preloader

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы өкілдігінде дін қызметкерлеріне «Ислам және адал қоғам» кітабы таныстырылды. Еңбек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ-ның төл баспасынан “Muftiyat baspasy” жарық көрді.

Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2026 жылға арналған бағдарлық баяндамасында айтылған адалдық, әділдік және жауапкершілік туралы ойлар ортаға салынды. Баяндамада адал қоғам әрбір азамат өз міндетін адал атқаратын, адам құқығы қорғалатын орта ретінде сипатталған. Адалдық адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан, өзгелермен қарым-қатынаста туралық танытуынан және ар-ождан тазалығын сақтауынан көрінеді.

Жиынға қатысқан дін қызметкерлері кітаптың мазмұны жөнінде пікір алмасып, ондағы тағылымды ойларды мешіт жамағатына және көпшілікке кеңінен таныстырудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ еңбекті уағыз-насихат барысында пайдаланып, адалдық пен жауапкершілік ұғымдарын күнделікті өмірмен байланыстыра түсіндіру жөнінде ой бөлісті.