Білімнің берекесі – әдепте
«Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» (Әл-Фараби)
Ислам діні қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрімен үйлесім тауып, ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында көрініс тапты. Ислам жай ғана сенім емес, бұл – қоғам мүшелерін бейбітшілік пен тұрақтылыққа шақырып, мұсылмандарды білім алуға міндеттейді. Құранда 114 сүре бар. Бұлардың әрқайсысы белгілі оқиғаға және заманға байланысты рет-ретімен түсіп отырды. Осы сүрелердің ішінен алғаш болып Мекке шаһарында «Алақ» сүресі түсті. Бұл сүре 19 аяттан тұрады. Бұлардың ішінде бастаушы аят бар. Осы бірінші аяттың алғашқы сөзі: «Оқы!», – деп басталады. Басқаша айтқанда, Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!». Адам оқып, көзі ашылады. Айналасын танып, оларға құрмет көрсетеді.
Ия, бұл сөз бұйрық райында келген. Сөйтіп, адам үшін білім алудың парыз екенін білдіріп тұр. Сондықтан да Ислам – білімсіз адамды қараңғы, надан адаммен теңейді. Әдетте, халқымыз дөрекі, әдепсіз қылық жасаған адамға: «Көргенсіз. Оқымағыны көрініп тұр», – деп айтады. Сол үшін Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!», – деп айт деген аят бар («Таһа» сүресі, 114-аят). Келесі аятта «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» – деп білім иелерін ардақтайды «(Зумар» сүресі, 9-аят).
Бірақ, білім халқыңа, ел-жұртыңа жалпы адамзатқа пайдасы тиюі үшін ең бірінші балаға тәрбие мен әдеп керек. Әрине, тәрбиенің алғашқы бастамасын бала отбасында алады. Бүлдіршін алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады»деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «баланы жастан» деп мәтелдеген. Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, мектепте берілетін тәрбиемен ұштасса нұр- үстіне нұр.
Жасыратыны жоқ, бүгінгінің жеткіншегі бірнеше тілді меңгерген,технологияға жетік, білімді екеніне дау жоқ. Алайда, ол ұлттық дәстүрді бойына сіңірген, туған жерін аялайтын, жақын-жуығына жанашыр мейірімді ме? Сөз таппай кібіртіктеп, күмілжіп қаламыз. Егер осы игі қасиеттер олардың бойынан табылғанда қарттар үйінде қариялар, жесір келіншектер мен көзі жаудыраған жетімдер мен айырылысқан отбасылардың саны аз болатын еді ғой… Ең қорқыныштысы егер тәрбие мен әдепті жас кезінде бойына сіңірмей, білім ала берсе адам мейірімсіз әрі қатігез болып өсетінін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Мысалы, миллиондаған бейкүнә жандардың өліміне себепші болған Германия канцлері Гитлер, Комбоджа билеушісі Пол Пот, Италиядағы фашистік режимнің басшысы Б.Муссолиниді білімсіз деуге аузымыз бармайды.
Ислам діні әдепке ерекше мән береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деген. Исламдағы әдеп – иманмен тығыз байланысты. Әдепті болу, аманатқа адалдық, шыншылдық, сабырлық, кішіпейілділік – мұның барлығы діннің адамгершілікке қоятын талаптары.
Қазақ халқының дәстүрлі өмірінде дін мен әдеп тығыз байланысты болды. Осылайша ислам діні қазақ қоғамының рухани өзегіне айналып, мұсылмандық әдеп-ғұрыптар, шариғат қағидаларымен адамгершілік тәрбиенің негізін қалады.
Сондай-ақ Абай Құнанбайұлы – өзінің қара сөздері арқылы дін мен әдептіұштастыра отырып, адамгершілік пен рухани тәрбиені насихаттаған. Абай атамызбылай деген: «Адамның жақсы болуы – мінезінен, ұятты болу – өзіңнің әдебіңнен. Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі, Тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі» – деп дінді адамгершілік пен ізгіліктің негізі деп түсіндірді.
Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін жақсы үлгі –өнеге бар!» («Ахзаб» сүресі, 21) делінеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде де: «Ізгілік (жақсылық) – көркем мінез-құлық. Ал жамандық болса, адамның арын мазалайтын нәрселер» (Мүслим) дейді. Міне ар мен әдептің арасында өте тығыз байланыс бар. Әдебі жоқ адамның арлы болуы қиын. Сондықтан да қазақ халқында: «Әдепті бала-арлы бала!» дейді. Қазақтың біртуар ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы да:
Ар қайда, рахым қайда, әдеп қайда?!
Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?!
Көз жұмып «көппен көрген ұлы той – деп,
Береді бұл надандық кімге пайда? – дегендей бізді тежеуші, жолға салушы, тіпті біздің бағамызды арттырушы қасиет ол – әдеп!
Қазақ даласындағы баяғы медреселер өздеріне келген шәкірттерге алдымен әдепті үйреткен. Әдептің үстінде құрылмаған дін дұрыс сенім қалыптастырмайды. Әрбір саланың, әрбір отырыстың, әрбір қарым-қатынастың, тіпті әрбір айтылатын сөздің өз әдебі, қағидасы бар. Сондықтан да әдебіне сай жасалған әрекет, әдебіне сай айтылған сөз, әдебіне сай жасалған қатынас адамды ұятқа қалдырмайды. Ал осы әдепті көркем қылатын басқа да қасиеттер жетерлік. Ол – имандылық, ар, ұят, кішіпейілділік, адамгершілік т.б.
Әдепсіз білім алудың зияны туралы аят пен хадистерде тікелей дәлелдер болмаса да, Ислам діні білімнің маңыздылығын, оны дұрыс жолмен алудың қажеттілігін және білімнің сапасын атап өтеді. Білімді терендету, оны дұрыс пайдалану және адалдықпен үйрену туралы көптеген аят пен хадистер бар. Мысалдар:
Құрандағы аяттар:
1. Білімнің маңыздылығы:
– «Аллаһ сендердің ішіңізден иман келтіргендерді және білім берілгендерді дәрежелерге көтерді» («Мужәдәлә» сүресі, 11-аят).
Бұл аят білімнің маңыздылығын көрсетіп, оны дұрыс жолмен алудың қажеттілігін айтады.
2. Білімсіздіктен сақтану:
– «Сен білмейтін нәрсеге ерме. Көз, құлақ, жүрек — осылардың барлығы сұраққа тартылады» («Исра» сүресі, 36-аят).
Бұл аят білімсіз, терен ойланбай іс-әрекет жасаудың қауіптілігін көрсетеді.
3. Білімді терендету:
– «Олар Құранды терең ойланып ойламай ма?» («Ниса» сүресі, 82-аят).
Бұл аят білімді терендету мен оны дұрыс түсінудің маңыздылығын айтады.
Хадистердегі дәлелдер:
1. Білімді дұрыс пайдалану:
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Аллаһ біреуден жақсылықты қаласа, оны дінде терең білімді етеді» (Бухари, Муслим).
Бұл хадис білімнің сапасы мен терендігінің маңыздылығын көрсетеді.
2. Білімсіз іс-әрекеттен сақтану:
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Біліміңе сүйеніп іс жүргіз» (Тирмизи).
Бұл хадис білімсіз, әдепсіз іс-әрекеттен сақтанудың қажеттілігін айтады.
3. Білімнің жауапкершілігі:
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Қиямет күні адам білімін қай жолда қолданғанынан сұраққа тартылады» (Тирмизи).
Бұл хадис білімді дұрыс жолмен алу мен пайдаланудың маңыздылығын көрсетеді.
Мұсылманды білім ізденуге шақырып, жігерлендіретін аят-хадистер көп. Солардың бірі мына хадис болмақ:
«Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы және жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді!» (Термези).
Әл-Фараби, Ибн Сина, ибн Халдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, әл-Ғазали сияқты т.б. әлемдік деңгейдегі ғалымдардың білім жолына түсуіне осындай аят-хадистердің себеп болғаны анық. Алайда бұл ғұламалардың барлығы бала кезінен медреседе білім алып, исламның әдебін бойына сіңіріп өскені анық. Алысқа бармай-ақ кешегі хакім Абай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, елі үшін еңіреп жүріп ұлттық мемлекет құрған алашордашылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және тағы басқалары ата-анасынан, одан кейін медреседе ұстаздың алдын көріп, тәлім-тәрбие алды. Ал қазір ше? Бүгін ел тізгінін қолына алған атқамінерлердің арасында осындай атпал азаматтардай жандардың аз болуының себебі неде?
Баяғыда бір данагөй: «Ақыл топырақ, топыраққа не ексең сол шығады», – деп айтқан екен. Егер білімсізге ойы арам адам жолығып, жақсыны жаман, ал жаманды жақсы етіп үйретсе, онда ол дүниені солай түсінеді. Мұндай адамға «ұстазы» нені ақ десе, сол ақ, нені қара деп айтса сол – қара болып қалады. Мұнан соң бала не әке-шешенің тілін алмайды, не ағайын-туысты тыңдамайды, не имамның сөзіне де құлақ аспайтын болып шығады.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым – сол үшеуінің жолын білмек, – деп дана Абай да ғылымның мәртебесін көрсетіп отыр. Олай болса, ең бірінші әдеп пен тәрбиені алып, ғылым үйреніп, біліп алып, ұлттың болашағына қызмет етейік!
Қорытындылай келе, әдепсіз білім алу адамның жеке тұлғасын дамытпайды, қоғамға кері әсер етеді және кәсіби салада табысқа жетуге кедергі болады. Ислам діні білімді сапалы, жүйелі және тереңдетіп алуды қолдайды. Әдепсіз білім алу — бұл білімнің маңыздылығын түсінбеу, оны дұрыс пайдалана алмау және жауапкершіліксіздік. Құран мен хадистер бізді білімді дұрыс жолмен алуға, оны терендетуге және пайдалануға шақырады. Әдепсіз білім алудың зияны — бұл уақыт пен күштің босқа кетуі, қате шешімдер және рухани дамудың тоқтауы. Сондықтан, білімді әдеппен, сапалы және жүйелі түрде алу керек.
Мәди Серікұлы
Карасай батыр мешітінің имамы,
Үшқоңыр медресе-колледжінің директоры

