preloader

Мақалалар

Әке – отбасының тірегі

Әке – отбасының тірегі

Қазақ дүниетанымында әке – шаңырақтың иесі, отбасының тірегі, ұрпақтың қамқоршысы болып саналады. Ислам діні де әкенің мәртебесін жоғары қояды. Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасау әмір етіліп, олардың ризалығы – Алланың разылығына апарар жол екендігі баяндалады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде: «Әкенің разылығы – Алланың разылығы, әкенің ашуы – Алланың ашуы» делінген.

Қазақ халқы «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп бекер айтпаған. Бұл сөз әкенің отбасындағы орнының биіктігін айқындайды. Жыраулар поэзиясында да әкенің өнегесі басты тақырыптардың бірі болған. Бұқар жырау: «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», – деп, ата-ананың мінез-құлқы мен өмір салты бала тәрбиесінің негізі екенін ұғындырған.

Әкенің міндеті – отбасын адал еңбекпен асырау, ұрпағын имандылыққа, елін-жерін сүюге баулу. Ахмет Байтұрсынұлы «Баланы – жастан», – деп, тәрбиенің ерте бастан басталуын, әсіресе әкенің бағыт-бағдары баланың болашағына үлкен әсер ететінін ескерткен. Ал Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» еңбегінде елдің еңсесін көтеру үшін әр әкенің ұрпағын білімге, еңбекке, имандылыққа баулуы қажеттігін айтады.

Қазақ дәстүрінде ислам құндылықтарымен үндесіп жатқан тағылымдар мол. Мысалы, әкенің ақ батасы – баланың өміріне рухани күш беретін игі дәстүр. Әкенің разылығы – ұрпақтың мерейі, отбасының берекесі. «Баталы ер арымас», – деген халық даналығы осыны меңзейді.

Қорыта айтқанда, әке – тек отбасының ғана емес, ұлттың да тірегі. Әкенің жауапкершілігін арттыру, оның мәртебесін көтеру – қоғамның рухани дамуының кепілі. Әрбір әке өз шаңырағында имандылықтың, әділеттің, еңбектің үлгісін көрсетсе, сол арқылы болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашады.

 

 

 Достық мешітінің имамы Ербол Серікбайұлы