НЫҒМЕТКЕ ШҮКІР ЕТУ – ИМАНДЫЛЫҚ БЕЛГІСІ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адам баласының рухани кемелдігіне дәлел болатын ізгі құндылықтардың бірі – шүкірлік. Алла Тағала бізге өмір, денсаулық, ризық, отбасы сияқты көптеген нығметтерді сыйлады. Ол нығметтерді есептер болсақ, санына да жете алмаймыз. Осы нығметтерді балағалап, қадірін біліп, шүкір ету арқылы пенде атаулы Жаратушының бұйрығын орындап, Оның ризалығына кенеледі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
فَٱذْكُرُونِىٓ أَذْكُرْكُمْ وَٱشْكُرُواْ لِى وَلَا تَكْفُرُونِ
«Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын. Маған шүкірлік етіңдер, алайда қарсы болмаңдар», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 152-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ، وَلَيْسَ ذَاكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ؛ إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ، وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ
«Мүмин адамның жағдайына таң қаласың! Шындығында, оның кез келген ісінде қайыр бар әрі бұл, мүминнен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында қайыр бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне қайыр болып оралады», – деген (имам Мүслим).
Қазақ халқы: «Барға қанағат, жоққа сабыр», – деп адам баласына берілген нығметке қанағат, шүкір етуі керектігін айтқан. Мәшһүр-Жүсіп бабамыз «Бес қымбат» деген өлеңін де адам баласы үшін қажетті болған бес маңызды рухани құндылықтың бірі шүкір екенін айтып:
Төртінші, қымбат нәрсе – шүкір деген,
Нығметке шүкірсіздік – күпір деген, – дейді.
Шүкірліктің негізгі үш түрі бар. Ол: жүрекпен, тілмен және іспен шүкір ету. Шүкірліктің мән-мағынасын толық түсінуіміз үшін бүгінгі жұма уағызымызда шүкірліктің осы аталған үш түріне жеке-жеке тоқталамыз.
Жүрекпен шүкірлік ету – шүкірліктің ең үлкен түрі. Өйткені шүкірлік тек қана «шүкір» деген сөзден ғана емес, пенденің жүрек түбінен бастау алуы қажет. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын): «Шүкірліктің ең жоғары деңгейі – адам жүрегінде барлық нәрсенің Алладан екенін мойындау», – деген. Жалпы жүрекпен шүкір ету деп – Алланың берген үлкенді және кішілі барлық нығметтің Одан екенін мойындап, оны бергені үшін Жаратушыны жақсы көру арқылы болады. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахыл» сүресінің 53-аятында:
وَمَا بِكُم مِّن نِّعْمَةٍۢ فَمِنَ ٱللَّهِ
«Сендердегі әр нығмет Алладан», – деп айтқан.
Жүрек – адам денесінің патшасы болғандықтан онда пайда болған шүкірлік тілінен және бүкіл денесі арқылы амалмен көрініс табады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
أَلا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةٌ إذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ ، وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ ، أَلا وَهِيَ الْقَلْبُ
«Расында адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Егер ол бұзылса, барлық денесі бұзылады. Ол кесек ет жүрек емес пе?» – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Ғалымдарымыз жүректің шүкірлігін оятатын істердің негізгісі үшеу екенін айтады. Ол:
Әуелі: Алла Тағаланың берген нығметтері турасында терең ойлану. Адам баласы кейде жалғыз отырып, Алла Тағаланың өзіне берген нығметтері турасында терең ойлануы қажет. Бұл іс сөзсіз оның жүрегін шүкірлік, ризалық сияқты рухани құндылықтарға толтырады.
Екінші: Алла Тағаланың өзіне берген тағдырына риза болу. Пенде Алла Тағала өзінің пешенесіне жазған тағдырына еш налымай, жүрегімен ризалық танытуы тиіс. Лұқман Хакім өзінің ұлына: «Мен саған Аллаға жақындататын және оның ашуынан алыстататын істі өсиет етемін: Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай құлшылық жаса, саған ұнаса да, ұнамаса да Алланың тағдырына разы бол», – деген екен.
Үшінші: Алла Тағалаға бағыну. Адам баласы Алла Тағаланың шексіз құдыретін жүрегімен сезініп, өзінің әлсіздігін мойындауы керек. Сонда жүрегінде тыныштық орнап, шүкірлік етіп, ақыретте мәңгілік бақытқа қол жеткізушілерден болмақ.
Сөйлеу – Алла Тағаланың адам баласын өзге жаратылыстардан ерекшелейтін үлкен нығмет. Мұсылман адам осы нығметті игі істерге пайдаланып, тілі арқылы Жаратушысын жиі зікір етіп, берген нығметтері үшін шүкірлік білдіруі тиіс. Тілмен шүкір етуге: «Уа, Аллам! Берген нығметтеріңе шүкір етемін!» – деумен қатар, Жаратушыға мақтау мен мадақтаулар айтуды жатқызамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الحَمدُ رأسُ الشُّكرِ، ما شَكَرَ اللهَ عبدٌ لا يَحمَدُهُ
«Әлхамдулиллә» (Аллаға мадақ айту) – шүкірдің басы. Аллаға мадақ айтпаған пенде Оған шүкіршілік жасамағаны», – деген (Имам Ибн Мәжә).
Жаратқанға ризалығын білдіріп, шүкір ету арқылы пенде Алла Тағаланың ризалығына бөленеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَإِنْ تَشْكُرُوا يَرْضَهُ لَكُمْ
«Егер шүкірлік етсеңдер, сендерге разы болады», – деп айтқан («Зүмәр» сүресі, 7-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ اللَّهَ لَيَرْضَى عَنْ الْعَبْدِ أَنْ يَأْكُلَ الْأَكْلَةَ فَيَحْمَدَهُ عَلَيْهَا ، أَوْ يَشْرَبَ الشَّرْبَةَ فَيَحْمَدَهُ عَلَيْهَا
«Әлбетте Алла тамақ жеп болып оған мадақ айтқан немесе сусын ішіп болып мадақ айтқан пендеге разы болады», – делінеді (имам Мүслим).
Құран Кәрімнің «Фатиха» сүресінде:
الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ
«Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән», – деп, Аллаға мадақ айтып, шүкірлік етумен басталады. Бұл сүре намаздың әр рәкағатында қайталанатынын ескерсек, мұсылман оқитын намазының әр ракағатында Жаратушыға тілімен шүкірлігін білдіртеді. Бұл да тілмен атқарылатын шүкірліктің маңызын көрсетеді.
Алла Тағаланың өзіне берген нығметтерін ризалықпен айту да тілмен шүкірлік етуге жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
وَالتَّحَدُّثُ بِنِعْمَةِ اللَّهِ شُكْرٌ ، وَتَرْكُهَا كُفْرٌ
«Алланың нығметтерін айту – шүкіршілік, ал, оны ұмытып тәрк ету – күпірлік», – деген. Тек мұсылман адам Алланың берген нығметтерін мақтану ниетімен емес, Раббысына шүкірлік ниетінде айтуы тиіс.
Бір күні бір жас жігіт сапарға шығып, кеш қарайғанда бір елді мекенге тоқтап, бір кедей қарияның шаңырағында құдайық қонақ болыпты. Жарлы адам дастарханға бидай мен су қойып, онымен бірге тамақтанады. Сонда үйдің иесі әрбір тал бидайды жегенде, Алла Тағалаға шүкірлік білдіріп, мақтау-мадақтар айтатынын байқайды. Сонда таңданысын жасыра алмаған жігіт: «Уа, ақсақал! Алла Тағала сізге сонша көп нығмет беріп тұр ма? Мен сіздің бай екеніңізді көріп тұрған жоқпын, тіпті тамағыңыз да қарапайым. Сонда не үшін шүкір етесіз?» – деп сұрайды. Қария жігіттің қолына бір бидай дәнін ұстатып, оған ойланып қарауды бұйырады. Сосын былай дейді: «Алла Тағала бұл бидайдың дәнін қараңғы жердің астынан шығарып, ылғалмен қамтамасыз етіп, жарық күннің нұрын түсіріп, зиянкестерден қорғап, жайқалтып өсірді. Сондай қамқорлығымен өсірген бидайды менің дастарханыма әкеліп бергені турасында терең ойланамын әрі оның үлкен нығмет екенін түсінемін. Шүкір етпеген адам Алла Тағаланың өзіне берген нығметін көре алмайды», – деген екен. Ақсақалдың бұл айтқанынан жас жігіт екі дүниесіне пайда берер үлкен өмірлік сабақ алыпты.
Шүкірліктің үшінші түрі – іспен шүкірлік ету. Іс-әрекетпен шүкір ету – Алланың берген нығметтерін жақсы амалдарға жұмсау. Денсаулық, білім, мүлік сияқты нығметтерді Алланың разылығын іздеуге бағыттау шынайы шүкірліктің көрінісі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِنْ كُنْتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Біз сендерге ризық етіп берген нәрселеріміздің адалынан жеңдер. Егер (шын мәнінде) оған құлшылық ететін болсаңдар, Аллаға шүкірлік етіңдер», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 172-аят).
Сондай-ақ пенденің Жаратқан Жаратушысының бұйрықтарын ризалықпен бағынып, көркем түрде орындауы да оның амалмен атқарған шүкірлігі деп танылады. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:
أَنَّ النَّبِيَّ كَانَ يَقُومُ مِنْ اللَّيْلِ حَتَّى تَتَفَطَّرَ قَدَمَاهُ ، فَقُلْت لَهُ: لِمَ تَصْنَعُ هَذَا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَقَدْ غَفَرَ اللَّهُ لَك مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِك وَمَا تَأَخَّرَ؟ قَالَ أَفَلا أُحِبُّ أَنْ أَكُونَ عَبْدًا شَكُورًا
«Әдетте Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намазды ұзақ оқығандығы соншалық, аяқтары жарылып кететін. Бірде мен одан: «Уа, Алланың Елшісі! Неліктен сонша құлшылық етесіз, Алла сіздің өткен әрі алдағы күнәларыңыздың барлығын кешірді емес пе?» – дедім. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Мен Аллаға шүкірлік етуші құлдардан болмаймын ба?» – деп жауап берді», – делінген (имам Бұхари, Мүслим).
Бұл хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқу арқылы Жаратушыға шүкір еткенін түсінеміз.
Жаратушының берген ризық-несібенің белгілі бір бөлігін Алланың жолында жұмсау да – амалмен атқарылатын шүкірлікке жатады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ
«Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 3-аят). Бұл аятта Алла Тағала ақыретте құтылушылардан болатын тақуа құлдарын сипаттап, олардың өздеріне берілген ризық-несібенің белгілі бөлігін игілік жолында жұмсайтыны баяндалған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّ سُلاَمَى مِنَ النَّاسِ عَلَيْهِ صَدَقَةٌ كُلَّ يَوْمٍ تَطْلُعُ فِيهِ الشَّمْسُ؛ تَعْدِلُ بَيْنَ اثْنَيْنِ صَدَقَةٌ، وَتُعِينُ الرَّجُلَ فِي دَابَّتِهِ فَتَحْمِلُهُ عَلَيْهَا، أَوْ تَرْفَعُ لَهُ عَلَيْهَا مَتَاعَهُ صَدَقَةٌ , وَالْكَلِمَةُ الطَّيِّبَةُ صَدَقَةٌ، وَبِكُلِّ خُطْوَةٍ تَمْشِيهَا إِلَى الصَّلاَةِ صَدَقَةٌ، وَتُمِيطُ الأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ صَدَقَةٌ
«Адамдардың (тәніндегі) әр буыны күн шығатын әрбір күні садақа беруге тиіс: екі (адам) арасында (жанжал туындағанда) сенің әділ болуың – садақа және кісіге мініс көлігіне жәрдемдесуің, оны көлігіне демеп мінгізіп жіберуің немесе жүгін әперуің – садақа. Әрбір жақсы сөз – садақа, намазға бара жатқандағы әр қадам үшін де садақа, зиян беретін затты жолдан алып тастауың да – садақа», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Аталмыш хадисте адам баласы өзіне берілген әрбір буыны үшін күнделікті садақа беру арқылы шүкірлік етуі керектігі айтылған. Алайда ол садақа тек мал-дүниенің белгілі бір бөлігін жұмсаумен ғана шектелмейді, адамдарға пайда тигізу үшін атқарылған әрбір ізгі амал садақа екені түсіндіріледі.
Бір кездері Алла Тағала Исраил ұрпақтарынан алапес, таз және зағип болған үш адамды сынау үшін оларға бір періштені жібереді. Періште алапеске: «Сен бәрінен артық нені қалайсың?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мен ауруымнан жазылып, келбетімнің түсі кіріп, терімнің оңалуын қалаймын», — дейді. Сонда періште оның денесін қолымен сипап, ол бүкіл ауруынан жазылып, келбетіне түс еніп, терісі оңалады. Содан соң періште: «Саған дүниеден не ұнайды?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Түйелер», – деп жауап береді. Оған буаз түйе беріліп, періште: «Алла оны саған берекетті етсін!», — деп дұға тілеп кетеді.
Сосын періште басы таз адамға келіп: «Сен бәрінен артық не қалайсың?» – деп сұрайды. Ол: «Мен ауруымнан жазылып, шашымның өскенін қалаймын» – деп жауап береді. Сонда періште оның денесін қолымен сипап, сол сәтте оның шашы өсіп шыға келеді. Содан соң періште: «Саған дүниеден не ұнайды?» – деп сұрайды. Ол: «Сиырлар» – деп жауап береді. Сонымен оған буаз сиыр беріліп періште : «Алла оны саған берекелі етсін!» – деп оған да, дұға тілеп кетеді.
Сосын періште зағипқа келіп: «Сен бәрінен артық не нәрсені қалайсың?» – деп сұрайды. Ол: «Алла менің көз жанарымды қайтарып, адамдарды көруді қалаймын», – деп жауап береді. Сонда періште оны қолымен сипағанда Алла Тағала көзіне нұр беріп, көзі көріп кетеді. Содан соң періште: «Саған дүниенің ішінен не ұнайды?» – деп сұрайды. Ол: «қойлар» – деп жауап береді. Сонда оған буаз қой беріледі.
Осыдан кейін олардың малдары көбейіп бірінде келе түйе, екіншісінде табын сиыр, ал үшіншісінде отар-отар қой болады. Содан соң періште бұрынғы алапеспен ауырғанға, соның бұрынғы түріне (яғни алапеспен ауырған адамның түсіне) еніп келеді де: «Мен – кедеймін, жолда бүкіл дүниемнен айырылдым. Бүгін Алладан басқа жүгінетінім, сенен өзге сұрайтыным жоқ. Саған жақсы келбетті түр мен тері берген және байлық берген Алланың атымен сұраймын, маған сапарымды аяқтауым үшін бір түйе берші», – дейді. Ол: «Менің қарызым көп», – деп оған ештеңке бермейді. Сонда періште одан: «Мен сені білетін секілдімін. Сен ауру болып, адамдар сенен қашатын әрі сен кедей болып, Алла сені байытқан еді ғой?», – дейді. Ол: «Расында, бұл байлық, менің ата-бабаларымның қалдырған мұрасы», – деп жауап берді. Сонда періште: «Егер сен өтірік айтсаң, онда Алла сені баяғы қалпыңа келтірсін!», – деп дұға айтады.
Сосын періште бұрын шашы жоқ таз болғанға, соның бұрынғы кейпінде келіп, оған бұның алдындағы бұрынғы алапеспен ауырғанға айтқанын айтады. Ал ол болса дәл соның берген жауабындай жауап береді. Сонда періште оған да: «Егер сен өтірік айтсаң, онда Алла сені баяғы қалпыңа келтірсін!», – деп дұға айтып кетеді. Сосын періште бұрын соқыр болғанға, соның бұрынғы кейпіне еніп келеді де, оған: «Мен – кедеймін, жолда бүкіл дүниемнен айырылдым. Бүгін Алладан басқа сүйенерім, сенен өзге сұрайтын ешкімім жоқ. Саған сенің жанарыңды қайтарған Алланың атымен сұраймын, маған сапарымды аяқтауым үшін бір қой берсең жеткілікті болар еді», – дейді. Ол: «Расында мен, соқыр болдым, ал Алла менің жанарымды қайтарды, не алғың келсе ал, нені қалдырғың келсе қалдыр!», – дейді. Сонда періште: «Дүниеңді өзіңе қалдыр, расында Алла сендерді сынады да, Алла саған риза болды» – дейді.
Қадірменді жамағат!
Алланың бергеніне разы болып, әрбір нығмет үшін шүкір ету – Алла Тағаланың разылығына жетудің негізгі жолдарының бірі. Қазіргі күні уағыз-насихатта шүкірлік, қанағат ету мәселесі қозғалғанда көп адам бұл тақырыптар адамды еңбек етпеуге, харекетсіздікке шақырады деп түсінеді. Негізінде бұл үлкен қателік. Мұсылман адам бар күш-жігерін салып еңбек етіп, харекет жасайды, мал дүние тапқанда тойымсыздық, ашкөздік сияқты істерден сақтанып, Алла Тағаланың берген несібесін қанағат тұтып, шүкірлік етуі тиіс. Ал кім еңбексіз, жалқаулыққа салынып, «мен осы күніме қанағат етіп жүремін» дейтін болса, Алла Тағаланың бұйрығын орындамай, нәпсінің қалауына ергендерден болады. Сондықтан шүкірлік ұғымын дұрыс түсінуіміз қажет.
Алла Тағаланың берген нығметіне шынайы шүкір ете білгенімізде ғана, ол бар дүниемізге береке кіріп, несібеміз одан әрі артады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَإِذْ تَأَذَّنَ رَبُّكُمْ لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ
«Сол уақытта Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» деп жариялады», – деп айтқан («Ибраһим» сүресі, 7-аят).
Ендеше, бұл өмірде еңбек етіп, адал ризық тауып, тойымсыздықтан сақтанып, Алла Тағаланың бергеніне шүкір етейік! Алла Тағала біздерді шынайы шүкір етуші жандардан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі