preloader

Мақалалар

Ер адамның отбасы алдындағы жауапкершілігі

Ер адамның отбасы алдындағы жауапкершілігі

Отбасы – қоғамның тірегі. Қоғамның салауаттылығы отбасының тұрақтылығына тікелей тәуелді. Қазақ ежелден отбасы құндылықтарын ерекше қастерлеген. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қанатты сөзінде қаншама мән-мағына жатыр.

Отбасын құрып, шаңырақ көтерген екі жасқа ауылдың абыз ақсақалдары ақ баталарын беріп, Жаратқаннан шаңырақтарының биік, босағаларының берік болуын тілеген.

Дініміз Исламда отбасындағы басты жауапкершілік ер адамға жүктелген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
«Ер адам отбасы үшін жауапкер және отбасы үшін сұралады» – деп, ер кісінің міндетін анықтап көрсеткен.

Әрбір ер кісі отбасындағы береке-бірлік пен жарасымды тірліктің баянды болуын қалайды. Сондықтан ол адал жолмен ризық тауып, отбасын асырауға міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Жегендеріңнен оларға да жегізіңдер, кигендеріңнен оларды да киіндіріңдер» – деген.

Ер адам отбасының тамағын, киімін және басқа да қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс. Өз міндетін елемей, жалқаулыққа салынып, отбасына көңіл бөлмегендер қияметте жауапқа тартылады. Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына:
«Адамның ең жаманы – отбасына қиыншылық көрсеткен кісі» – деген.

Сахабалар:
– «Уа, Алланың елшісі! Қиыншылық көрсету дегенді қалай түсінеміз?» – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Ол адам үйіне кіргенде әйелі үрейленіп, балалары қорқып қашады. Ал үйінен шыққанда әйелі жадырап, отбасы кең тыныс алады» – деп жауап берген.

Осы хадистерден көргеніміздей, ер адам – отбасының басшысы әрі тәрбиешісі. Түтіні түзу, түндігі бүтін отбасы болу үшін ер мен әйелдің сыйластығы маңызды.

Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 228-аятында:
«Ерлердің әйелдерде ақысы болғаны секілді, әйелдердің де ерлерде жақсылықпен өтелетін ақылары бар. Сонымен қатар ер адамдар (міндеттері мен жауапкершілігіне орай) бір саты жоғары тұрады. Алла өте үстем, асқан дана» – делінген.

Алла Тағала Адам атаны жаратқан соң, оған серік етіп Хауа ананы жаратып:
– «Мына әйелді саған аманат еттім, аманатқа қиянат жасама», – деген.

Егер ер адам әйелін «Алланың аманаты» деп бағалап, ал әйел жұбайын сыйласа – шаңырақтың шаттығы мен жанұяның жылуы баянды болмақ.

Әрбір ер кісі отбасы мәселесіне даналықпен қарап, балаларына дұрыс тәрбие мен саналы білім беруге міндетті. Алла елшісі (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында:
«Әйелдер жайында Алладан қорқыңдар! Олардың ас-суын, киім-кешегін дұрыстап беріңдер» – деп өсиет еткен.

Отбасына жауапкершіліксіз қарау – үлкен күнә.


Ер адамның отбасындағы міндеттері:

  1. Әйелін тамақ, киім, сусын және қаржылай қамтамасыз ету.

  2. Табысын адал жолмен табу.

  3. Парыз амалдарын толық орындайтындай білім беру.

  4. Ислам әдебін үйрету, шариғатқа сай киіндіру.

  5. Жұбайымен арадағы сырды сақтау.

  6. Балалары балиғат жасына жеткенде төсегін бөлуге үйрету.

  7. Әйелі туыстарына барғысы келсе, рұқсат беру.

  8. Кешірімді болу.

  9. Отбасындағы барлық жағдайға өзі жауапты екенін ұмытпау.

  10. Әйеліне әрдайым көңіл бөліп, назарда ұстау.


Кеген ауданының бас имамы
Әзім Сатыбалдыұлы