«Отанымды сүйемін» деген сөзбен шектелмеу керек
«Өнер – білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып — жұмғанша.
Жылдам хабар алғызды»,
– деп басталатын қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсаринның өлеңі бүгінгі күннің көрінісін айшықтап тұрғандай. Ғылым мен білім қарыштап, ақпараттық технологиялар дамыған заманда, әлеуметтік желі арқылы дүние жүзінде болып жатқан жағдайларды көз көріп, құлақ естіп жүр. Бүгінде әлеуметтік желіні қолданбайтын адам жоқтың қасы. Дегенмен, төрткүл дүниені секундта шарлап өтетін әлеуметтік желіні өз пайдамызға пайдаланып жүрміз бе? Әлде желіккендердің соңында желініп жүрміз бе?
Әлеуметтік желілерде көпшілік қауым отырады. Солардың ішінде ұлт мүддесін ойлағандар да, патриотпын деп сәукеле тағып, кеудесін ашқан бойжеткендер де бар. Осыларды көре отырып ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет деп ойлайсың, іштей. Өйткені бүгінгі ұрпақ тәрбиені ата-анасынан емес, осы ғаламтордан көбірек алады. Жасыратыны жоқ, бұрынғыдай тәк-тәкпен емес, тик-токпен тәрбиеленіп жатқан жастар көп.
Әлеуметтік желіде «Хайп» қуғандар қазақылықтан қашықтайды. Салт-дәстүрді былай қойып, кіршіксіз таза Ислам дінін келеке етеді. Ал оны көргендер ойын ортаға салады. Пікір қалдырғандардың барлығы ұлтшыл, салт-дәстүрді құрметтейді. Ұлттық киімді нақыштайды. Отанын сүйеді. Бірақ осы Отанды сүю тек сөзбен ғана шектелмеуі керек.
«Мен осылай істесем не өзгереді» деген ой барлығымыздың санамызда қалыптасқан. Осылайша, көкіректе сайрап тұрған көңілді жүгендеп байлаймыз. Қоғам адамнан құралатынын ойдан шығарамыз. Әркім өзін өзгертсе, қоршаған ортасында да өзгертетінін ұмыт қалдырамыз.
Ертеде бір патша ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем деген жарлық шығарыпты. Ханның қаһарынан қорыққан халық «айтқан сөзіміз ұнамай қалса, басымыз кетер» деген оймен, оның құзырына келмейді. Күндер өтіп, артынан ай өтеді. Амалы таусылған патша нөкерлерімен сарайының сыртына шығады. Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын көшеттеп жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады. Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» – дейді.
Сонда көргенінен тоқығаны көп қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?!» – дейді. Қарияның маржандай сөзіне тәнті болған патша: «Неткен әдемі сөз!» – дейді де, 400 динар береді. Ақшаны қолына алған қарт күлімсірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» – деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» – дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар бергізеді.
Қария тағы да күлімсірей түседі. Себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» – дейді. Бұл жауапқа тәнті болған патша тағы да 400 динар береді. Сосын нөкерлерімен қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» – деген уәзіріне: «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар» – деген екен.
Қарап отырсақ кішігірім ғана ғибратты оқиға, бірақ түйеріміз көп. Бүгінгі күні тәуелсіз елдің бейбіт аспанының астында өмір сүріп жатқанымыз үшін ата-бабаларымызға қарыздармыз. Олар білегінің күшімен, ақ найзаның ұшымен қасық қаны қалғанша жаумен арпалысып, елді қорғады. Болашақ ұрпағымыз өз жерінде бейбіт күн кешсе деп армандады. Дұға жасады. Сүбелі сөз, ескі шежіре, есті әңгіме, көріп-түйгенінен нақыл сөздер қалдырды. Ұрпағымыз адаспасын деп балаларын жамандықтан тиды. Ұяттың не екенін үйретті. Ұлдарын намысты, қыздарын инабатты етіп тәрбиеледі. Жүректеріне иман ұялатты. Ең бастысы Құдайын танытты. Енді біз, солардың аманаттап қалдырған Отанымызды қастерлеп, қадіріне жете білуіміз керек.
Асыл дінімізде де отансүйгіштікке, туған елдің қадірін білуге айрықша мән берілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Отанды сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында хадистер қалдырған. Солардың бірінде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Расулалла! Ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – депті.
Міндетті түрде қару асынып, жауға қарсы тұру ғана емес, саналы ұрпақ тәрбиелеу де Отанды қорғауға жатады. Яғни, өскелең буынды білім нұрымен сусындату. Ұлт мүддесін жоғары қоятын, елге қызмет жасайтын азаматтар өсіру. Әлеуметтік желі мен күнделікті ауысып тұратын статусында ғана емес, өмірде де үлкенді құрметтеп, қиналғанға қол соза білетін қайырымды жандарды жетілдіру.
Қорыта айтқанда, «Отанды сүйемін», «Салт-дәстүрімді» құрметтеймін деп әлеуметтік желілерде ғана жар салмай, мұны іспен көрсететін кез келді.
Сакен Еншібайұлы,
Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы