Ізгілермен дос болу
Адам баласы жалғыз өмір сүрмейді. Біз үнемі біреумен сырласамыз, кеңесеміз, бірге жүреміз. Сондықтан дос таңдау – өміріміздегі ең маңызды шешімдердің бірі. Өйткені достық – тағдырды айқындайтын үлкен күш. Жақсы дос адамды ізгілікке жетелейді, ал жаман дос жамандыққа итермелейді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрі сабыр етіп, таңертең және кешке Раббысын разылығын қалап, зікір етушілермен бірге бол!»
(Кәһф сүресі, 28-аят). Бұл аятта Жаратушы бізге тақуа, ізгі жандармен бірге болуды бұйырады. Тағы бір аятта былай делінеді: «Сол күні (Қияметте) зұлым адам қолын шайнап: “Әттеген-ай! Пайғамбармен бірге жол тұтсам еді! Қап, пәленшені дос қылмасам еді!” – дейді»
(Фурқан сүресі, 27–28-аяттар). Бұл аяттан түйетініміз – жақсы дос ақыретте қуаныш, ал жаман дос өкінішке себепші болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде де: «Адам діні – досының дініне ұқсайды. Әрбірің кіммен дос екеніне қарасын» (Әбу Дәуд). «Жақсы дос пен жаман достың мысалы – миск сатушы мен ұстахана иесі сияқты: миск сатушыдан жақсы иіс аласың, ал ұстаханада киімің күйіп, жағымсыз иіс сіңеді» (Бухари, Муслим). «Жақсы жолдас – саған ақиқатты еске салады, жаман жолдас – дүниені сүйгізеді» (Ахмад ибн Ханбал). Бұл өсиеттер мұсылманға: «Жақсы адамдарды дос ет, жаманнан бойыңды аулақ қыл» – деген насихат береді.
Қазақ халқы да достыққа ерекше мән берген:
-
«Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа».
-
«Досы жақсының – өзі жақсы».
-
«Жаман жолдастан – жақсы жалғыз».
-
«Жақсы – ай мен күндей, жаман – тұман мен түндей».
Бұл мақал-мәтелдер халықтың өмірлік тәжірибесінен туған хикмет.
Әли ибн Әбу Талиб (р.а.):
«Ізгі адамдармен дос болыңдар. Өйткені олар гүлге ұқсайды: жанында отырсаң, хош иісінен нәсіп аласың».
Имам Шафиғи (р.а.):
«Ізгі дос – сенің қателігіңді бетіңе айтады. Жаман дос – қателігіңді қоштайды».
Жүсіп Баласағұни:
«Жақсы жолдас – жанға шипа, жаман жолдас – тәнге дерт».
Әбу Хамид әл-Ғазали:
«Дос таңдауда асықпа. Алдымен оның иманына, тақуалығына қара. Өйткені дос – сенің дініңнің бір бөлшегі».
Достықтың ақыреттік жауапкершілігі
Жаман дос адамды күнәға, харамға, ұятсыз істерге жетелейді. Бірақ дүниеде көңіл көтергенімен, ақыретте одан безеді. Алла Тағала Құранда: «Достардың бәрі ол күні (Қияметте) бір-біріне дұшпан болады. Бірақ тақуалар ғана (шын достықта қалады)» (Зухруф сүресі, 67-аят). Яғни, дүниедегі достықтың шынайы бағасы ақыретте анықталады. Әрқайсымыз өз досымызға қарауымыз керек: ол бізді намазға шақыра ма, әлде одан алыстата ма? Иманымызға көмек пе, әлде күнәға серік пе? Жақсы дос – жүрекке нұр құяды, қолыңнан ұстап, жәннатқа бастайды. Жаман дос – дүниеде алдайды, ақыретте тастап кетеді. Сондықтан Пайғамбарымыздың өсиетін ұстанып, тақуа достарды таңдайық. Ғалымдармен сұхбаттасайық, мешіт жамағатымен бірге болайық. Алла Тағала баршамызға иманды достар нәсіп етіп, жаман жолдастардан сақтасын!
Пайдаланылған дереккөздер:
-
Құран Кәрім: Кәһф сүресі, 28-аят; Фурқан сүресі, 27–28-аяттар; Зухруф сүресі, 67-аят.
-
Әл-Бухари, «Сахих».
-
Муслим, «Сахих».
-
Әбу Дәуд, «Сунан».
-
Ахмад ибн Ханбал, «Муснад».
-
Қазақтың мақал-мәтелдері.
-
Әл-Ғазали, «Ихия улумид-дин».
-
Имам Шафиғи нақыл сөздері.
-
Жүсіп Баласағұни, «Құтты білік».
-
Әли ибн Әбу Талибтің нақыл сөздері.
Алматы облысы, Қарасай ауданы,
Қаскелең қалалық «Әзірет Омар» мешітінің имамы
Нұрбосынов Ғани

