preloader

Мақалалар

Кешірімді болудың маңыздылығы

Кешірімді болудың маңыздылығы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де Қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Кез келген мұсылманның бойында жастайынан қалыптасуға тиісті басты қасиеттердің бірі – кешірімділік. Себебі, Ислам кешірімді болуға шақырады және басқа адамдарға жанашырлық, қолдау бірдіруге үндейді.

Біздің өмірімізде бәрі біз қалағандай бола бермейді. Бізге әрқашан жақсылық жасалмайды, басқалармен қарым-қатынасымызда әрқашан өзімізді лайықты ұстай бермейміз. Бізді кім ренжітсе де, жамандықты кешіре алмау, ең алдымен өзімізге зиян. Бұл нәрсе жүк сияқты болып, шүкіршілікке толы өмір сүруімізге кедергі келтіреді. Бақытымызға орай, біздің сеніміміз өмірдің барлық салаларын реттейді және кез келген жағдайда біздің басты көмекшіміз ретінде әрекет етеді.

Ешкім күнәсіз емес, әрқайсымыз белгілі-бір жерде сүрініп, өзімізге және басқа адамдарға зиян келтіруіміз мүмкін. Біздің борышымыз – мейірімділік таныту, бізге тән адамдық болмысымызды көрсету, шынайы түрде кешіру. Егер біз басқаларға кешірімді болмасақ, Алла Тағалағадан өз күнәларымыздың кешірілуін қалай сұрай аламыз?

Қасиетті Құранда кешірімді болудың маңызы туралы былай деп келеді:

«Бір ауыз жылы сөз, біреудің айыбын жасыру һәм қатесін кешіру арты (қайыр-садақа алған адамды) ренжітуге ұласатын садақадан әлдеқайда қайырлы» («әл-Бақара» сүресі, 263 аят).

«Кешірімділік жолын ұстан, құпталғанға (ғұрыпқа) бұйыр және надандардан теріс бұрыл» («әл-Ағраф» сүресі, 199 аят).

«Кімде-кім кешіре білсе һәм (өшпенділікке бой алдырмай өзіне қиянат жасаған адаммен) мәмілеге келсе, ондай жанның сауабын Алланың Өзі береді. Шүбәсіз, Ол қиянатшыл залымдарды еш ұнатпайды» («аш-Шура» сүресі, 40 аят).

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды, өзгелерді кешірумен Алла құлының даңқын арттырады. Алла үшін кішіпейілдік танытқан пендені, Ұлы Алла Тағала әлбетте жоғарылатады» деген өсиет қалдырған.

Құран аяттары мен Алла елшісінің хадистерін басшылыққа алып, өз өмірінің ұстанымына айналдырған дана халқымыз «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» дейді.

Сондай-ақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген бабаларымыздың сөзінде үлкен ғибрат бар. Исламда да өзгелердің қатесін кешіре білу – адамгершіліктің ең бір жоғарғы үлгісі ретінде айтылады.

Табиғин Хасан әл-Басри (Алла ол кісіні рақымына алсын):

«Мүміннің мінезінің ең абзалы – кешірімділік», деп айтқан. Өкпелеу, ренжу, көңіліне алып қалу – әр адамның қолынан келеді, бірақ кешіру – жүрегіне иман ұялаған адамға тән қасиет.

Қорыта келе, Алла Тағаланың мейірімінен үміт етіп, өзгені кешіре білген мұсылман Қиямет күні жоғары дәрежеге ие болары сөзсіз. Ал кім мейірімділік танытпаса, соның бәрінен айырылады. Себебі, кешірім – шынайы иманның көрінісі.

Қарасай ауданы, Абай ауылдық

«Шабдарұлы Смағұл – Сәрсенбайұлы Еркінбай» мешітінің имамы Босымхан Байтуғанұлы