ИХСАН ІЛІМІ
Ислам діні үш негізге негізделген: Иман, Ислам және Ихсан. Мұндағы «иман» иманның жиынтығы (бес тірек); «Ислам» – діни үкімдер мен тыйымдарды орындау; «Ихсан» – Құранның барлық үкімдеріне риясыз берілу, иман негіздерін еш күмәнсіз толық қабылдау.
Ихсан – ең алдымен мүміннің Аллаға иман келтіріп, Оған құлшылық етуде, тақуа (жақсылық) істерде және әртүрлі ғибадат түрлерінде ыждағаттылықпен орындау. Яғни, ихсан – иманның ең жоғарғы көрінісі және Ислам негіздерінің ең маңыздысы. Қасиетті Құран Кәрімде ихсанға қатысты арналған шамамен 66 аят бар. Негізінде, Құран ізгі және мейірімді амалдар жасаумен қатар, барлық істерде кемелдікке жеткізетін ихсанға жетелейді.
Ихсан – Алла Тағалаға құлшылық етудегі ынталылық, Оның барлығын көруші және естуші екенін, адамның барлық ой-ниетін білуші екенін сезініп, түсіну. Олай болса, Исламның екі жағы бар – ашық және жасырын, оның ең маңыздысы – көзге көрінбейтін, рухани жағы. Ықылассыз жасалған ғибадатта қайыр жоқ. Толық ықыласқа жету үшін, Алла Тағаланы үнемі зікір етіп, әртүрлі ғибадат түрлеріне ынталы болып, нәпсісіне қарсы күресіп, жанын, жүрегін барлық жаман қасиеттерден, яғни жағымсыз қасиеттерден тазартуы керек. Сондай жағымсыз қасиеттерді емдеп, рухын тәрбиелеп, ықыласқа жетелеумен айналысатын ислам ғылымы ихсан-деп аталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Ихсан – Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету, бірақ сен Оны көрмесең де, Ол сені көреді», — деген.
Нахыл сүресінің 128 аятында, Алла Тағала: «Расында, Алла тақуалар мен жақсылық жасаушылар жағында». Бұл аяттан түсінетініміз, ихсан (шын ықылас) қасиеттеріне ие болғандар муттақин (құдайдан қорқатын) адамдардан бөлек, ал олардың айырмашылығы – тақуалықтан (Алладан қорқатын) жоғары дәрежеге жеткен.
Басқа адамдардың көзінше шариғат рұқсат етпеген әрекеттерді жасауда адамның өзін шектеуі әдеттегідей. Әдетте, балалар ата-анасының, туыстарының немесе ұстаздарының алдында тыйым салынған, жағымсыз нәрселерді жасамайды. Мұндай әрекеттерді жалғыздықта, ата-анасы немесе ұстазы жоқ жерде жасау арқылы, жағымсыз істері құпия болып қалады деп ойлайды. Бірақ белгілі уақыттан кейін, көптеген ата-аналар баланың бір нәрсе бүлдіргенін естіген кезде таңқалып жатады. Мұндай жағдайда Аллаға деген иман, қай жерде болса да оны үнемі көріп тұрады деген сенім және ихсан (шын ықылас) ғана оны мұндай жағымсыз әрекеттермен арсыздықтан тыя алады.
Негізінде, Ихсан исламның өзегі, жүрегі, өмірі және рухы (рух) деп аталады, өйткені иман мен Исламды толық ететін де сол. Мәселен, исламның талаптарын сақтай отырып, адам ғибадат жасайды — көзге көрінетін әрекеттер: намаз оқиды, ораза ұстайды, зекет береді, қажылық және басқа да құлшылықтарды орындайды. Бірақ кейде Алланың разылығы үшін емес, сонымен бірге рия пайда болу қаупі бар, жақсы көріну үшін, пайдакүнемдік мақсатпен, абырой мен дүниелік атақ үшін құлшылық жасау бар. Сондай-ақ иманда – иман – адам екіжүзділікке (нифаққа) түсуі мүмкін, атап айтқанда: өзгелердің сөгісінен қорқып немесе басқа дүниелік себептермен өзін мүминмін деп тілімен айтуы мүмкін, бірақ жүректе басқаша. Демек, ихсан – діннің үшінші негізі, алғашқы екі негіз – иман мен исламды жетілдіріп жандандырады. Адамның дүниеге келген кездегі жан дүниесі кемел, таза болады. Адамның басты міндеті – жан тазалығы мен деннің саулығын сақтау. Өйткені жан өлмейді және қиямет күні Алланың алдында жан тазалығы мен кемелдігіне қарай адамның кейінгі мәңгілік тағдыры да айқындалады. Дененің ауыруы сияқты, біздің жанымыз да аурудан қараңғылануы мүмкін. Расында, балиғат жасқа жеткенше күнә жазылмайды. Одан әрі күнә-қателіктер жасалған сайын жан бірте-бірте қарайып, жүрек қатайып, нұры мен кемелдігі бұлыңғырланып, ақыр соңында осының бәрі иман мен ғибадатқа айтарлықтай кедергі келтіретін психикалық аурулардың асқынуына әкеледі. Ең жиі кездесетін, қауіпті және емделуі қиын жан ауруларына, жала, қызғаныш, сараңдық, екіжүзділік, ғайбат, мақтаныш, тәкаппарлық, біреуге көрсету үшін амал жасау т.б. жатады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Адамның амалдары қаншалықты әдемі болса да, ихсансыз жасалған болса, осы дерттерге шалдыққан болса, көкке (бірінші аспанның үстіне) көтерілмейтініне куәлік етеді. Сонымен қатар, олар адамның жақсы істерін бұзады және нәтижесінде ол ештеңесіз қалуы мүмкін», — деген.
Сондықтан, амалдарымыз бен ниеттерімізді ихсанмен орындауды нәсіп етсін!
Талғар қалалық, “Рахымберген қажы” мешітінің
бас имамы Мейрамбек Ақылбекұлы