preloader

Мақалалар

Қазақ халқынан шыққан алғашқы геолог – Оразмағамбет ахун

Қазақ халқынан шыққан алғашқы геолог – Оразмағамбет ахун

ХХ ғасырдың 1920-30 жылдары кеңес билігі нық орнығып, атеистік қоғам құруға бағыт алды. Кеңес үкіметі аумағындағы ислам дінінің экономикалық және құқықтық негіздерін бұзудың алғашқы шаралары өзге діндерге қарсы шаралардан әлдеқайда кеш қабылданды. 1924 жылы исламдық (шариғат) және ру-тайпалық (адат) соттары жойылды, 1917 жылы 15 мыңға жуық діни мектептердің (төменгі – мектеп және жоғарғы – медресе) ал 1928 жылға қарай барлығы дерлік жабылды; ақырында, 1930 жылға қарай соңғы уақыптар (ағартушылық және т.б. мақсатта мешіттерге аманат етілген ақша мен мүлік) тәркіленді.

1928 жылы Ислам дініне жаппай шабуыл басталып, 1941 жылға қарай КСРО аумағында мың ғана мешіт қалады (1912 жылы 45.000 дін қызметкері жұмыс жасаған 26.000 мешіт болған). Бұл шаралар дінге қарсы қарқынды үгіт-насихатпен қатар жүрді.

1932 жылы дінді ұстанушыларға түрлі жалалар жабылып, 1936 жылдан кейін дін қызметкерлері Жапония, Германия және Англия сияқты мемлекеттердің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталды.

Ишандар, ахундар, молдалар қудаланып, дауыс беру құқынан айырылды, кеңестерге саяси көзқарасымен қарсылық пікір білдіргендер «халық жауы» деген қара тізімге ілінді, ату жазасына кесілді, ұзақ жылдарға еңбек лагерлеріне айдалды. Солардың бірі – қазақ халқынан шыққан алғашқы геолог, өз заманында  Бомбей университетін тәмамдап, қала берді, Бұқара, Хиуа, Стамбұл, Үргеніште білім алып, ислам негіздері мен қағидаларын жетік меңгерген дінтанушы, Алашорда партиясының белді мүшесі – Оразмағамбет ахун Тұрмағамбетұлы болатын.

Оразмағамбет ахун Тұрмағамбетұлы – өзінің талайлы тағдырында қаламгерлігімен де, діни қайраткерлігімен де ұлт болашағы, ұрпақ ертеңі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген мәлім де беймәлім тұлғалардың бірі. Өз заманында жасындай жарқырап, халық-ағарту, ғылым саласында, қоғамдық-саяси өмірде жауапты қызметтерді атқарған Оразмағамбет 1882 жылы қазіргі Маңғыстау облысының Қызылсу деген жерінде дүниеге келген. Оразмағамбет ахунның да әділеттен таймайтын табанды азамат болып қалыптасуына тағдырлы ғұмырының да, текті әулеттен тарағандығының да айтарлықтай ықпал еткені даусыз.

 

Бомбей университетінде инженер-геолог мамандығы бойынша білім алған Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы  1903 жылдарға таяу туған жеріне табан тіреп, 1930 жылға дейін ағартушы-ахундық, геолог-ғалымдық, шипагерлік, халық дәрігерлігі, тағы басқа да саладағы қызметтерін абыроймен атқарды. Белгілі діни қайраткер ғалым-геолог ретінде де ғылыми ортаға ерте танылған ол кезінде Хиуа, Бұхара қалаларындағы оқу орындарын да үздік бітіріп, ағартушылықпен айналысып, мешіт салдырып, елді имандылыққа ұйытуға барын салады. Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген ғалымға 1930 жылдардағы саяси науқан кезінде НКВД тарапынан «Англияның шпионы» деген жала тағылады. Осылайша ол Кеңес өкіметінің назарынан тыс қалмай, көп өтпей-ақ Түркіменстанға жер аударылады. Одан Иранға ауады. Дегенмен НКВД бәрібір тыныш қоймай, Ираннан қайтарып, 1937 жылы 1 қырқүйекте Ашхабад абақтысына жабады да, 1939 жылы оны ату жазасына кеседі. Міне, осы жолдардан-ақ оның тағдырдың теперішін аз көрмегенін байқауға болады.

Ал дін қайраткері саналатын Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы турасындағы мұрағат материалдарын зерделей келе мынадай ой түюге болады. 1929 – 1938 жылдарда дін өкілдерін қудалау кең өріс алған. Жалпы Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы КСРО Жоғары соты Әскери коллегиясының шешімімен 1963 жылы 27 қыркүйекте толық ақталғанымен, мұрағат құжаттарында оның сүйегі қайда жатқаны анық айтылмаған. Көптеген діни қайраткерлеріміздің есімдері халқымыздың жадында қайта жаңғырып жатқан кезде, Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы секілді тұлғалардың рухани мұрасына оң баға беріліп, олардың өмірі мен қызметі өскелең ұрпаққа мейлінше насихатталуы тиіс деген ойдамыз.

 

 

Әзім Сатыбалдыұлы,

Алматы облысы Кеген ауданының бас имамы