Дәстүрді теріске шығару – адасушылық
Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Олар тонның ішкі бауындай бір-бірінен ажырамайды. Қазақ халқы дәстүрдің тозығын емес, озығын қолданған. Өйткені оның қайнар көзі – қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Мәселен, Құрандағы пайғамбарлар аттары – Иброһим, Яқұб, Юсуф, Юнус, Ғиса болса, халқымыз дәстүрінде оларды Ыбырайым, Жақып, Жүсіп, Жүніс, Иса деп атайды. Алла Тағала Құранда Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырса, дәстүрімізде «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без», «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы, ата-ананың ашуы – Алланың ашуы» деген нақылдар бар.
Ас ішер алдында және соңында қолды үш рет жуу, үлкеннің бата беруі – дәстүр. Ал сүннетте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) астың алдында және соңында Аллаға шүкір айтып, берекеті үшін қол жууға үндеген. Мұсылман адам түшкіргенде «Әлхамдулилләһ» десе, оған жауап ретінде «Ярхамукаллаһ» деу – сүннет. Қазақта бұл «Жәрәкімалла» деп айтылады.
Келін түссе – мешітке барып неке қию, сәби дүниеге келсе – азан айтып ат қою, қалжа сою, баланы сүндеттеу, жақсы ат қою – бәрі Пайғамбар сүннетінен бастау алады. Бала үйленсе, той жасау – хадисте айтылған амал. Қазақтағы «Ерулік», «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», көңіл сұрау, жаназаға қатысу – бәрі де дінмен сабақтас.
Халқымыздың «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегені – Пайғамбарымыздың «Алланың ең жақсы көретін қолы – еңбек еткен қол» деген сөзімен үндес. Қызды төрге отырғызу, жетім-жесірді жылатпау, ананы қастерлеу – мұның бәрі де Құран мен сүннеттен бастау алған.
Сондықтан дін мен дәстүрді бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Өкінішке қарай, қазіргі таңда «тек дінмен жүрем, дәстүр керек емес» деп адасқан ағым өкілдері бар. Бұл – адамды рухани тұрғыда құрдымға жетелейтін қауіпті қате түсінік.
Жаратқан Иеміз елімізді тура жолдан тайдырмай, адасқандарға ақиқат нәсіп етсін! Әумин.
Алматы облысы, Іле ауданы
Қосөзен ауылдық мешітінің бас имамы
Медеу Болат Әбілқайырұлы

