preloader

Мақалалар

Садақа беру

Садақа туралы сөз болғанда, біз әдетте «садақаны беру», «садақаға ақша жұмсау» деп түсінеміз. Бірақ іс жүзінде біз бермейміз, керісінше көбейтеміз десек, иланасыз ба? Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Кімде-кім бұл айда сауап үшін ұнамды бір көркем іс істейтін болса, ол ісі өзге айларда орындалатын парыз амалмен тең. Ал кім осы айда (Рамазанда)
бір парызды орындайтын болса, онысы өзге айларда орындалатын жетпіс парыз амалмен тең», – деген.

Ислам ғалымдарының айтуынша бір парыз амалдың дәрежесі жетпіс нәпіл амалға тең. Демек, Рамазан айында берілген бір нәпіл садақаның Алла алдындағы дәрежесі – өзге айларда берілген жетпіс нәпіл садақаның дәрежесімен тең деген сөз. Оны жеті жүзге көбейтіңіз. Қаншама сауап. Мұндай инвестиция тек осы ұлық айда ғана жасалады. Сондықтан Рамазанда мұсылманның қапы қалмауы қажет ісінің бірі – садақа. Өйткені ораза айында берілетін садақаның сауабы өзге айларға қарағанда бірнеше есе көп. Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Садақаның абзалы – Рамазанда айында берілген садақа».

Садақаның ақысыз болуын қалаймын!

Хазіреті Айша (оған Алла разы болсын) анамыз жоқ-жітік, міскіндерге жәрдем берген кезде міскін рақметін айтып дұға жасаса, Айша анамыз да оған дәл сондай дұға қайтаратын болған екен. Одан
жанындағылар:
– Адамдарға жақсылық жасайсың әрі оларға дұға етесің, мұныңыз қалай сонда? – деп сұрағанда:
– Оның мен үшін жасаған дұғасы менің берген садақамның ақысы болуынан қорқамын. Берген садақамның ақысыз тап-таза болуын қалаймын және оның сауабын тек Алладан ғана үміт етемін. Сондықтан, міскіннің маған жасаған дұғасына мен де қайталап дұға етемін, – деп жауап берген екен.

Осы тұрғыдан алғанда кез келген барлық ізгі амал ең алдымен Алла разылығы үшін шынайы ықыласпен жасалуы керек екенін түсінеміз.

Туыстық қарым-қатынасты күшейту

Адам ағайыны мен туысын таңдай алмайды, Алла береді. Олармен барынша жақсы қарым-қатынаста болу, ақысын беріп, мейірімділік таныту аса маңызды. Рамазан – ағайынның арасын жақындататын, үзіліп қалған байланысты жалғауға таптырмайтын мүмкіндік айы.

Туыстың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, ауырғанының көңілін сұрау, тойына қатысу, арнайы іздеп бару, қайғысын бөлісіп, қуанышына ортақтасу, басына іс түскеннің қасынан табылу, сапарға шығып кеткен ағайынның мал-жанына қарайласу – бұлардың бәрі де осы туыстық қатынастың аясына кіреді. Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбату, қиналғанына қол ұшын беру туыстықты нығайтудың жолдары десек қателесе қоймаймыз. Міне, осындай қарымқатынасты күшейтудің бір жолы – Рамазанда үйге ауызашар жасап, оларды шақыру. Ауызашарда және астан кейін туыстардың бір-біріне дұға жасауы – Алланы разы ететін амалдар. Сондай-ақ, дастарқан басында емін-еркін сұхбаттасып, жақындарыңа сый-сияпат жасау да туыстық қарым-қатынасты күшейте түсері сөзсіз.

Туыстық қарым-қатынасты бекем сақтаған ағайындар төмендегідей игіліктерге кенеледі:
♦ Алла разылығына ие болады. Өйткені, Алла туысқа қарайласуды әмір еткен;
♦ Туысын қуантса, жақсы амал болып жазылады. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын) хадисінде «Ең абзал амал – бір мүминді қуанту» деген;
♦ Өмірін ұзарып, ризығы көбейеді. Адамдар арасындағы сүйіспеншілік артады.

Жаман әдеттен арылу

Рамазан – жаман әдеттерден арылуға өте қолайлы ай. Себебі ораза ұстау арқылы нәпсіңді тізгіндеп, Жаратушыға жақындай түсесің. Көпшілікпен ауыз ашып, намазды да жамағатпен өтеу арқылы жақсылыққа, ізгілікке қадам баса бастайсың. Осылайша ортаң өзгеріп, біртіндеп жаман әдеттерден алыстайсың. Мысалы, шылым шегуді қоя алмай жүрсің делік. Оразада темекі тартуды кемінде таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта тастауға мәжбүрсіз. Ауыз ашқаннан соң темекінің санын күнделікті азайта берсеңіз, Рамазанның соңына дейін мүлде қойып кетуге мүмкіндік бар. Тек ниетті дұрыстап, жігерлі болу да аса маңызды. Сондай-ақ бос уақытты кітап оқумен, спортпен айналысып, пайдалы шаруаны атқару да жаман әдеттерден арылуға септігін тигізеді.

Ұмра жасау

«Рамазандағы ұмра үлкен қажылықпен тең» деген риуаят бар. Тағы бір риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менімен бірге қажылық еткенмен тең» деп айтылған. Ойлаңызшы, Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге қажылық ету неткен ғанибет! Пайғамбарымыздың мешітінде және қасиетті әл-Харамның жанында ауыз ашу, намазға қатысу, тарауық пен тәхажжуд намаздарына қатысу – Алланың нығметі. Қасиетті мекендердің аурасын сезіну арқылы, құлшылық жасау да мұсылманның бір бақыты емес пе?

Рамазан айында ұмра жасау – өте сауапты іс, өйткені бұл айдағы кез келген игі амалға еселеп сауап жазылады. Ал Рамазандағы ұмраның сауабы тіпті ерекше.

Бұл – рухани кемелдікке ұмтылудың жолы. Қасиетті айда кіші қажылық жасаудың мынадай артықшылықтарын санамалауға болады:

Еселенген сауап: Рамазан айындағы оразаға да, басқа да құлшылықтарға оннан жеті жүз есеге дейін сауап беріледі, ал ұмра – осы сауаптардың бірі болып саналады.

Рухани тазару: Ұмра – Аллаға жақындаудың, күнәлардан арылудың, тазарудың жолы. Рамазанда жасалған ұмра бұл процессті күшейтеді.

Пайғамбар сүннеті: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанда ұмра жасауға шақырған, бұл – сүннетке ергендік.

Көркем мінез көрсету

Сабырлы болу, кешірімділік таныту, өсек-өтіріктен тыйылу, біреуді ренжітпеу оразаның рухын сақтайды. Ислам – әдептілік пен көркем мінез діні. Алла Тағала «Фурқан» сүресінің 63-аятында: «Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы түрде жүреді…» – деп бұйырады. Мінездің көркемдігі жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» – деген (Имам Термизи). Қасиетті Рамазан айында мінез-құлықтың өзгеруіне мән беріп жүрміз бе? Негізінде оразада ең бірінші жасайтын амалымыз мінезімізді өзгерту еді ғой. Жалпы жер бетіндегі мұсылман қауымының көпшілігі Рамазан айында құлшылық жасауға ерекше ықылас танытады. Мешіттер таң намазында да толып, арамнан тыйылуда, көркем мінез танытуда, игі нәрселердің барлығында ыждағаттылықтың орын алып жатқанын байқайсыз. Рамазан айында ораза ұстап, бірақ жаман нәрселерден тыйылмай жүрген адам, зәулім сарай салып, оны қайта қиратып жатқан біреу секілді. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушыға оның оразасынан аштықтан басқа еш нәрсе тимей қалуы мүмкін» – деген.

Көркем мінез – адам бойындағы ең құнды қасиет. Мінезі жайдары жанның жүзі нұрланып, айналасына шуақ шашып жүретіні айтпаса да белгілі. Оған қараған адамның көңілі жайланып, жылулықты сезінеді. Көркем мінез – Алланың берген үлкен сыйы. Оған ұмтылу, әрі бағалай білу – мұсылмандығымыздың көрсеткіші болмақ.

Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №2, 2026 жыл