Дін мен дәстүр сабақтастығы
Аллаға шүкір, еліміз егемендігін алғалы кеткеніміз келіп, кемістігіміз түзеліп келеді, рухани дүниелеріміз түгенделуде. Қазақ халқы үшін дін мен дәстүр егіз ұғым. Ежелден ата-бабаларымыз дін мен дәстүрді ұштастыра білген. Дін – адамның наным-сенімі болса, дәстүр – бір халықтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру салты. Дәстүрсіз, өз салт-санасын ұмытқан елдің ертеңі бұлынғыр. Себебі қаншама елдер өз болмысын жоғалтып, елдігінен айырылып жатқан заманда бұл да болса Алланың шексіз нығметтерінің бірі деп білуіміз керек. Ғұлама-ғалымдардың пайымдауынша, ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет. Олар – діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатыр. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Қазақ халқы ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерді қастерлейді. Уақыт өте келе ұлттық сипатқа айналған қазақ дәстүрлерінің бірі – қонақжайлылық. Бұл – қазақтың қанына ана сүтімен дарыған асыл қасиет. Сондықтан қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа деген ілтипат көрсету бала кезден қалыптасады.
Қазақ қоғамында көне заманда айтылған бейресми заң бар: «Келген адамды құдайы қонақ ретінде қарсы ал». Қонақжайлылық қазақтардың ежелгі қасиеті. XIX ғасырдың аяғында Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет», – деп жазған. Қонақжайлылық қазақ қоғамында міндет болып саналатын. Әрқашан дала тұрғындары қонақты қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Сондықтан әрбір жолаушы қазақ жерінің кез келген бұрышында құшақ жая қарсы алынатынын білген. Үйге келген қонақ әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болатын.
XIX ғасырда Қазақстанда болып, елді зерттеген неміс ғалымы Ф. фон Хелльвальд: «Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай, мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адам өзін біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне болады», – деп жазған. Қонақжайлық қасиетімен ерекшеленген қазақ жұрты: «От жағылмаған үй – қора, кісі келмеген үй – мола», – деп, мейманнан мақрұм қалған үйді молаға теңеген. Бұрын есікте құлпы болмайтын, төрінде қонақ үзілмейтін қазақ отауы көп еді. Бұл дәстүр де шариғат бұйрығына сай. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген. Ұқба ибн Амирден (р.а) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», – десе, Әбу Шурейх Хуейлед ибн Амрдан (р.а) жеткен хадисте: «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – делінген. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Оның сыйы – бір күн және бір түн. Қонақ ету үш күн, одан асқаны – үй иесінің садақасы», – деген. Тағы бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Жақсылық қонақ күтілген үйге пышақтың түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді», – деп баяндаған. Хадисте айтылған жақсылық – Алланың берген нәсібі. Қазақ халқы қонақ келсе, жалғыз атын сойып беріп, Алланың нәсібінен құр қалмауға тырысқан. Сондықтан:
Кісіні көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе.
Қарсы алмасаң мейманды,
Кесір болар нәсіпке, – деп жырлаған.
Бүгінгі таңда да қоғамға қажетті салт-дәстүрдің бірі – қонақ күту. Өйткені бұрынғыдай туысқандық қарым-қатынастардың сиреп бара жатқан заманында адамдардың бауырмалдық байланысын күшейтуге қонақ күтуден асқан жақсы амал жоқ.
Талғар ауданы, Бесағаш ауылы
«Зейнетулла ата» мешітінің имамы
Өнерхан Серікжан

