preloader

Мақалалар

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ КЕМЕҢГЕРЛЕР ТҰЛҒАСЫ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ КЕМЕҢГЕРЛЕР ТҰЛҒАСЫ

Адам ұрпақтары қысқа ғана ғұмырын өкінішсіз өткізіп, мәңгі дүниесін колға келтіру үшін жан сарайының тазалығы алғашкы орында тұратыны акиқат. Қазақ даласында ішкі дүниенің тазалығы яғни жүректің ағаруы жолында Алланың барлығын, бірлігін және бүкіл сипаттарын үйрету арқылы тұтас қоғамның тыныштығын колға келтірген рухани ұстаздар жеткілікті болған.

Олар Ахундар, Қалпелер, Дамоллалар және Ишандар еді. Өз заманында мешіт салып, медреселер ашып, бала оқытып, оқу-ағарту жұмыстарын жүргізген көкірек көзі ашық кемел тұлғалар болған. Осындай тұлғалар сол кезеңде заманның кем-кетігі болса шариғи тұрғыда түзеуге үлес қосып, адамның рухани дәрежесін өсіріп, саналы ғұмыр кешу жолында аянбай қызмет етті. Соның нәтижесінде дәстүрлі діни мектептер қалыптасты. Сол мектептерден дінді толық меңгерген діни қайреткерлер шықты. Әулиелердің  көші жалғасты. Халық аузында әр кезеңде өмір сүрген есімдері әлі күнге жұрттың жадында сақтаулы Алланың достары өте көп. Атырау мен Алтайдың арасында иен жатқан кең даламызда халық зиярат жасайтын орындардың кептігі осының айғағы.

Атап өтсек: Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Әлмерек, Бекет ата, Райымбек, Қара бура, Жұмағазы хазрет, Әбубәкір Кердері,  Бабатүкті Шашты әзиз,  Оқшы ата, Қоңыр әулие, Жылаған ата, Қалжан ахун, Бәймен ахун, Тапал ахун, Марал ишан, Ақмұрза ишан, Маймақ ишан, Балмағанбет ишан т.б.

Алла Тағаланың кітабынан бастау алатын, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кәусарынан (түпсіз терең ілімінен) сусындаған бабаларымыздың еңбектері бүгінгі және болашақ ұрпаққа рухани азық. Бабаларымыздың бізге тастап кеткен мол мұрасы жан тазалығы, ар тазалығы үшін жасаған еңбектеріне оралмай адамгершіліктің негізіне жете алмаймыз. Халқымызда мынандай қанатты сөз бар: «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» немесе «Малым жаным үшін, жаным арым үшін» деген. Қашанда ардың туын жоғары ұстаған халыктың ұрпағымыз. Осы қалыптан таймауымыз керек. Ол үшін жан сарайымызды жүрегімізді тазарту қажет. Алла Тағала құранда: «Кім Маған таза жүрекпен келсе ғана пайда бар» деп ашықтайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Сендердің әдеміліктеріңе, денелеріңе, малдарыңа Алла назар салып қарамайды. Бірақ-та, жүректерің мен көркем амалдарыңа Алла назар  салады» деп баяндаса,  Шәкәрім қажы: «Тәңір жолы ақ жүрек» екенін түсіндірді. Ақжүрек адам мейрімді, жомарт, тәлімі мен тәрбиесі мол коғамға пайдалы адам. Пайғамбарымыз Мұхаммет Мұстафа (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Адамның жақсысы өзіне және өзгеге қиянат жасамайды. Адамның жаманы өзіне де өзгеге де қиянат қылады деген» десе қазақ бабамыз  «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат деген». Бабалар жүрген адал көшпен жүрген ұрпақ озады. Тағы бір айта кететін бабалар өсиеті: «Атадан ұл-қыз туса игі, Ата жолын қуса игі. Ата жолын қумаса, барынан оның жоғы игі» демеп па еді? Сан ғасырлардан бері дініне берік жұрттың жалғасымыз. Алланың құлымыз, Пайғамбарымыз Мухаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіміз. Дініміз — ислам, кітабымыз-құран, Имам Ағзам мазхабында амал қыламыз. Осының бәрін үйреткен, артына мол мұра тастап кеткен кешегі ахундар, дамоллалар, қалпелер мен ишандар. Бір тынысы шығып, бір тынысы кіргенде жаратқан Алласын есінен шығармаган әулиелер. Мәнгілік өлмейтін адамдар.

Алматы облысы,

Талғар ауданы,

Панфилов ауылы,

«Зәм-зәм» мешітінің имамы

                                                                                      Кадиров Мейірбек Асанұлы