preloader

Мақалалар

14 ғасырдан бері өз сыйға берушісіне сауап әкеліп тұрған Мәдинадағы құдық

14 ғасырдан бері өз сыйға берушісіне сауап әкеліп тұрған Мәдинадағы құдық

14 ғасырдан бері өз сыйға берушісіне сауап әкеліп тұрған Мәдинадағы құдық

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де Қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Мәдина қаласында Рум құдығы немесе Осман ибн Аффанның (р.а.) құдығы деп аталатын тарихи құдық бар. Бүгінгі күні көпшілік оны «Осман уақыбының құдығы» деп біледі. Бұл құдық ән-Нәбәуи мешітінен (Пайғамбар мешіті) солтүстік-батысқа қарай шамамен 6 шақырым жерде орналасқан.

Ертеде бұл құдық «Калиб Мазни» (сөзбе-сөз аударғанда «Мазнидің ескі құдығы») деген атпен белгілі болған және Мәдинадағы ең жақсы құдықтардың бірі болып саналған. Қазіргі уақытқа дейін бұлақ суынан нәр алатын құдықтың маңызы зор.

Мұсылмандар Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударған кезде, бұл қаладағы жалғыз тұщы су көзі болған. Сол уақытта бұл құдық су үшін өте көп ақша алатын Мазни есімді еврейге тиесілі болған. Осман (р.а.) бұл құдықты сатып алуға барған кезде, иесі бас тартады. Уақыт өте Осман (р.а.) мен Мазни құдықтың жартысын сатып алу туралы шарт жасасады. Бұл шарт бойынша суды бір күні Осман (р.а.), бір күні еврей пайдаланатын болып келісіледі. Еврей Османның (р.а.) ақылды кәсіпкер ретінде танығандықтан, серіктесі болғанына қуанады. Алайда үміті ақталмайды, себебі оған тиесілі күні ешкім су алмайтын болады.

Осман (р.а.) болса өзіне тиесілі күндері құдықты пайдаланғаны үшін ақша алмайтын болған. Сол себепті оның күнінде адамдар екі күнге арналған су қорын алып үлгірген. Мақсатына жете алмай, шығынға ұшыраған Мазни болса Османға (р.а.) құдықтың екінші жартысын сатуға мәжбүр болады.

Бірнеше жылдан кейін сахабалардың біреуі Осман ибн Аффанға (р.а.) келіп, құдықты сатып алуды ұсынады. Осман (р.а.) болса өзіне бұдан да көп ұсыныс жасалғанын айтып, бас тартады. Сахаба қанша ұсынса да, Осман (р.а.) құдықты сатудан бас тартқан. Одан кім және қанша көп ұсынғанын сұраған кезде, Осман (р.а.): «Алла мұсылмандарға жасалған қайырымдылық үшін он есе үлкен сауап ұсынған» деп жауап береді.

Бұл құдық Осман (р.а.) қайтыс болғанға дейін және одан кейін де мұсылмандардың тегін пайдалануында қалып, Ислам тарихындағы алғашқы уақыптардың біріне айналады.

Омейядтар әулеті кезінде құдық пен оның айналасы мұсылмандардың тегін пайдалануы үшін сақталды. Аумағында өсіп жатқан құрма ағаштарының да саны көбейді. Құрма да Осман ибн Аффанның (р.а.) атынан қайырымдылық бағытында жұмсалды. Бұл үрдіс Аббасидтер әулеті кезінде де, олардан кейін де жалғасын тапты.

Біздің кезімізде Сауд Арабиясының билігі оны заманауи плантацияға айналдыруға шешім қабылдады. Одан түскен табыс екіге бөлінеді: жартысы қайырымдылыққа, негізінен жесірлер мен жетімдерге беріледі, ал қалған жартысы қайта инвестициялауға жұмсалады.

Бүгінде Осман ибн Аффанның (р.а.) атында банк есепшоты бар, оған аталмыш плантациядан түскен барлық ақшаның жартысы аударылады (қайта инвестициялауға кетеді), ал қалған жартысы қайырымдылыққа беріледі.

Мысалы, бұл ақшаның бір бөлігі Мәдинадағы ән-Нәбәуи мешітінің айналасындағы жерді сатып алуға жұмсалды. Оған қонақ үй мен мешітке келушілер үшін тұрғын үй салынды, келісім бойынша бұл жерден түскен табыстың бір жартысы қайырымдылыққа беріліп, екінші жартысы қайта инвестициялау үшін Осман ибн Аффанның (р.а.) есепшотына аударылады.

Қазіргі уақытта Осман бин Аффан (р.а.) бастаған бұл уақыптың төлемдері айына 50 миллион сауд риалынан асады.

Осылайша «Османның құдығы» деп аталатын бұл жер 14 ғасырдан бері өз сыйға берушісіне сауап алып келуде.

Жақсылықта сараң болмағандарға Алла мол сауаптан жазып, жәннатты нәсіп етсін. Әмин!

Нұртай Абдірахманұлы,

«Уақып» қорының Алматы облысы
бойынша жауапты өкілі