ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысының Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінде Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлының қатысуымен рухани-танымдық кездесу өтті. Алдымен облыстық мешіттің наиб имамы құптан намазының алдында жамағатқа «Мұсылманның нағыз сипаттары» тақырыбында уағыз-насихат айтты. Уағыз барысында мұсылманға тән көркем мінез, адамгершілік, адалдық және имандылық қасиеттерінің маңызы түсіндірілді. Құптан намазынан кейін бейсенбілік дастарқан басында ҚМДБ-ның «Дәстүр және отбасы» бағыты аясында «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» және «Құдайы ас – жарыс емес, сауап» тақырыптарында насихат айтылды. Мейрамбек Ақылбекұлы халқымыздың салт-дәстүріндегі той мен құдайы астың орнына, олардың тәрбиелік және рухани мәніне тоқталды. Сондай-ақ той мен ас берудегі ысырапшылдықтың алдын алу, орынсыз бәсекелестіктен, даңғазалық пен шамадан тыс шығынданудан сақтанудың маңызын түсіндірді. Кездесу барысында тойдың басты мақсаты – қуанышқа ортақтасу, туыстық байланысты нығайту болса, құдайы астың мәні – марқұмдарға дұға бағыштап, сауапты амал жасау екені атап өтілді.


