preloader

Мақалалар

АЖЫРАСУ — АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС

АЖЫРАСУ — АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС

Ажырасу — қазіргі қоғамда жиі кездесіп жүрген, бірақ Ислам дінінде ең ауыр және Алла Тағала сүймейтін амалдардың бірі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед былай дейді: «Алла рұқсат еткен істердің ішіндегі ең сүймейтіні — талақ (ажырасу).»

(Әбу Дәуд, Ибн Мәжа)

Бұл хадис — неке одағының қадірі мен қасиетін көрсетеді. Өйткені неке — тек екі жанның емес, екі отбасының, тіпті ұлттың бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін қасиетті байланыс. Некенің мәні мен жауапкершілігі Құранда Алла Тағала ер мен әйелдің қарым-қатынасын ерекше сипаттайды: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер.» (Бақара сүресі, 187-аят) Бұл аят — ерлі-зайыптылардың бір-біріне қорған, жылулық, тыныштық, құрмет екенін меңзейді. Киім — адамды ұяттан, суықтан, зияннан қорғайды. Сол сияқты, ер мен әйел де бір-бірін қорғап, толықтырып, қолдап отыруы керек. Ислам неке мен отбасыны сақтау үшін сабырлық, кешірім және түсіністікке шақырады. Алла Тағала Құранда бұйырады: «Егер олардың арасындағы жанжалды реттеуден қорықсаңдар, онда екі жақтан да бір-бір әділ төреші тағайындаңдар. Егер екеуі жарасуды қаласа, Алла олардың арасын жарастырады.» (Ниса сүресі, 35-аят) Яғни, дініміз келіспеушілік туған жағдайда бірден ажырасып кетуді емес, алдымен жарасуды, кеңесуді, сабыр етуді және жақсылықпен шешуді бұйырады.

Ажырасудың салдары

Ажырасу — тек екі адамның арасы емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Ажырасқан отбасылардың ең үлкен зардабын — балалар көреді. Әке мейірімінен, ана жылулығынан айырылған бала — рухани жара алады, қоғамда сенімсіз, көңілі жаралы болып өседі. Сондықтан әр ата-ана өз әрекетінің бала тағдырына әсерін ұмытпауы тиіс. Пайғамбарымыз : «Сендердің ең жақсыларың — әйелдеріне (отбасына) жақсы қарайтындарың. (Тирмизи) Ер адам — отбасының қорғаушысы, Әйел — мейірім мен тәрбие бастауы. Екеуі бірін-бірі толықтырса, Алланың разылығы орнайды. Шешім емес, сабыр — жеңіс. Әр отбасында қиындық болады. Бірақ қиындық – сынақ. Сынаққа сабыр етсең, Алла жеңілдік береді. Алла Тағала Құранда уәде етеді: «Расында, қиындықпен бірге жеңілдік бар.» (Шарх сүресі, 6-аят) Сондықтан ашуға беріліп, ажырасуға асықпаған жөн. Кешірім — жүректерді жақындатады, Сабыр — берекеге жеткізеді, Дұға — отбасын сақтайды.

Қорытынды

Ажырасу — Исламда соңғы амал, басқа жол қалмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Бірақ Алла сүймейтін іс екенін ұмытпайық. Өйткені берекелі отбасы — иманның көрінісі, Бірлік пен сүйіспеншілік — Алланың нұры. Отбасын сақтау – тек жеке бақыт емес, бұл – ұлттың тұрақтылығы мен рухани саулығы. «Алла олардың арасын жарастыруды қаласа, Ол екеуін жарастырады. Шүбәсіз, Алла – Білуші, Хабардар.» (Ниса сүресі, 35-аят)

 

 

Сламақун Асиғат

Талғар ауданы, Шариф мешіті имамы