Құмар ойынға құмар болма!
Бұрынырақта бабаларымыз: «Асық ойнаған — азар, доп ойнаған — тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген — озар» деп, жастарға қымбатты уақыттарын ойын-сауыққа емес, таза еңбекпен адал ырзық табуға жұмсауды өсиет еткен еді.
Ал бүгінгі қоғамда, асыл дініміз бен салиқалы салт-дәстүрімізге мүлдем жат құмар ойындары сауда-саттық сынды табыс табудың жолына айналып барады.
Шын мәнінде, құмар ойындарының жалпақ жұртқа пайдасы тиіп жатыр ма, әлде кесірі тиіп жатыр ма? Атын атап, түсін түстемесек те, құмар ойындарының зардабын кімдердің тартып жүргеніне шолу жасап көрелік:
Ойын автоматтарына тәуелді болып, білімнен шет қалған оқушылар мен студенттер, дөңгелентіп отырған саудасы мен кәсібінен айырылып, санын соғып қалған саудагерлер мен кәсіпкерлер, әжептәуір қызметінен қағылған немесе лауазымынан айырылған азаматтар, бала-шағасының алдындағы жауапкершілігін орындай алмай, отбасын ойран қылған ата-аналар, тіпті астындағы көлігі мен баспанасын ұттырып, қарызға белшесінен батқан бейбақтар қаншама?! Әбден тақырға отырып, барар жері, басар тауы қалмағанда, өзіне қол салып, қор болғандар да жоқ емес.
Қысқасы, мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндерімізден бастап, ел-жұртқа ақыл айтып, үлгі боларлық ақсақалдарымыз бен ақ самайлы аналарымызға дейін құмар ойындарының қармағына ілініп жүргендердің аз емес екенін жоққа шығара алмаймыз. Міне, осының барлығы — құмар ойындарына құныққан бүгінгі қоғамның тартып отырған қасіреті.
Еліміздегі статистика бойынша, әрбір бесінші адам 2000 теңге бәс тігуге дайын екен. Бұл — әрбір отбасынан кем дегенде бір адамның құмар ойындарына араласу ықтималдығы жоғары деген сөз. Тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлем халықтары да құмар ойындарының кесірінен зардап шеккендіктен, бұл апаттан сақтану керектігін айтып, дабыл қағуда.
2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) құмар ойындарын «ауру» ретінде тіркеп, тәуелділік жағынан нашақорлықпен бірдей деп шешім қабылдаған. Медицинада бұл – лудомания деп аталады. Бұл дерек құмар ойындарының адамзатқа төндірер қауіп-қатерін айқын көрсетіп тұр емес пе?
Ал енді, құмар ойындарының осыншама қауіпті болуына қарамастан, қоғамда кеңінен етек жаюының себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын асыл дінімізден іздеп көрелік.
Шариғатта құмар ойындары «майсир» деп аталып, жеңіл жолмен ақша табу деген мағынаны білдіреді. Қасиетті Құранда былай делінген:
«Олар сенен арақ пен құмар ойындары туралы сұрайды. Оларға: “Екеуінде де үлкен күнә һәм адамдар үшін бірқатар пайдалар бар. Алайда олардың пайдасынан гөрі күнәсі мен зияны әлдеқайда көп”, – деп айт»
(Бақара сүресі, 219-аят).
Адамдардың арақ пен құмар ойындарына үйір болып, шырмалып қалуы — осы аятта айтылған аздаған пайдадан туындаса керек. Негізінде, ақыл иесі бұл аяттағы “үлкен күнә, пайдасынан зияны әлдеқайда көп” деген ескертуді назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Аздаған дүниелік пайдаға алданып, ақыреттік мәңгілік бақыттан айырылып қалу қаупі бар екенін ұмытпаған жөн.
Ал енді арақ пен құмар ойындарының үкімін түбегейлі харам еткен мына бір аятқа тоқталайық:
«Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап (сынды адамды мас қылатын нәрселер), құмар және өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған бұттар, жебелермен (карта, құмалақ сынды нәрселермен) бал ашу — шайтанға тән лас істер. Ендеше, (екі дүниеде) бақытқа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар!»
(Мәида сүресі, 90-аят).
Сондай-ақ келесі аятта:
«Шүбәсіз, шайтан арақ-шарап һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен араздық отын жағуды, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Сонда да тиылмайсыңдар ма?»
(Мәида сүресі, 91-аят)
делініп, құмар ойындарының қандай үлкен зиян әкелетінін ашық баяндайды.
Аяттарда төрт түрлі харам болған істі атап, келесі аятта арақ пен құмарды қайта атап тұрып, олардың адам баласын құлшылықтан тосатын, адамдар арасында араздық тудыратын шайтанның таптырмас құралы екені нақты айтылған.
Шынымен де, құмардан ұтылған адам — ұтқан адамға өшігіп, кек алуға ұмтылады. Ал ұтқан адам — тағы ұта түсуге құныға түседі.
Казино мен ойын орталықтарында уақыттың өтіп жатқанын байқатпау үшін сағат ілінбейді. Тіпті күн сәулесі түспейтін терезелер де болмайды. Уақыт тоқтап қалғандай күй кешіп, адам құмардың құйынына бата береді. Осылайша, шайтанның шырмауына ілініп, өмір құлшылықсыз өтіп жатады.
Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың қарыштап дамуына, сауда-саттық пен спорт түрлерінің көбеюіне байланысты құмар ойындарының да сан түрлі тәсілдері пайда болды. Мысалы: ойын автоматтары, компьютерлік клубтар, букмекерлік кеңселер, тотализаторлар, онлайн-офлайн казинолар, викториналар, лотереялар сынды ойын орталықтары арқылы ұтыс ойындары жүзеге асады.
Тіпті кейбір ұтыс ойындары білім мен қабілетті сынайтын емтихан сияқты көрінгенімен, егер шариғат үкіміне сай келмесе — ол құмар болып есептеледі.
Абдулла ибн Мәсғудтан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Судың ішіндегі балықты сатып алмаңдар. Шынында ол — ғарар (ықтималдық)», — деген.
Судың ішіндегі балық қармаққа ілінер-ілінбесі белгісіз. Ілінген күннің өзінде қандай балық болатыны анық емес. Сондықтан судағы балықты сатып алуға тыйым салынған.
Ғарар дегеніміз — нәтижесі бұлыңғыр, болары не болмасы белгісіз ықтималдық.
Олай болса, ұтыс ойындарының қай түрі болса да, судағы балықты сатып алғанмен бірдей. Сауда-саттық сияқты нақты емес, әрі екі тарапқа да бірдей тиімді болмағандықтан, құмарға жатады. Ал құмар — харам.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Кімде-кім досына: “Кел, құмар ойнайық” десе, (осы сөзі үшін) садақа берсін», – деп, құмар ойнаудың ауыр күнә екенін ескерткен.
Қорытынды:
Құмар ойындарының харам екенін біліп немесе білмей ойнаған, ойнап жүрген кісілер — Алладан кешірім сұрап, шынайы тәубе етіп, бұл істерден тыйылса, күнәсінен арылып, Алланың мейіріміне бөленетіндігіне күмән жоқ.
Ал жас өспірімдерді құмардан сақтандырудың қарапайым жолы — телефон, компьютер сынды құрылғылар арқылы ойын автоматтарына әуестенбеуге тәрбиелеу һәм дүниелік пайдадан бұрын, адал мен арамды ажыратуды санасына сіңіру болмақ.
Қарасай ауданы Үштерек ауылдық мешітінің имамы:
Қызырғазы Мәлікұлы


