preloader

Мақалалар

Ата-анаға құрмет – баршаға міндет!

Ата-анаға құрмет – баршаға міндет!

Он сегіз мың ғаламды жаратып, бізді жоқтан бар еткен, ақ пен қараны ажыратар ақыл беріп, сансыз нығметке бөлеген – Алла тағалаға мың да бір мадақ айтып, шексіз шүкіршілігімізді білдіреміз! Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де Қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Соңғы кездері біздің қоғамда бұрын біз үшін жат болған кейбір көріністер орын ала бастады: ата-анаға немқұрайлы қарау, оларды құрметтемеу және т.б. Кейбір адамдар әке-шешесін қарттар үйіне тапсырып, оларды назардан тыс қалдыруда. Ата-анасын тастап кету деген халқымыз үшін жат нәрсе. Біз бұндай әрекеттердің алдын алуымыз қажет.

Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде былай деп бұйырады:

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түу!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейілінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!» – деп дұға ет» («әл-Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

Абдулла ибн Масғұд (Алла одан разы болсын) былай деп айтады: Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Алла алдында қандай амалдар абзал?», деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уақытында оқылған намаз» деді. Сосын қайсысы дегенімде, Ол (с.ғ.с.): «Ата-анаға жақсылық» деді. Ал содан кейін қайсысы деген сұрағыма, Ол (с.ғ.с.): «Алла жолында жасалған жиһад» деп (Бұхари, Мүслім хадистер жинағы) жауап берді. 

Барлық пайғамбарлар, олардың сахабалары және салиқалы ғұламалар ата-анасына үлкен құрметпен қараған. Ибн Аббас (Алла одан разы болсын): «Мен анаға құрмет көрсету секілді, адам баласын Аллаға жақындататын амал білмеймін» десе, Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) былай деген: «Ата-анаңмен жақсы қарым-қатынаста болу – олардың саған бұйырған барлық нәрсені орындауың, ал бағынбау – оларды тастап, өз қамқорлығыңнан айыру».

Ақиқатында, ата-анаға құрметпен қарау – адамның иманының кемелдігінің белгісі. Адам ата-анасына құрмет көрсетпесе, иманның кемелдігіне жете алмайды.

Құран және ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті бізді ата-анамызға құрметпен қарауға, оларға тек жақсы, жұмсақ сөздер айтуға үйретеді.

Исі мұсылман халқымыз отбасында имандылық тәрбиемен көсегесі көгеріп атаның еңбегін, ананың ақ сүтін ақтауды өзіне борыш санаған. Олардың көңіліне кірбің түсіріп, тілін алмауды, дауыс көтеруді кешірілмес күнә деп білген.

Міне осылайша атам қазақ ата-ананың отбасындағы орнын сыйлап, қастерлеп, мерейін асырған. Көңіліне қуаныш ұялатып, ақ батасын алуға талпынған.

Бізде ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың қаһары – ата-ананың ашуында» деген ескертуіне барынша құлақ асып, ата-анамызға мейірімді болайық дегім келеді.

Қуат Дүйсенбайұлы,

Қарасай ауданы Кемертоған мешітінің имамы