preloader

Мақалалар

ИСЛАМНЫҢ ТІРЕГІ БОЛҒАН ТӨРТ ХАДИС

ИСЛАМНЫҢ ТІРЕГІ БОЛҒАН ТӨРТ ХАДИС

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаcына салауаттар мен сәлемдер болсын!  

Қасиетті Құраннан кейін екінші шариғат негізі – Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері. Алла Елшісі қасиетті Құранды адамдарға жеткізуші ғана емес, оның терең сырлы аяттарын сөзі және ісі арқылы түсіндіріп, баяндаушы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

هُوَ الَّذِي بَعَثَ فِي الأُمِّيِّينَ رَسُولاً مِّنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ

«Ол хат танымайтын қауымға өз ішінен бір Елші жіберді. Ол Елші оларға Алланың аяттарын оқиды, оларды тазартады, сондай-ақ Кітап пен даналықты үйретеді», – деп айтқан («Жұма» сүресі, 2-аят).

Бұл аятта ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өкілеттілігіне Алла Тағаланың аяттарын оқып, түсіндіру, адамдарды тәрбиелеу әрі даналықты үйрету кіретіні айтылған.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәріпте:

تَرَكْتُ فِيكُمْ أَمْرَيْنِ لَنْ تَضِلُّوا مَا تَمَسَّكْتُمْ بِهِمَا: كِتَابَ اللهِ وَسُنَّةَ نَبِيِّهِ 

«Сендерге екі нәрсе қалдырдым: бірі, Алланың кітабы – Құран, екіншісі, Пайғамбарының – сүннеті. Осыған берік болсаңдар мүлде адаспайсыңдар», –деген (имам Мүслим).

Хадистер ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен сахабалар дәуірінде қағаз бетіне түсіріліп, кейбір хадис жазбалары жарық көрсе де, жүйелі түрде сахабалар дәуірінен кейін жинақтала бастады. Оларды жинақтау, тізбегін зерттеу, дұрыс, әлсіз, жалған хадис екенін анықтау үшін өмірін арнаған қаншама ғұлама-ғалымдарымыз болған.

Діні мен дәстүрін құрметтеген қазақ халқының жадына көптеген хадистер мақал-мәтел, даналық сөз ретінде еніп кеткен. Хакім Абай:

АлланыңПайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық – иманымыз, – деп Алланың дінін ұстаған адамның Пайғамбар сүннетімен жүру керектігін айтқан.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәнді де мағыналы, рухани тәрбиелік хадистері өте көп. Бүгінгі жұма уағызымызда ғалымдардың сүннет негіздері деп таныған төрт хадиске тоқталмақпыз:

 

Бірінші хадис

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّمَا الأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى، فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إِلَى دُنْيَا يُصِيبُهَا، أَوْ إِلَى امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا، فَهِجْرَتُهُ إِلَى مَا هَاجَرَ إِلَيْهِ

«Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты және шынында да әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның Елшісіне (қарай) қоныс аударса, ол Алла мен Оның Елшісі үшін қоныс аударған (болып саналады), ал кім мал-дүние табу не бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)», – деген.

Бұл ғибратты хадистің мән-мағынасы үлкен. Әбу Ғубайд (Алла оған разы болсын): «Хадистердің ішінде бұдан әмбебап, бұдан маңызды және пайдасы көп хадис жоқ», – дейді. Имам Әбу Дәуід (Алла оны рақымына алсын): «Хадистегі «Амалдар ниетке байланысты» деген сөз исламның тең жартысын құрайды. Әрбір амалдардың сыртқы бейнесі бар. Ол көзге көрініп тұрады. Біз мұны «Заһири» деп айтамыз. Мысалы, намаз оқу, ораза ұстау, қажылық жасау, зекет беру т.б. Алайда мұның ішкі жағы бар. Мұны біз «Батыни» дейміз. Ол көзге көрінбейді. Бұл пенденің ішкі ниеті», – деген.

Бұл хадис әркез ниетімізді жөндеп, Алланың разылығы үшін болған ниеттің барлығынан жоғары тұратынын үйретеді. Хадистің айтылуы себебіне қатысты мынадай оқиға баяндалады:

Бірде меккелік бір кісі Үмму Қайс есімді әйелге үйленуді қалайды. Алайда Үмму Қайс Мәдинаға өзімен бірге көшетін болса ғана оған тұрмысқа шығатынын айтады. Сосын әлгі кісі бәрін қойып, мұсылмандармен бірге Мәдинаға жолға шығады. Меккелік мұсылмандар әйел үшін көшуді қалаған адамның діндегі орны қалай болады, оған сауап жазыла ма? – деп ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келеді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыдағы хадисті баян еткен.

Ниеттің жақсысы мен ең жақсысы, жаманы мен ең жаманы болады. Егер пенденің мақсаты ақырет үшін болса, онда жақсы ниет болғаны, ал тек Алла Тағаланың разылығын ғана табу болса, ондай ниет – ең жақсы ниет. Сол секілді көздеген мақсаты дүние тіршілігі үшін болса, онда – ол жаман ниет. Ал талпынған мақсаты құрғақ сөз ретінде ақыретті желеулетіп, алайда түпкі мақсаты дүниелік пайда табу ғана болса, онда – ең жаман ниетте болғаны. Сондықтан Қасиетті Құран Кәрімде ниеттің алғашқысына ие болғандар жайында «Әбрар» (жақсылар) деп, екіншісіне қол жеткізгендер үшін «Муқаррабун» (Аллаға ең жақындар) деп атаған. Сол үшін ең жақсы ниетте болу адам баласының жан дүниесін тазартады. Жаратқанның разылығына жетелейді.

 

Қисса

Табиғин өкілінің атақты ғалымы Суфян әс-Саури (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Бір күні Фудайылға бардым. Ол екеуміз қасиетті Құран аяттары мен хадистерді оқыдық, мысалдар келтірдік, ғибратты оқиғаларды айтып, бірге әңгімелестік. Сосын мен оған: «Бүгінгі кешкі отырысымыз берекелі болды. Жеке дара отырғаннан гөрі сұқбат құрып, бірге отырғанымыз қандай керемет болды», – дедім. Сонда Фудайыл: «Бүгінгі түніміз де, кешкілік жасаған сұқбатымыз да жарамады. Ең жаман мезгіл болды», – деді. Неге «олай дедіңіз?» деп едім, ол: «Өйткені сен сұқбат барысында менің көңілімнен шығу үшін, яғни мені разы ету үшін барыңды салдың. Мені риза ететін тағы да не айтсам екен деп отырдың. Сол секілді мен де сенің көңіліңнен қалай шықсам екен, сені қалай разы етсем екен деген жауаптарды іздестіріп отырдым. Екеуміз де бір-біріміздің сөздерімізге тәнті болып, Жаратушы Алла Тағаланы разы етуді ұмыт қалдырдық. Сондықтан жалғыз отырып, Алла Тағаланы дәріптегеніміз әлде қайда жақсы», – деп жауап берген екен.

 

Екінші хадис

Әбу Абдулла Нуғман ибн Башир (Алла оған разы болсын): «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ الحَلاَلَ بَيِّنٌ، وَإِنَّ الْحَرَامَ بَيِّنٌ، وَبَيْنَهُما أُمُورٌ مُشْتَبِهَاتٌ لاَ يَعْلَمُهُنَّ كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ؛ فَمَنِ اتَّقَى الشُّبُهَاتِ فَقَدِ اسْتَبْرَأَ لِدِينِهِ وعِرْضِهِ، ومَنْ وَقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وَقَعَ فِي الْحَرَامِ؛ كَالرَّاعِي يَرْعَى حَوْلَ الْحِمَى يُوشِكُ أَنْ يَرْتَعَ فِيهِ. أَلاَ وَإِنَّ لِكُلِّ مَلِكٍ حِمًى، أَلاَ وإِنَّ حِمَى اللهِ مَحَارِمُـهُ، أَلاَ وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ؛ أَلاَ وهِيَ الْقَلْبُ.

«Ақиқатында, халал да белгілі, харам да белгілі, ал олардың арасында адамдардың көпшілігі білмейтін күмәнді нәрселер бар. Күмәнді нәрседен сақтанған өз дінін және өз абыройын (сақтау) үшін (одан) арылады, ал күмәнді затты пайдаланушы харамға да баратын болады. Өйткені ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар, ал Алла Тағаланың қорығы – тыйым еткен істері. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады, ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, шын мәнінде ол – жүрек», – дегенін естідім», – деген.

Пенденің іс-әрекеті жақсы не жаман болуы оның жүрегіне байланысты болғандықтан жүректің түрлі дерттерден сау болуы үшін халал дүниені пайдаланып, арам мен күмәнді істерден бас тартуы қажет. Осы тұрғыда бұл хадистің мән-мағынасы өте үлкен. Ибн әл-Мулаққин: «Анығында, жүректің дұрыстығы бес жағдайда көрінеді: ойланып Құран оқығанда, аш қарында, түнгі (таһажжуд) намазын оқығанда, таң алдында Алла Тағалаға жалбарынғанда және шыншылдармен мәжіліс құрғанда. Мен: «Халалдан жеу – осы айтылғандардың бәрінің басы дер едім», – деп айтқан.

Күмәнді істерден бас тарту – тақуалықтың белгісі. Суфиян әс-Сәури: «Ақиқатында, оларды тақуалар (муттақун) деп атай бастады, өйткені олар (әдетте адамдар) сақтанбайтын нәрселерден сақтанатын еді», – дейді. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі күмәнді істерден сақтанатын болған. Хадис шәріпте: «Шын мәнінде мен үйге келгенімде төсегімнің үстінде жатқан құрманы көремін және (алдымен) оны жемек болып көтеріп алып, бірақ садақадан ба деп күмәнданамын да, одан бас тартамын», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Өйткені Алла Елшісіне садақа алу тыйым етіліп, ал сыйлық қабылдау адал етілген болатын.

 

Қисса

Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) әртүрлі қызметтерді атқаратын және тамақ әкелетін қызметшісі бар еді. Бір күні ол Әбу Бәкірге (Алла оған разы болсын) аздаған тағам әкеліп береді. Әбу Бәкір оны жеп алады. Қызметші оған: «Әр тамақ әкелген сайын қайдан әкелгенімді сұраушы едіңіз ғой», – дейді. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) оған қарайды да: «Менің қарным қатты аш еді… Сонымен, қайдан алдың?» – дейді. Қызметші: «Надандық кезінде мен бір кісіге болашақты болжап беріп едім. Алайда бал ашуды немесе болжауды білмейтінмін. Жай ғана оны алдап соқтым. Бүгін оны жолықтырып едім, айтқанымның орындалғанын жеткізіп, осы тамақты беріп кетті», – дейді. Бұған ашуланған Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Сен сәл болмағанда мені құрдымға кетіре жаздадың», – дейді де, қолын аузына салып, жегенін құсып тастайды. Одан: «Бар болғаны бір тілім үшін бе?» – деп сұрағанда: «Егер ол менің жаныммен бірге шығатын болғанда, солай шығарар едім». Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тыйым салынғанмен өскен дененің әрбір мүшесі отқа түсуге лайық», – деген еді деп жауап берген екен.

 

Үшінші хадис

Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсы):

أَيُّهَا النَّاسُ، إِنَّ اللهَ طَيِّبٌ لَا يَقْبَلُ إِلَّا طَيِّبًا، وَإِنَّ اللهَ أَمَرَ الْمُؤْمِنِينَ بِمَا أَمَرَ بِهِ الْمُرْسَلِينَ، فَقَالَ: يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا، إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ  (المؤمنون: 51) وَقَالَ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ (البقرة: 172) ثُمَّ ذَكَرَ الرَّجُلَ يُطِيلُ السَّفَرَ أَشْعَثَ أَغْبَرَ، يَمُدُّ يَدَيْهِ إِلَى السَّمَاءِ: يَا رَبِّ، يَا رَبِّ، وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ، وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ، وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ، وَغُذِيَ بِالْحَرَامِ، فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ؟

«Уа, адамдар! Расында, Алла – мінсіз. Сондықтан Ол тек пәк (таза) нәрсені ғана қабыл етеді. Шын мәнінде, Алла елшілерге бұйырғанын мүміндерге де бұйырды. Аса Ұлық Алла: «Уа, елшілер! Таза ризықтардан жеңдер де, ізгі амал істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят), «Уа, иман келтіргендер! Ризықтандырғанымыздың жақсыларынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят), – деген», – деді. Сонан соң үсті-басы шаң, шаштары ұйысқан, ұзақ жол жүріп келген қалпында қолдарын көкке (қарай) көтеріп: «Уа, Раббы! Уа, Раббы!» деп (қайталап) тұрған адам туралы: «Жегені харам, ішкені харам, кигені харам және хараммен азықтандырылған (асырап өсірілген) оның дұғасы қалайша қабыл болсын?!» – деп айтты», – деген.

«Расында, Алла – мінсіз, сондықтан Ол тек пәк (таза) нәрсені ғана қабыл етеді», – дегеннің мағынасы: Алла Тағала садақа ретінде берілгеннен тек тазасы мен халалын ғана қабыл етеді, – деген сөз.

Мұсылманның әрбір ісі пәк әрі қабыл болуы үшін ең алдымен оның ішіп-жеген тағамы таза және адал болуы қажет. Бұл хадисте адамның іс-амалы тек адалды азық етсе ғана қабыл болатынына нұсқау бар және тыйым салынғандар іс-амалдарды бұзатыны, сондай-ақ олардың қабыл болуына кедергі жасайтыны айтылған.

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Бір күні Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі таза азықтардан жеңдер», – деген аят оқылды. Сол кезде Сағд ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын) орнынан тұрды да: «Уа, Алланың Елшісі! Алла Тағаладан менің дұғамның қабыл болуын сұраңызшы», – деді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Сағд! Жеген тағамың адалдан болсын, сонда дұғаң қабыл болады. Мұхаммедтің жаны қолында болған Алла Тағаламен ант етейін, егер Алланың құлы бір түйір арам (нәрсені) жұтса, Алла оның амалдарын қырық күн бойы қабыл етпейді, ал кез келген пенденің арамнан нәр алған тәніне – тозақ лайықтырақ болады», – деп айтты», – деген (имам Табарани).

Сонымен қатар бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан сөзінің сахабаларға түсінікті болуы үшін сапардағы адамды тілге тиек ету арқылы мысал келтірген. Адамның сапарға шығуы, қиналуы, қолын көтеруі дұға қабыл болуының себептерінен.  Алайда ол адамның дұғасы қабыл болуына ішкен-жегенінің арамнан болғандығы кедергі келтіруде екені баяндалған.

 

Төртінші хадис

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ. رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ، وقَالَ: حَسَنٌ

«Адамның исламды жақсы ұстануының белгісі – оның өзіне қатысы жоқ істен бас тартуы», – деген.

Бұл хадис ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көлемі жағынан қысқа болғанымен, мазмұны жағынан терең хадис саналады. Шындығында, бұл сөздер дініміздің жартысын қамтиды, өйткені дін дегеніміз – бір амалды орындау және екінші бір амалдан бас тарту, ал бұл жерде бас тарту туралы айтылған.

Мұсылман адамның исламды жақсы түсініп, дінінде бекем болуының бір көрінісі – өзіне қатысы болмаған істермен айналыспау. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Сахабалардың бірі дүние салғанда бір адам: «Ол жаннатпен сүйіншіленді», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен білмейсің ғой! Бәлкім ол өзіне қатысы жоқ іс туралы айтқан болар немесе өзінде артық болған дүние-мүлікке сараңдық танытқан болар?» – деді», – деген (имам Термизи).

Өзіне қатысы жоқ істерден бас тартқан адамның екі дүниеде қадір-қасиеті жоғары болады. Имам Мәлик: «(Бір күні) адамдар Лұқманнан оның қадір-қасиеті туралы: «Біз куә болып жүрген жағдайға жетуіңізге не жәрдем етті?» – деп сұрайды.  Лұқман Хакім: «Мен шыншыл болдым, аманатқа қиянат етпедім және маған қатысы жоқ іспен айналыспадым», – деп жауап береді», – деген.

Ал өзіне қатысты жоқ істермен шұғылдану пенденің өзгелер алдында қадір-қасиеті мен дәрежесін түсіріп қана қоймай, Жаратушыға да ұнамсыз істерден деп танылады. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағаланың Өз құлынан теріс бұрылуының (назар салмауының) белгісі: Оны (пендесін) өзіне қатысы жоқ істермен айналыстырып қояды», – деген.

 

Қадірменді жамағат!

Бұл жоғарыдағы төрт хадистің әрқайсысынан алынатын көптеген ғибраттар мен пайдалар бар. Маңыздысы, әрбір мұсылман ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінің маңызын түсініп, Хақ Сардарының сөзі мен істері баяндалған хадис шәріптерді құрметтеп, түсініп, амал жасай білуі тиіс. Имам Абу Ханифа (Алла оны рақымына алсын): «Адамдардың арасында хадис үйренушілер жоғалмайынша олар туралықта жалғаса береді. Қашан олар білімді хадиссіз үйренсе, сонда олар бүлінеді», – деген. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де:

كُلُّ أُمَّتِي يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ إِلَّا مَنْ أَبَى، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ، وَمَنْ يَأْبَى؟ قَالَ: مَنْ أَطَاعَنِي دَخَلَ الْجَنَّةَ، وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ أَبَى

«Менің үмметімнің бас тартқандарынан өзгесінің барлығы жәннатқа кіреді», – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Сонда кім бас тартады?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім маған бойсұнса ол жаннатқа кіреді, кімде-кім маған қарсы шықса онда ол бас тартқаны», – деген (имам Бұхари).

Алла Тағала баршамызға пайдалы ілім нәсіп етіп, қасиетті мәуліт айындағы салауаттарымызды сауаптан жазып, жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл алғай!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі