көңілдер табысатын тойдың халқымыз үшін орны ерекше. Бала дүниеге келсе, шілдехана жасалады, сүндет той өткізіледі, жастар шаңырақ көтерсе, ақ босаға аттаған сәт қуанышқа айналады. Мұның бәрі – өмірдің маңызды кезеңдерін ел болып атап өтуге негізделген ұлттық мәдениетіміздің көрінісі.

Алайда соңғы жылдары тойдың мәні мен мазмұнына қатысты ойланатын мәселелер көбейді. Кейде қуаныштың қадірінен гөрі оның сыртқы көрінісіне, берекесінен гөрі бәсекесіне басымдық беріліп жатады. Қонақтың саны, мейрамхананың сәні, асабаның даңғазасы, асаба мен әншілерге жұмсалған қаржы, дастарқанның молдығы – той иесінің абыройын өлшейтін көрсеткішке айналғандай. Осындайда бір сауал туындайды: біз тойды қуаныш үшін өткіземіз бе, әлде жұртқа жағдайымызды көрсету үшін өткіземіз бе?

Тойдың тәрбиелік мәні неде? Қазақ үшін той – тек көңіл көтеретін басқосу емес, тәрбие мектебі. Той үстінде айтылған ақ тілек, берілген бата, үлкендердің өнегелі әңгімесі жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіреді. Жас жұбайларға отбасының қадірін ұғындыру, сәбиге ақ жол тілеу, азаматтың еңбегін бағалау, ағайынның татулығын арттыру – тойдың негізгі рухани міндеттерінің бірі. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген мақалдың астарында үлкен мән жатыр. Батаның қадірі оның ұзақтығында емес, жүректен шыққан шынайылығында. Сол сияқты тойдың да құндылығы қымбат безендірумен немесе мол шығынмен өлшенбейді. Оның қадірі – адамдардың бір-біріне деген ықыласында, айтылған тілектің ақтығында, көрсетілген құрметтің шынайылығында.

Ислам діні қуанышқа, дастарқан жаюға, қонақ күтудің ізгілігіне қарсы емес. Керісінше, қонақжайлық, жомарттық, туыстық байланысты сақтау – құптарлық қасиеттер. Бірақ жомарттық пен ысырапшылдықтың арасы бірдей емес. Жомарттық – шамасына қарай бөлісу, ал ысырапшылдық – мүмкіндігінен асып, қажетсіз шығынға бару. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресі, 31-аятында: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – делінген. Бұл аят адамды өмірдің игілігінен бас тартуға емес, әр нәрседе өлшем сақтауға шақырады. Той жасау да осы қағидадан тыс қалмайды. Қонаққа дәм ұсыну – сауапты іс, ал желінбей қалған тағамды қоқысқа тастау немесе ел көрсін деп шамадан тыс шығындану – ойлануды қажет ететін әрекет. Кейбір отбасылар тойға дайындық кезінде қымбат мейрамхана таңдап, бірнеше күнге созылатын мерекелік шаралар ұйымдастырып, қонақтардың санын көбейтуге тырысады. Әрине, әр шаңырақ қуанышын өз қалауынша атап өтуге құқылы. Мәселе тойдың көлемінде емес, сол көлемнің отбасының нақты мүмкіндігіне сай келуінде. Біреудің жасаған тойын өлшем етіп, одан асып түсуге ұмтылу – қуанышты бәсекеге айналдыруы мүмкін. Ал бәсеке басталған жерде шынайылықтың орнын алаңдаушылық, берекенің орнын артық шығын басады. Сондықтан той иесі «Жұрт не дейді?» деген сұрақтан бұрын «Бұл шығын отбасыма қаншалықты қажет?» деген сауалды өзіне қоюы керек.

Тойға байланысты ең өзекті мәселелердің бірі – қарызға кіру. Кейбір ата-ана баласының қуанышы үшін барын салып, тіпті несие алуға немесе таныстарынан қарыз сұрауға мәжбүр болады. Олар мұны перзентіне деген махаббатымен, ел алдындағы міндетімен түсіндіруі мүмкін. Алайда той бір күнде өтеді, ал қарыздың өтеуі айларға, тіпті жылдарға созылады.Қуаныштың артынан уайым еріп, отбасы күнделікті қажеттіліктерінен үнемдеуге мәжбүр болса, мұндай тойдың әлеуметтік салдары туралы ойлану қажет. Баласының болашағына қаражат жинаудың орнына, бір күндік салтанат үшін қарызға бату – әр отбасының өз жағдайына қарай таразылайтын мәселесі. «Көрпеңе қарай көсіл» деген қазақ мақалының өмірлік мәні осында. Бұл сөз адамды сараңдыққа емес, шамасын білуге, мүмкіндігін дұрыс бағалауға шақырады. Әр отбасы қуанышын өз жағдайына сай ұйымдастырса, ешкім ешкімнен кем болмайды. Керісінше, қаржылық жауапкершілік пен қарапайымдылық отбасының берекесін сақтайды. Мұнда бір маңызды жайтты ескеру керек: қарапайым той – қадірсіз той деген сөз емес. Қымбат безендіру мен қымбат мәзірсіз де ағайынның басын қосып, жастарға ақ бата беріп, жүрекке жылу сыйлауға болады. Адамның абыройы жұмсаған қаржысының көлемімен емес, ниетімен, мінезімен және айналасына жасаған жақсылығымен өлшенеді.

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында береке мен қанағаттың орны ерекше. «Қанағат қарын тойғызар» деген мақалдың бүгінгі той мәдениетіне де тікелей қатысы бар. Қанағат ету – қуаныштан бас тарту емес, бардың қадірін білу. Қарапайымдық – мүмкіндіктің жоқтығы емес, қажет пен қажетсізді ажырата алатын парасат. Тойдың мазмұнын байыту үшін қымбат дүниелерді көбейтудің қажеті жоқ. Мәселен, жастарға отбасы құндылықтары жөнінде тағылымды тілек айту, үлкендердің батасын алу, ата-ананың еңбегін дәріптеу, ұлттық өнерді насихаттау, салт-дәстүрдің мәнін түсіндіру сияқты істер тойдың рухани салмағын арттырады. Осындай сәттер қонақтардың есінде ұзақ сақталады. Сонымен бірге тойдан қалған тағамды ысырап етпей, мұқтаж жандарға жеткізу, жалғызбасты қарттарға көңіл бөлу, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету де қуаныштың игілігін арттыра түседі. Мұндай әрекеттер тойды тек бір отбасының мерекесі емес, қоғамға жылу сыйлайтын ізгі шараға айналдырады.

Той мәдениетін жетілдіру үшін ең алдымен көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Тойды бәсекенің емес, берекенің; мақтанның емес, мейірімнің; даңғазаның емес, тағылымның алаңына айналдырғанымыз абзал.Шынайы қуаныш қымбат залда ғана болмайды. Ол – ата-ананың ақ тілегінде, ақсақалдың батасында, ананың көзіндегі қуаныш жасында, ағайынның амандығында, жас жұбайлардың жарқын болашағына деген сенімде. Мұның ешқайсысын ақшаға өлшеу мүмкін емес. Ендеше, ұлттық дәстүр мен ысырапшылдықтың ара-жігін ажырату – бүгінгі қоғам үшін маңызды мәдени әрі тәрбиелік міндет. Дәстүрді сақтау үшін даңғазаны көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, салттың мәнін терең түсініп, әр істі орнымен атқару қажет.

Той – бір күндік салтанат қана емес, ұрпаққа үлгі болатын өнеге. Сондықтан әр қуаныш отбасының берекесін арттырып, адамдардың арасын жақындатып, жас ұрпақтың санасына жауапкершілік пен қанағат ұғымын сіңіргені жөн. Қарызсыз, ысырапсыз, бірақ ақ тілек пен ақ батасы мол той – ұлттық дәстүрдің қадірін арттыратын мәдениеттің көрінісі. Өйткені тойдың шын байлығы – дастарқандағы тағамның молдығында емес, жүректегі мейірімнің молдығында. Ал қуаныштың ең үлкен сәні – елдің алғысы, отбасының тыныштығы мен шаңырақтың берекесі.

Қадірлі ағайын! Тойды даңғаза мен мақтанның емес, ізгілік пен тәрбиенің мерекесіне айналдырайық. Әр отбасы қуанышын шамасына қарай атап өтіп, қарызға батудан және орынсыз шығыннан аулақ болсын. «Елден қалмайық!» деген ұстанымның орнына «Елге үлгі болайық!» деген түсінікті қалыптастырайық.

Абдрахманов Мейрамбек,

Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы