Ер дәулеті – еңбек
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де Қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
«Әр адам өз еңбегінің ғана қарымын алады. Оның еңбегінің жемісі алдағы уақытта міндетті түрде көрінетін болады. Содан кейін оған (еңбегінің) қарымы толық қайтарылады» («ән-Нәжм» сүресі, 39-41 аяттар).
Әлемдегі барлық нәрсе қасиетті Құранда айтылған осы заңға бағынады. Өмір сүруді жалғастыру үшін кез-келген жаратылыс иесі үнемі әрекет етіп, еңбекте, талпыныста болуы керек.
Ислам діні бізді жақсылық жасауға, адал еңбекке шақырады. Дініміз адамдарды жалқаулық, енжарлық, босбелбеулік сияқты қасиеттерден қорғауға тырысады. Адам баласы қайыр сұрап өмір сүрмей, өз ризығын маңдай термен табуы қажет. Өйткені, кез келген жетістікке жетудің жолы еңбекте жатыр. Еңбек болмаса, адамзат дамымай, адамдар өмірдің рахатын толық сезе алмас еді.
Еңбек арқылы ғана адам өмірі шынайы құндылыққа ие болады. Ол өзі тапқан нәрсені көбірек бағалай бастайды. Пенде бұл дүниеде де, ақыретте де еңбегі мен күш-жігерінің сауабын алады. Алла Тағала құлдарының жалқау болғанын ұнатпайды.
Адам ризық-несібе мен өзге де игіліктерге физикалық және ақыл-ой қуатын жұмсау арқылы жете алады. Өзгенің есебінен күн көру біздің дінімізде мақұлданбайды. Еңбекке қауқары бар әр адам еңбек етіп, маңдай терімен табыс табуы керек.
Дініміз адамға шариғат рұқсат еткен жолмен еңбек етуді, табыс табуды бұйырып, жалқаулықты адамның құтылу жолындағы басты кедергілердің бірі санап, еңбегінің нәтижесін, жемісін көру мүмкіндігін адам баласының ең жоғары рахаты деп жариялайды.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) те қол еңбегімен тамақ тауып жеген», – дейді.
Сондай-ақ, Дәуіт пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) басынан өткені бір оқиға, адал еңбектің адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екендігінің айқын дәлелі.
Бірде Дәуіт пайғамбар кедей адамның киімін киіп, халықтың арасына шығып, өзі туралы сұрастырмақ болады. Адамдардан «Дәуіт қандай кісі», деп сұрап жүрген кезде, адам кейпіндегі Жәбірейіл періште кездесіп: «Ол (Дәуіт) Алланың жақсы құлы, бірақ оның бір кемшілігі бар», деп жауап береді. Дәуіт пайғамбар: «Ол қандай кемшілік?», деп сұрайды. Сол кезде адам бейнесіндегі періште: «Оның өмірі мемлекеттің қазынасынан қамтамасыз етіледі. Алла болса, өздерін өзі қамтамасыз ете алатын құлдарын жақсы көреді», деген екен. Бұл жауаптан естіп, үйіне көңілсіз оралған Дәуіт пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көзіне жас алған күйде: «Иә, Раббым! Маған бір қолөнер үйренуді нәсіп қыл, сол арқылы өз нәпақамды табайын», деп дұға етеді. Жаратушы Алла оның дұғасын қабыл етіп, темірден сауыт жасаудың қыр-сырын үйретеді.
Лұқман хәкім ұлына былай деп өсиет еткен екен: «Ұлым, адал кәсіп етіп, өзіңді жоқшылықтан сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:
Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді.
Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.
Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады».
Дана халқымыз адал жұмыстың, іскерлік пен жауапкершіліктің маңызын біле отырып «Ер дәулеті – еңбек», «Еңбегімен ер сыйлы», «Еңбек қылмай ер оңбас» сияқты мақал-мәтелдері арқылы өскелең ұрпақты еңбек жолы арқылы нәпақасын табуға тәрбиелеген.
Алла баршамызға еңбек етіп, адал ризық-несібе табуымызды нәсіп етсін. Әмин!
Дархан Аманұлы,
Іле ауданының бас имамы