preloader

Мақалалар

Мәулітті атап өтуге бола ма?

Мәулітті атап өтуге бола ма?

Жыл сайын ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған айына орай Мәуліт мерекесін атап өтеміз. Кейбір бауырларымыз бұл амалды бидғат (жаңашылдық) деп қабылдап, оған қатысты кері пікірлер айтуда. Осыған байланысты бұл мәселені халыққа түсіндіруді жөн көрдік. Алдымен бидғат сөзінің мағынасын ашып алайық.

Тілдік тұрғыдан бидғат сөзі енгізілген жаңа нәрсе дегенді білдірсе, дінде бұл Құран мәтінінен, Алла елшісінің сүннетінен және оның сахабаларының сөздерінен келмеген жаңашылдық.

Бидғат туралы екі негізгі пікір бар:

Бірінші топ өкілдері жақсы бидғат (бидғатун хасана) және жаман бидғат (бидғатун сәйиә) бар дейді. Бұл ғалымдар тобы жақсы бидғатты дінге жаңа, бірақ пайдалы қосымша деп санайды. Сөйтіп, қасиетті Құрандағы «әл-Ахзаб» сүресінің аятында былай дейді:

«Расында Алла және оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады! Уа, иман еткендер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни, оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыластарыңмен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)!» деген 56-шы аятын негізге ала отырып, Мәулітті тойлауды рұқсат деп санайды.

Екінші топ ғалымдары кез-келген бидғатты, діндегі қандай да бір жаңа тәжірибені дұрыс емес дейді. Соның ішіне Мәулітті де жатқызады.

Мәулітті жақсы бидғат амал дейтіндер сахабалардың әрекетіне сүйенеді.

Мысалы, Құранды Омар ибн Хаттабтың (р.а.) ұсынысына сәйкес әділетті халифа Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а.) бір нұсқаға жинатқанын білесіз бе? Алла елшісінің (с.ғ.с.) кезінде Құран аяттары жапырақтарда, қағаздарда және т.б. нәрселерде жазылған болатын. Осының бәрін бір кітап етіп жинаған Әбу Бәкір (р.а.) еді.

Осман (р.а.) халифа болған кезде адамдарға мешітке бару үшін уақыттың аз екенін ескерту мақсатында жұма намазының құтпасының алдында қосымша азан енгізеді.

Бұл әрекеттер бұрын-соңды болмаған жаңашылдық еді, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларды ешқашан жасамаса да, оның саңлақ сахабалары аталмыш нәрселерді дініміз үшін қолайлы деп санады.

Осының бәрін негізге ала отырып, бірінші топ ғалымдары Мәулітті Алла елшісіне (с.ғ.с.) сүйіспеншілікке толы мереке ретінде қабылдап, оған рұқсат еткен.

Екі дүние мырзасы (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Оның күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі» деп өз үмметін сүйіншілеген. Демек, Хақ Елшісіне (с.ғ.с) салауат айтып, сәлем жолдап, өмір жолын өлең-жырмен өрнектеудің ағаттығы жоқ деп білеміз.

«Алла елшісіне мадақ айтып, оны қадірлеп, құрметтеу – тұтас дінді мадақтап, қадірлеу. Пайғамбарымызды құрметтемеу – тұтас дінге деген құрметсіздік» деген ғалымдарымыздың пікірін негізге ала отырып, Мәулітті сауабы мол ізгі амалдардың бірі екенін, мәуліт жырын оқыған адамның да, тыңдаушының да жүрегі жұмсақ болатынын, Мәулітті атап өтуге болатындығын айтқымыз келеді.

Алла Тағала жүрегімізді пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілікпен толтырып, баршамызға оның (с.ғ.с.) сүннетін жақсы көріп жүруді нәсіп етсін. Әмин!

 

                                                                                                                                         Әнуархан Ғазизұлы,

                                    Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылдық мешітінің имамы