МЫҢ АЙДАН ҚАЙЫРЛЫ ҚАДІР ТҮНІ
Қасиетті Рамазан айы келгенде көпшілік мұсылман бұл айдың ішінде ерекше Қадір түні барын жақсы біледі. Ұлы Жаратушыға сенімі берік мұсылман ауыз бекітіп, ауызашар беріп, құлшылыққа бет бұрады. Биылғы құлшылық пен тіршіліктің көктемі болған қасиетті ай да бітуге жақын.
Негізі асыл дініміз исламда қасиетті саналатын үш ай бар. Олар Ережеп, Шағбан, Рамазан. Бұл үш ай басқа айларға қарағанда жоғары тұрады, құлшылықты арттыруға себеп болады. Ережеп айында Рағайып түні, Шағбан айында Бараат түні, Рамазан айында Қадір түні бар.
Бүгінгі мақаламызға арқау болар тақырып – Қадір түні. Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болатын бұл түнді – тағдыр түні деп те айтады. Яғни, Қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады делінеді. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп жазылған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабымен бірдей.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны», дейді. Абдулла ибн Аббас (р.а.): Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады», – деген.
Бұл түні мешіттерде жамағат саны күндегіден артады. Мешіттерде рухани кеш секілді жоспарлы шаралар өтеді. Сұрақ – жауап, уағыз-насихат, құлшылықтар бұл түннің басты шарасына айналады. Қадір түні мешітке келіп, құлшылығын арттырып, осы күннің сауабынан құр қалғысы келмейтіндердің басым көпшілігі – жастар. Кейбірі Қадір түні деген жалпы ұғымға сай мешітке келіп садақа беріп, уағыз тыңдап көршілікпен уақыт өткізіп жаста, енді бірі барынша құлшылық жасап тиісті міндеттерді атқарады. Осы тұрғыда Қадір түні не істеу керек, осы жайында да айта кетсек. Ең алдымен ер адамдар кешкі намаздарды мешітте жамағатпен бірге өткізгендері абзал. Келесі амал – нәпіл намаздарды көбірек оқу. Себебі, осы түнді ғибадатпен өткізген адамның күнәлары кешіріледі. Мұсылманның қаруы – дұға деген сөз бар. Қадір түні көпшіліктің барынша көп дұға жасағаны абзал. Періштелер жер бетін қаптаған осы түні дұғалардың қабыл болатыны сөзсіз. Жасалуы тиіс және бір құлшылық – Құран оқу. Құран түскен айда Құранға көңіл бөліп, оны оқу ғибадаттың үлкені. Жалпы алғанда қасиетті Қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген пенденің дұғасы қабыл. Көпшілік арасында әлі де болса Қадір түнін ұйықтамай өткізу керек деген түсінік бар. Бұл түні ұйықтамай, қыдыр атаны күтіп, дастархан жайып отыру деген түсінік қате ұғым. Шамасының келгенінше құлшылықпен өткізген пенде ғана сауапқа кенеледі. Ал, күтпеген пенде күнәға батпайды. Осыны ұғынып алғанымыз жөн.
Алла тағала Қасиетті айдағы Қадір түні жасаған дұғаларымызды қабыл етіп, елімізге тыныштық, дінімізге қуат берсін.
Ринат Қаби
Талғар аудандық «Әбу Бәкір ас-Сыддық» мешітінің Бас имамы

