Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман қауым!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздерді тағы бір мәрте берекелі Рамазан айына аман-есен жеткізген Ұлы Жаратушы Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Рамазан – мейірім мен кешірім айы. Бұл – жүректерге нұр құйылып, пендеге тәубе етуге, рухани жаңаруға мол мүмкіндік берілген ерекше кезең.
Рамазан ол Алланың рақымы төгіліп, жұмақтың есіктері айқара ашылатын, сауаптар еселенетін қасиетті ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің құлдарына берген ұлы нығметі әрі мүмкіндігі. Осы айда жасалған әрбір игі амал, айтылған әрбір дұға, берілген әрбір садақа еселенген сауапқа жазылады.
Қасиетті Құранда:
«Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп айтылған.
Сондай-ақ:
«Сендердің араларыңда кім рамазан айына жетсе, ораза ұстасын…» («Бақара» сүресі, 185-аят) – деп бұйырылған.
Бұл аяттар Рамазан айының мәнін айқындап, оразаның негізгі мақсаты – тақуалыққа жету екенін көрсетеді. Ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, нәпсіні тәрбиелеу, жүректі тазартып, жамандықтан бойды аулақ ұстау. Бұл – сабыр мектебі, рухани кемелдену жолы.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.):
«Кімде-кім Рамазан айында иманмен және сауаптан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бухари, Муслим).
Қадірлі жамағат!
Қасиетті айда ауызбіршілікті нығайтып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қайырымдылық пен мейірімділікті арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір шаңыраққа береке, әрбір жүрекке иман нәсіп болсын. Ұстаған оразаларымыз, оқыған тарауих намаздарымыз, жасаған дұға-тілектеріміз қабыл болғай.
Алла Тағала елімізге тыныштық, жұртымызға амандық, отбасыларымызға бақ-береке нәсіп етсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі үстем болсын!
Қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты болсын!
Алматы облысының бас имамы
Мадияр қажы Тағайбайұлы

