preloader

Мақалалар

Ислам және дәстүр құндылығы

Ислам және дәстүр құндылығы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Дін мен дәстүр – қашан да бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым. Себебі, Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап ғасырлар бойы халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрайды. Қазақтың салт-дәстүрі Ислам дінінен бастау алатыны дәлелденген. Қай дәстүрді алып қарасақ та, Құран үкімдерін, ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін, сахабалар салған сара жолдың көрінісін көреміз.

Биыл ҚМДБ шешімімен «Дін мен дәстүр» жылы болып бекітіліп отыр. Осы күнге дейін біршама шаралар атқарылып, дәстүріміздің сандығы ақтарылып, дініміздің тамыры бекемдей түсті. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың санасын оятып, жаһандану заманындағы технологиялық ағыммен қатар рухани байлықты сақтап қалу көзделіп отыр. Өйткені, қазақтың тұрмысы мен өмірі қашан да Ислам дінімен қатар келеді.

Мәселен, бізде дүниеге шыр етіп келген нәрестеге ат қою дәстүрі бар. Туыс-туғандар жиналып, ат қоятын адам сәбидің құлағына «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, оң құлағына есімін үш қайталайды. Ал Ислам шариғаты бойынша туылған баланың құлағына азан шақырып, ат қою — сүннет. Содан соң, сәбиге арналған шілдехана, бесікке салу тойлары жасалады. Бұл дәстүрлер де бір-біріне жалғасқан, тамырын тереңге жайған баланың құрметіне арналған ізгі рәсімдер. Құранда дүниеге келген нәресте үшін сүйінші сұрау көрінісі бар. Демек, қазақтың қай дәстүрін алып қарасақ та, діңгегі Исламнан бастау алатындығын көреміз.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті, діннің рәмізі – сүндетке отырғызу қазақтың қанына сіңген дәстүр.

Қазақтың тағы бір әдемі, қазынасының біріне айналған құнды дәстүр — қыз айттыру. Қыз айттыру дәстүрінің көркемдігі – қыз бен жігіттің ата — аналары арасынан бастау алатын ибалығында. Бұл дәстүр дініміздегі «хитба» (арабша: қызға сөз салу, айттыру) жасаумен тікелей ұштасады. Ал қызға берілетін қалыңмалды шариғаттағы күйеу жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге болады.

Тойдың басы, әрі сәні болған, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін салтанатты, құнды дәстүрдің бірі — беташар. Беташар дәстүрі келінді көру үшін арнайы жасалады. Беташарда келінге оның туыс-туғандары таныстырылып, оларға сәлем салады. Сәлем салу – адамға сәжде жасау емес, үлкенге құрмет көрсету үрдісі. Шариғатымызда да үйленген соң той жасалады. Той жасау туралы пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Абдурахман ибн Ауф (р.а) үйленген кезде: «Бір қой болса да сойып, той жаса», — деген. Яғни, үйлену рәсімдерін адамдарға жария түрде өткізу – сүннет болып саналады

Қазақ халқы қашан да қонақжай болған. Қонақ күту қазақтың салты емес, заңына айналған. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат, сыбаға дайын тұрады. Қонаққа деген мұндай құрметтің негізі – Ислам дінінде жатыр. Әбу һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте қонақжай болған. Жейтін асын алдымен қонағына беріп, өзі аш жатқан күндері де болған. Халқымыздың қонақжайлығы, мейірбандығы, құдайы қонақты құрметтеуі, үйге келген кісіге нан ауыз тигізбей шығармауы – бәрі де шариғатымызға сай, пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берекелі өмірінен алған үлгі-өнегесі.

Қазақ халқында көнеден сақталып келе жатқан әдептілік үрдістерінен нағыз мұсылман ұстанымының боямасын анық көреміз. Солардың бірі – дастарханда отыру, тамақтану әдебі. Дастархан басына үлкендермен бірге отырып, тамақты оң қолымен алып жеу – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі әдеп.

Ибн Омардан (р.а) жеткен риуаятта пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қайсібірің тамақ жесе, оң қолымен жесін, ішсе де оң қолымен ішсін. Шындығында, шайтан сол қолымен ішіп, сол қолымен жейді». Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі асты оң қолымен жеу, әлдебір істі оңынан болсын деп, оң жақтан бастау, босағаны оң аяқпен аттау секілді ата-бабамыздың қалдырған дәстүрі асыл дінімізден бастау алған мұсылмандық дәстүр.

Қазақтың әдемі әдебінің бірі – есендік сұрап, сәлемдесу. «Сәлем — сөздің анасы» деп бекер айтпаған. Қазақ бабаларымыз ежелден «Ассалаумағалайкум» деп қос қолдап амандасқан. Таныс адамнан бөлек, таныс емес адамнан да есендік біліп, жөн сұрасқан. Шариғатымызда да бұл – сүйкімді іс. Танымайтын мұсылман бауырыңмен сәлемдесу – сүннет. Алғаш болып сәлем беру сауапқа жетелейтін ізгі істің бірі. Ежелден ата-бабаларымыз асыл дініміздің осындай құндылықтарын біліп, бойларына сіңіріп, ұрпаққа дәріптеген.

Қазақтың тағы бір мұсылмандыққа сай дәстүрлі әдебі – алғыс айту. Ата-бабамыз ежелден «қарғыс алма, алғыс ал» деп, адамдардан алғыс алып, Алланың рақымына бөленудің ізетті іс екенін біліп, күнделікті әдет-ғұрпына айналдырған. Қазақтың «рахмет» сөзінің мағынасы «рақым ет, Алланың рақымы жаусын» деген қастерлі бір ұғымды білдіреді.

Әбу һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарға алғыс айтпайтын адам, Аллаға шүкір етіп жарытпайды», – деген. Демек, қазақ халқының жақсылық жасау, оның қарымтасына алғыс айту деген салихалы әдебінің тамыры – асыл дінімізден бастау алатындығына көз жеткіземіз.

Қазақтың тағы бір керемет дәстүрі – бата. Олай дейтін дәлел-дәйек те жеткілікті. Ата-бабаның тілеуімен, дұға-тілектерімен келе жатқан ұрпақпыз. Бабаларымыз елі мен жерінің тұтастығы үшін аянбай тер төкті, болашақ ұрпағына берекелі батасын беріп, өнеге қалдырған. Ал бұл өнеге пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан игі дәстүр.

Ибраһим (а.с) ұрпақтары үшін құт-береке, тура жол тіледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мен — атам Ибраһимнің дұғасының жемісімін», — деген. Бабаларымыз да осы ислами дәстүрді бойларына сіңіріп, ұрпақтары үшін дұға жасап, бата берген. «Бата» сөзінің шығу тегі «Фатиха» сөзінен шыққан. «Фатиха» сөзі – «ашушы, беташар» деген мағынаны білдіреді. Батаның Фатихадан өрбитіндігіне қазақ тіліндегі батаның нұсқалары дәлел. Қазақта «бата оқыр» деп бір елге не қабірге барып Құран оқып қайтуды де айтқан. Демек, бата сөзінің түп-төркіні – «Фатиха». Ертеректе ата-бабаларымыз бата-тілектерін «Фатиха» сүресімен бастаған. Сол себепті, қазақ халқының сан ғасырдан бері келе жатқан асыл мұрасы – бата берудің түп-төркінін Исламнан іздегеніміз абзал екен. Тағы бір дәлел ретінде пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан жауын тілеп, дұға жасауымен тасаттық діни дәстүрдің өзара ұштастығын айтуымызға болады.

Кейбір зерттеушілер бірқатар ырымдарда тәңірлік сенімнің ізі бар деп қарастырған екен. Қабірге зиярат етуді серік қосу күнәсімен ұштастыратындар бар. Қазақ халқы «өлі разы болмай, тірі байымайды» деп әруақты сыйлаған халық. Қабірді зиярат етуге, Құран бағыштауға асыл дініміздің тыйым салмайтыны, қайта қолдайтыны белгілі. Адам кесенеге барып әруаққа сыйынбайды. Керісінше, Құран аяттарын оқып, марқұм үшін кешірім сұрап, дұға жасайды. Мұсылмандардың «Бүгін – адам, ертең – топырақ» екенін естеріне алып, қайтыс болған ата-бабаларының, туған-туысқандарының басына зиярат жасауының себебі осында.

Әрбір халықтың әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды. Ұлттың болмысы мен мәдениеті, әдебиеті, ділінің қалыптасу ағымын қалайды. Ата-бабамыз дініміздегі әрбір игі істерді санамызға сіңіріп, салтымызға айналдырған. Дін мен дәстүрді үндестіріп, дәстүрімізді байытып кеткен. Бізге «үш қасиетті: дінімізді, ділімізді, тілімізді сақта» деп шегелеп, мұралаған. Осы үш құндылықтың тұтастығына берік болып, ұрпаққа дәріптеу парыз. Қазақстанның сауатты болашағын тәрбиелеу үшін, сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз бен ғұлама-ғалымдарымыздың ұстанған дара жолына бекем болуға тиіспіз!

Уркимбаева Оксана,

Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің ұстазы