Ер азамат тәрбиесі – қоғам жауапкершілігі
Қоғамның тірегі – жігіттер. Жас буынның иманды, арлы, ұятты болуы – ұлт болашағының кепілі. Ал шынайы жігіттің ең үлкен сынағы – нәпсісін жеңу. Өйткені нәпсі – адамның ішіндегі ең қауіпті дұшпаны. Оны жеңбеген адам өзіне де, өзгеге де зиян келтіреді. Сол себепті дана халқымыз: «Жігіттің жігіті – нәпсісіне ие болғаны» деп бекер айтпаған.
Адам баласы әр сәтте түрлі нәпсілік қалаулар мен азғыруларға тап болады. Бірі байлыққа, бірі атаққа, енді бірі құмарлыққа еріп күнәға батады. Ислам діні нәпсімен күресті «жиһадул-әкбар», яғни ең үлкен күрес деп атаған. Бұл – адамның өзін тәрбиелеу арқылы рухани биіктікке жету жолы.
Құранда Алла Тағала нәпсінің адамды жамандыққа итермелейтінін былай баян етеді:
«Шын мәнінде нәпсі жамандыққа бұйырады, тек Раббымның мейірім еткені – бөлек».
(Юсуф сүресі, 53-аят)
Бұл аятта Жүсіп пайғамбар (ғ.с.) нәпсінің табиғатын мойындап, адам өзін тәрбиелеуі қажет екенін білдірген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) да нәпсіні жеңудің ең маңызды қыры – сабыр мен өзін-өзі ұстай білу екенін атап өткен:
«Нағыз батыр – күресте жеңген адам емес, ашу келгенде өзін ұстай білген адам».
(Бухари, Муслим)
Алла Тағала Назиғат сүресінің 40–41 аяттарында:
«Раббысынан қорқып, нәпсісін құмарлықтан тыйған адамға – жұмақ бар»
деп қуантқан. Бұл – нәпсісін жеңген жан Алла алдында жоғары дәрежеге ие болатынын білдіреді.
Нағыз иманды жігіттің мақсаты – нәпсісін тәрбиелеп, оны мутмаинна дәрежесіне жеткізу. Бұл деңгейге жеткен адам – Раббысының разылығына бөленеді.
Ерлік – өз нәпсісін жеңу
Жігіттің ерлігі тек қарумен немесе күшпен өлшенбейді. Ерлік – өз нәпсіне қарсы тұруда. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден қайтқанда:
«Біз енді кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық»,
– деді. Сахабалар сұрағанда:
«Бұл – адамның өз нәпсімен күресі», – деп жауап берген.
(Бәйһақи)
Бұл хадис шынайы батырлық – адамның ішкі тәрбиесінде екенін айғақтайды.
Жігіт нәпсісін жеңсе:
-
ар-ожданын таза ұстайды;
-
отбасы мен қоғамға үлгі болады;
-
зина, ішімдік, өтірік, қиянаттан аулақ жүреді;
-
рухани әрі адамгершілік тұрғыдан биіктейді.
Ұлы Абай нәпсісіне ерген адамның күйін:
«Нәпсіге еріп, ақылдан айырылған – хайуаннан да төмен»
деп сипаттаса, Бауыржан Момышұлы:
«Ерлік – елге, нәпсіге жеңілмеу – ерге сын»
деп бекер айтпаған.
Нәпсіні тәрбиелеудің жолдары
Ислам ғұламалары нәпсіні тәрбиелеудің тиімді жолдарын көрсеткен:
-
Намазды тұрақты оқу – жүректі тазартады.
-
Ораза ұстау – нәпсіні әлсіретіп, сабырды күшейтеді.
-
Құран оқу және зікір – рухты қуаттандырады.
-
Жаман ортаны тастау – азғырудан қорғайды.
-
Садақа, жақсылық жасау – жүректі жұмсартып, рухани күш береді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Ораза – нәпсі үшін қалқан»
(Бухари)
деп, оның тәрбиелік маңызын ерекше атап өткен.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, «Жігіттің жақсысы – нәпсісіне ие болғаны» деген сөз – ғасырлардан бері қалыптасқан өмірлік қағида. Нәпсісін жеңген жігіт – өзін де, отбасын да, қоғамды да түзетеді. Ал нәпсісіне ерген адам – өз қадірін де, иманын да жоғалтады.
Нәпсіні жеңу – бір күндік емес, өмір бойғы күрес. Бірақ сол күресте табандылық танытқан жан Алланың сүйікті құлына айналады. Құранда айтылғандай:
«Ей, сенімді нәпсі! Раббыңа разы болып қайт. Пенделерімнің қатарына қосыл, Жәннатқа кір».
(Фәжр сүресі, 27–28 аяттар)
Нағыз жігіт – күшпен емес, нәпсісін тыйған сабырмен ұлы. Сондықтан әрбір мұсылман жігіт нәпсісін тәрбиелеуді, сабыр мен ар-ұятты өмірінің темірқазығы етуі тиіс. Өйткені ер жігіттің шынайы көркі – иманы мен нәпсісіне ие болуында.
Қаскелең қалалық «Әзірет Омар» мешітінің имамы
Нұрбосынов Ғани

