preloader

Мақалалар

Алла елшісінің жастарға деген сенімі қандай болды?

Алла елшісінің жастарға деген сенімі қандай болды?

Жастардың бойында орасан зор әлеут пен сарқылмас қуат бар, оны сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен, ізгі нұсқаулармен дұрыс бағытқа бағыттай алса, олар бүкіл қоғамға өркендеу мен даму әкелері сөзсіз.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өскелең ұрпаққа әрдайым жанашырлық танытып, насихат айтып, бойындағы қабілеттерін дамытуға үндеді. Жастар қандай мәселемен келсе де, олардың талпыныстарын шектемей, керісінше қолдап, жігерлендіріп отырды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аудармас бұрын жас буын өкілдеріне сенім білдірген.

Бірде Алла елшісі дұшпандарының оны өлтіруге шешім қабылдағанын біліп қояды. Сол себепті илаһи әмірмен ол өзінің пайғамбарлық міндетін жалғастырып, Ислам дінін таратуды жүзеге асыру үшін түнделетіп Мәдинеге көшіп кетеді.

Кетер алдында Алла елшісі Әлидің (р.а.) мойнына батылдықты қажет ететін өте қауіпті әрі маңызды міндетті жүктейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған үйінде қалып, төсегінде жатуды сұрайды. Өзінің жанпидалығын іс жүзінде дәлелдейтін сәтті күтіп жүрген Әли (р.а.) пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығын бұлжытпай орындайды. Мүшріктердің екі дүние мырзасының үйіне шабуыл жасайтынын жақсы білсе де, Әли (р.а.) таң атқанша оның төсегінде жатқан екен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жас кезінде Ясриб (Мәдина) халқына елші етіп жіберген Мусғаб ибн Ұмәйрды (р.а.) еске алайық. Ол Ислам тарихындағы тұңғыш елші болып, Ясрибте бір жыл тұрды. Біраз уақыттан кейін ол Алла елшісіне қала тұрғындарының көпшілігінің иман келтіргенін хабарлайды. Содан кейін Алла елшісі Мәдинаға хижрет жасайды.

Бір күні Алла елшісі жас Усама ибн Зәйдті (р.а.) мұсылман әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындады. Бұл әскердің қатарында Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли және басқа да сахабалар болса да, пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бәріне жетістікке жету мүмкіндігі берілгенін білді.

Хасан ибн Сәбит (р.а.) есімді жас жігіттің өлең шығару қабілеті бар еді, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны қолдап, оған мінбер орнатып береді. Сол жерден Хасан ибн Сәбит (р.а.) өлеңдерін оқып, асыл дінімізді түрлі сын пікірлерден қорғады.

Алла елшісі жігіттерді ғана емес, қыздарды да жақсылыққа шақырған. Бір күні бір бойжеткен пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, Хайбар жорығына қатысқысы келетінін айтып, рұқсат сұрайды. Алла елшісі өз келісімін бергеннен кейін, бұл бойжеткен шайқас кезінде жаралы болғандарға қамқорлық жасап, мұсылмандардың жеңісіне өз үлесін қосқан деседі.

Жастардың жігері мен әлеуетін жақсылық пен жасампаздыққа бағыттай білген Алла елшісінің мысалы бізге өнеге болуы керек. Жалындап тұрған жастардың бағын байламай, сағын сындырмай шама-шарқымыз жеткенше бағыт-бағдар берейік.

Талғат Абайұлы,

Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы