АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ИМАМДАРЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Алматы облысының Ұйғыр ауданында облыс имамдарының кезекті көшпелі жиыны өтті. Жиынға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы төрағалық етіп, аудан имамдары мен бағытқа жауапты дін қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында алдымен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» атты жаңа кітабы таныстырылды. Еңбектің мазмұны мен маңызына тоқталып, ондағы тағылымды ойларды уағыз-насихат жұмыстарында кеңінен қолдану мәселесі сөз болды.
Сонымен қатар республикалық форумда қабылданған «Адал қоғам» тұжырымдамасының негізгі бағыттары талқыланып, оны өңірде жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Мешіттер мен медреселердегі шәкірттердің тәлім-тәрбиесіне, діни білім беру сапасына және рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге ерекше назар аударылды.
Көшпелі жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен өткізілген іс-шаралар пысықталып, негізгі жұмыс бағыттары бойынша алдағы міндеттер талқыланды. Сондай-ақ жылдық есептерді әзірлеу және тапсыру тәртібі, атқарылған жұмыстарды жүйелеу мәселелері қарастырылды.



