preloader

Мақалалар

Әйел адамның Рамазандағы сауабы

Әйел адамның Рамазандағы сауабы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де Қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Алла Тағала Бақара сүресінің 183-аятында оразаны барша адамзатқа парыз етті. Болмысы мен табиғаты әртүрлі адамзатты әйел немесе ер деп бөліп жармай, баршамызға бірдей парыз етті. Десе де Жаратушы Алла әйел мен ерді әртүрлі етіп жаратты. Ер адам оразаны үзбестен тұтастай отыз күн ұстай алатындай болса, әйел адамның табиғи ерекшеліктері отыз күн үзбей ораза ұстауға, Құранды толығымен хатым етуге мүмкіндік бермейді. Осы орайда дін дұшпандары кейбір жалған ақпараттарды басшылыққа алып, әйел адамның құлшылығында кемшілік бар, олар құлшылықты толығымен орындай алмайды, сол себепті де олар әлсіз деген пікірлерді алдыға тартып, әйел кісілерді төмен санайды. Олардың сауаптары да нақыс деп ислам дініне дейінгі көзқарасты ұстанады. Расымен де солай ма? Әйел адам оразасының сауабы расымен де нақыс па?

Алла Тағала жоғарыдағы аятта «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы асау нәпсіні тізгіндеп, күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» дейді.

Яғни ораза ұстаудың негізгі мақсаты тақуалыққа жету. Ал тақуалыққа жету дегеніміз, Алладан қорқу, Оның әмірлерін орындап, тыйымдарынан тыйылу.

Алла Тағала әйел кісілерге хайыз кезде Құран ұстама, намаз оқыма, ораза ұстама, қағбаны тауаф етпе деп әмір етті. Бұл – әйел кісілерді жазалау немесе сауаптарын азайту мақсатындағы әмір емес. Алла Тағала олай әділетсіздік етпейді. Алла Тағала ондай кемшіліктен ада. Бәлкім бұл әмір әйел кісілерге берілген жеңілдік, Алланың нәзік жандыларға деген мейірімі болса керек. Алла Тағала әйел кісілерді эмоционалды етіп жаратқан. Яғни әйел кісі хайыз кезде гормондық өзгерістерді басынан кешіреді, осы кезде бойында болып жатқан өзгерістер себепті Алла Тағала әйел кісілерді парыз болған амалдардан босатты.

Ал сауабы ше? Рамазан айы Құран айы болғандықтан, оны толығымен хатым ету өте сауапты іс, сонымен қатар бір ай бойы ауыз бекіту парыз. Ал әйел кісілер өздерінің табиғи ерекшеліктері себепті осы амалдардың сауабынан құр қалмай ма екен? Жоқ. Құр қалмайды. Себебі Алла Тағаланың тыйымдарынан тыйылу да парыз болып табылады. Яғни әмірге бойұсыну әрбір мұсылманға міндет. Әйел кісі осы әмірге бойұсыну арқылы үлкен сауапқа кенелуде.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде бес парызын орындап, күйеуіне бойұсынған кез-келген әйелге жәннәт уәжіп, жәннәттің кез-келген есігінен кіре алады дейді.

Жабир ибн Абдулла (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір күні Әсма бинт Язид (р.а.) пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз маған ата-анамнан да артық қымбатсыз. Мен Сізге барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында Сіз – еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Пайғамбарысыз. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды ер кісілер жасайтындығы үшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады. Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба?» – деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?» – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік», – дейді. Сонда пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әсмаға (р.а.) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!», – дейді. Мұны естіген Әсманың жүзіне ерекше қуаныш, жымиған күлкі пайда болады. Қатты қуанғаннан көңілі көтеріліп, кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла» (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар» (Алла Ұлы)» деумен болады.

Демек, әйел кісінің сауабы да тікелей өзіне байланысты. Әйел кісі хайыз күндерін сауапқа кенелткісі келсе отбасына қызмет етіп, ауызы берік кісілерге ауыз аштырып, ауыз бекіткен кісінікіндей сауапқа кенеле алады. Сонымен қатар зікірін көбейтсе болады.

Жалпы Рамазан деген сөздің мағынасына келетін болсақ, ғалымдар мынадай екі түрлі көзқарасты ұсынады. Біріншісі – ораза хижреттің екінші жылында күн қатты ыстық кезде парыз болғандықтан, бұл сөз аптап ыстықтық дегенді білдіреді екен. Бұл көпшілік ғалымдардың көзқарасы. 

Екінші бір ғалымдар Рамада деген арабша сөз күйдіру деген мағынаны береді дейді. Бұны естігенде «нені күйдіру?» деген сұрақ туындайды. Рамазан айында күнәміздің үстіне күнә жамамай, сол күнәларымызды қайта бой көтермейтіндей етіп күйдірейік деген ой туындайды екен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге шығып бара жатқанда, Жәбірейіл періштенің: «Рамазанға кіріп тұрып, күнәларынан құтылмағандарға өкініш болсын дегенде», Алла елшісінің «Әмин» – дегенін көпшілігіміз білеміз.

Алла Тағала Рамазан айында жасаған әрбір құлшылық-ғибадатымызды қабыл етіп, мол сауапқа кенелткей. Әмин!

Ажар Қайратқызы,

Жамбыл ауданы орталық «Шынасыл» мешітінің ұстазы