АҒАРТУШЫ — ДОСЖАН ҚАШАҚҰЛЫ
Досжан Қашақұлы – XIX ғасырда қазақ даласында ізгілік пен руханияттың шамшырағы болған ғұлама, имандылықтың жолын ұстанған сопы, халқына қамқорлық көрсеткен дара тұлға. Ол – терең білім мен жоғары адамгершілікті өмірінің басты мұратына айналдырып, халқына тура жолды нұсқаған, жүректерге иман нұрын себуге арнаған рухани ұстаз.
Бала күнінен жарыққа ұмтылған жан
Досжан Қашақұлы 1815 жылы қазіргі Қазақстанның батыс өңірінде дүниеге келген. Оның жастайынан білуге, тануға деген ынтасы зор болған деседі. Білім жолындағы алғашқы қадамын ауыл молдасынан бастап, кейінірек Орта Азияның әйгілі медреселерінде ілімін шыңдаған. Жаратушыны тануға ұмтылған оның жүрегі рухани ілімге шөлдеп, дін жолындағы күрделі сұрақтардың жауабын іздеумен болған. Осылайша, уақыт өте келе Досжан ишан халыққа рухани жол көрсетуші, діни ілімнің білгіріне айналады.
Досжан Қашақұлының басты мақсаты – адамдардың жүрегіне Аллаға деген сүйіспеншілік пен иманды ұялату еді. Ол тек діни қағидаларды үйретіп қана қоймай, Аллаға шын берілген тақуа болуды үлгі етті. Жанға жылулық, жүрекке тыныштық сыйлаған оның тәлімі халық арасында кең таралып, елдің рухани тірегіне айналды. Досжан ишанның өнегесін алып, қазақ жерінің түкпір-түкпіріне тараған шәкірттері де имандылықты насихаттап, халыққа рухани қолдау болды.
Адамгершілік пен әділдік жолында
Досжан ишан – тек дін жолын ұстанған ғұлама ғана емес, халықтың мұң-мұқтажын түсінген шынайы қайраткер еді. Ол өмірінде әділдікті ту етіп, жұртшылықты бірлікке, сабырға шақырды. Әрдайым кедей-кепшікке қол ұшын созып, мұқтаждарға жәрдемдесуден жалықпады. Оның байлығы – дүние емес, ізгілік пен әділдік еді. Көкірегі ояу, көзі ашық халық оның жанашырлығын, әділеттілігін, мейірімін жоғары бағалап, оны айрықша құрметтеді.
Досжан Қашақұлының артында қалған рухани мұрасы – ұрпаққа асыл қазына, қазақ жұртының иманға деген сүйіспеншілігін айқындаған мол мұра. Оның өмірі, халыққа жасаған қызметі мен өнегесі ғасырлар өтсе де мәнін жоғалтпақ емес. Досжан ишанның өсиеттері мен ізгі ілімі бүгін де ұрпақ тәрбиесіне әсерін тигізіп, халық жадында мәңгіге сақталып келеді.
Досжан Қашақұлының тұлғасы қазақтың рухани тарихында қастерлі орынға ие. Оның жарыққа толы өмірі мен қалдырған рухани мұрасы – халқымыз үшін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар асыл қазына, ел жүрегінде мәңгі жасайтын естелік.
Талғар ауданы, “Достық” мешітінің ұстазы, Жаримбетова Сұлухан