preloader

Мақалалар

Салт-дәстүріміз – ата-бабамыздың сара жолы

Салт-дәстүріміз – ата-бабамыздың сара жолы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Әр халық ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін ұстанып, келесі ұрпаққа беруге тырысады. Бұл туралы тарихшы В.Г. Белинский былай дейді: «Әдеп-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып, рудан-руға, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет әлпетсіз бейне, болымсыз тас мүсін тәрізді…».

Ислам дінінің келуімен қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары қайта бағаланғаны ақиқат.

Кейбір салт-дәстүрлер асыл дініміздің құндылықтарына қайшы болып, уақыт өте келе ұмыт болды. Тағы бір салт-дәстүрлеріміз өзгеріске ұшыраса, үшіншілері еш өзгеріссіз бүгінгі күнге дейін сақталды. Осылайша ата дініміз бен салт-дәстүріміз арасында сабақтастық орнады.

Қасиетті Құранда салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жайында келесі аяттар бар:

«Оларды (бала емізетін аналарды) ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың әкесінің міндеті» («әл-Бақара» сүресі, 233 аят);

«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» («Ағраф сүресі», 199 аят).

Осыны ескере отырып, дін ғалымдары ұзақ уақыт бойы заман талабына сай дамып, халқымыздың өмірлік тәжірибелерімен толықтырылған белгілі-бір ережелердің жиынтығы болып табылатын салт-дәстүрлердің де қажет болған жағдайда шариғи дәлел бола алатынын айтқан.

Дегенмен, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, халқымыздың мәдени және рухани құндылықтарын мойындамай, ел арасына іріткі салып жүрген күштер бар. Олардың мақсаты бізді дәстүрлі өмір салтымыздан жаңылдырып, ата-бабамыз салған сара жолдан адастыру.

Бұл үрдіске қарсы тұра білудің бірден-бір жолы жастардың бойына салт-дәстүрімізді сіңіріп, дәріптеу, оларды адамгершілікке, сүйіспеншілікке және еліне, жеріне, дініне жанашыр азамат етіп тәрбиелеу болып табылады.

Халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары «көненің көзі» ғана емес, аңсап, сусап үйренетін, тәлімдік, тәрбиелік өнегеге айналуы керек. Бабалар мұрасы, атаның батасы, әженің өсиеті, мірдің оғындай шешендік сөздер, халқымыздың бойындағы сезімталдық, дархандық, қайырымдылық сияқты қадір-қасиеттер – бүгінгі және кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес байлық.

Қазақ – үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар, аманатқа қиянаты, ешкімге жәбірі жоқ, жесірін өгейсітпеген, жетімін шеттетпеген, туған-туыс, көршінің хақысын беретін, адал мен арамның аражігін білетін халық.

 Халқымыздың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов өзінің бір сөзінде: «Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Бұрынғының парқын білгендер, бүгінгінің нарқын ұғады» деген болатын.

Демек, кімде-кім салт-дәстүрсіз өмір сүре алам десе – бұл әдепсіздіктен туған бос қиял, білімінің таяздығы ғана. Себебі халқымыздың салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы оның ғасырлар бойы дамуы барысында пайда болып, өмір сүруінің бір шартына айналғаны сөзсіз.

Ғасырды ғасыр алмастырып, қаншама өзен өз арнасын өзгертсе де, ата-бабамыздың мұрасын қастерлейік ағайын.

Алла Тағала асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын берік етіп, болашақ ұрпақтар үшін сақталуын нәсіп етсін. Әмин!

Ринат Маратұлы,

Алматы облысы бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты маманы