preloader

Мақалалар

Дін мен дәстүр сабақтастығы

Дін мен дәстүр сабақтастығы

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрі, ғұрып-әдеттерінің бүгінге дейін өміршеңдігін сақтап келуінің сыры тереңде жатыр. Салт-дәстүріміз адамгершілікке тән асыл қасиетті әспеттеп, жат әдет пен жаман әрекеттерді тектейтін, қоғамдық қарым-қатынасты ретке келітіріп отыратын қағида ретінде қалыптасқан. Міне сондықтан озық ойлы бабаларымыз адамзаттың екі дүниелік бақытын мұрат еткен ислам дінінің салт-дәстүрімізге сай келетіндігін жете түсініп, ешбір жатырқамастан қабылдаған болатын. Ислам дініндегі иман және шариғат қағидалары мен дәстүріміздегегі Жаратушыға деген наным-сенім және тиымдар мен алға басар ғұрып-әдеттер сынды құндылықтары өзара қабысып, бөліп-жаруға келмейтіндей тығыз байланыста болды. Дегенменде ислам дінінің тереңіне бойлай алмаған немесе салт-дәстүрін қастерлеп қадіріне жете білмегендердің таяз түсініктерінен туындаған шалағай пікірлер салдарынан құстың қос қанатындай болған дін мен дәстүр қайшылығы қалыптасып үлгірді.

Міне осындай келеңсіздіктер болмасы үшін ең әуелі дін деген не? Дәстүр деген не? Ұқсастығы неде? Өзгешелігі қандай? Дегендей дін мен дәстүрдің мән-мағынасын егжей-тегжейлі зерттеп, тереңірек түсінуге тура келеді.

Олай болса осы аталмыш екі ұғымды жеке-жеке талдап көрелік; Дін дегеніміз – ақыл-есі дұрыс адамдардың екі дүниеде бақытқа жеткізеді деп сенетін иләһи (Тәңірлік) заңдылық. Яғни, Алла Тағаланың пайғамбарлар арқылы жібрілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды, ақыретте жәннатқа қауыштыратын жол деп түсіндіруге болады.

Ал, дәстүр дегеніміз – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Сонымен қатар, дәстүр арабша “дустур” деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қорта айтқанда, қазақ даласында ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүие деуге болады.

Мінеки, көріп отырғанымыздай, дін – Алла Тағаланың бұлжымас заңы болса, дәстүр – адамдардың наным-сеніміне байланысты қалыптасқан қағида екендігін білдік. Осы орайда, басын ашып айта кететін маңызды бір мәселе; дін Алланың үкімі болғандақтан ешқандай ағаттық, кемшіліктерден ада. Ал, дәстүр болса, адамдар жасаған қағида болғандықтан, дұрысы болуымен қатар бұрысы да болады.

Ендігі кезекте, дәстүрдің діндегі алатын орны хақында тоқталайық; ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, толықтыру. теріс, керағар ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты өлшем шариғат болып саналады.

Халықтың ұстанып жүрген салт-дәстүрі, дұрыс әдет-ғұрыптары ислам шариғатындағы құқықтық тепе-теңдік қайнар көзінің бірі болып табылады. Бұл турасында қасиетті құранда: «Кешірім жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»  (Ағраф сүресі 199-аят) –  деп бұйырған. Алла Елшісіне (Алланың игілігі мен сәлемі болғыр) пайғамбарлық жүктелген алғашқы кезеңде арабтардың арасында да алуан түрлі дәстүрлер, әдет-ғұрыптар бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) олардың Алланың әмірі мен тиымдарына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетіндеріне тиым салды. Тіпті, халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды, шариғатта дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтың имамдары құп көреді.

Демек адамзатты жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтаруға құлшынған құлдың басты ұстанатын қағидасы аталмыш аяттағы: «білместікпен немесе қасақана болсада жасалған қателіктерге кешіріммен қарау, ел-жұрттың ортасында жалғасын тауып келе жатқан ислам шариғатының аясына сиятын озық салт-дәстүрлерді кәдеге жарата білу. Ал қасарысқан надандармен бетпе-бет келмей айналып өту» деген осы 3 қағиданы бекем ұстау қажет.

Қорта келгенде, дін – дәстүрдің таразысы. Ал, иләһи уахидың негізінде бекітілген діни рәсімдерді, ғибадаттарды, әдет-ғұрып деп есептеуге болмайды. Өйткені олар Алла Тағаланың тікелей әмір еткен амалдары. Ал салт-дәстүр адамдардың арасында көп әдеттенгендіктен пайда болған дағдылар. Сондықтан дәстүр аясындағы амалдарды, Алла Тағала міндет еткен құлшылықтар мен қатар қоюға болмайды.

Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі ислам дінімен біте қайнасқан. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан  ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ислам дінінен қуат алған халқымыздың қанатты сөздері, өсиетнамаларына, мақал-мәтелдеріне қарайтын болсақта шариғат мен мұндалап тұрады. Мәселен; “Құдайға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады. Құдайсыз қурай сынбайды. Құдай деген құр қалмас, зекетті малды ұры алмас” деген сынды, Аллаға деген сенімнің селкеусіз нық болуын ескертеді.  Тағыда осыған ұқсас Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болғыр) хадистерінің баспа-бас аудармасы сияқты мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мәселен: хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге», мақал: «Қарты бар үйдің қазынасы бар». Хадис: «Сапар – азаптың бір бөлігі», мақал: «Жол азабы – көр азабы»; «Жол асусыз болмайды, той шашусыз болмайды» деген сияқты.

Кешегі Құдайсыздандырған қызыл үкіметтің кесірінен қаншамалаған ғұлама, ишан, имам-молдаларымыз қудаланып, тіпті көздері жойлды. Қаншама құнды еңбектер жазылған том-том кітаптар өртелді. Әйтседе, мың жылдан астам уақыт хақ дінді ұстанып, өмір сүру үрдісіне яғни дәстүрін дінмен өрнектеп келген асыл текті халқымыз исламнан түбегейлі қол үзбеген еді.

Алланың шексіз нығыметі болған тәуелсіздік алғалы бері, жоғымыз табылып, өшкеніміз жанып, рухани құндылықтарымыз бой көтеріп келеді.  бабаларымыз ұстанған ақида, дін негізінде қалыптасқан салиқалы салт-дәстүрлер жұрнағы асыл дінімізбен жатырқамай қауышуға зор серпін беріп келеді. Әр нәрсенің екі беті яғни күнгей беттің теріскейі болғаны сияқты, тәуелсіздік қарсаңында араб елдерінің ұстанымдарына еліктеген отандас бауырларымыздың, дәстүрімізге мейлінше сәйкес келетін бабаларымыздың ежелден ұстанып келген Ханафи мазһабының тереңіне бойлап, астарына үңлместен , оны жоққа шығаратын ұшқары әрекеттері алаңдатпай қоймайды.

Аталмыш баурларымыздың айтар уәжі; ата-бабаларымыздың ақидасы дұрыс емес, салт-дәстүр ұстану адасқандық, біздің сеніміміз 20- ғасырдың 90- жылдарынан бастап дұрысталды деген сияқты мүлдем жаңсақ пікірлер.  

Біз дініміздің қайнар көзі болған құран мен сүннетті өлшем ете отырып, діни тарихымызға зер салатын болсақ, салиқалы салт-дәстүрімізден үркетінде ешбір оғаштығы жоқ. Дін мен дәстүр сабақтастығына сызат түсірмей ұстану бейбітшіліктің кепілі. 

Дәуренбек Жандосұлы,

Қарасай ауданының бас имамы