ӨТІРІКТІҢ ӨРМЕГІ
Біздің асыл дініміз адамның сыртқы келбетінен бөлек жан дүниесінің сұлулығына да аса көңіл бөледі. Себебі Алла Тағала жүректің тазалығына, ниеттің ақтығына назар салады. Оған екі дүние сардары, ардақты Пайғамбарымыздың «оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзі дәлел: «Шын мәнінде Алла сендердің денелеріңе де, бейнелеріңе де қарамайды. Алла жүректеріңе қарайды»
Адамның жан сұлулығына теріс әсер етіп, Алланың қаһарына әкелетін күнәнің бірі — өтірік айту. Раббымыздың бізге ескертуі көп болғаны соншалық Құран Кәрімнің 167 жерінде осы өтірік жайлы сөз қозғалады. Осының өзі-ақ өтіріктің қаншалықты ауыр екендігіне кепіл. Өтірік айту – мұсылманға жарасатын қылық емес, кәпір немесе мұнапық екі жүзді адамның ісі. Оған дәлел Имам Мәликтен риуаят етілген Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисінде: «Алланың Елшісінен “Мүмин қорқақ бола ма?” деп сұралды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә», — деді. «Алланың Елшісі, мүмин сараң бола ма?», — деп сұралды. Тағы да «Иә», — деп жауап қатты. «О, Алланың Елшісі, мүмин өтірікші бола ма?», — деп сұралды. Ол кісі: «Жоқ», — деп жауап берді», — делінген.
Бұхари мен Мүслимнің Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұнафық адамның бойында үш белгісі болатындығын айтады: сөйлесе – жалған сөйлейді, уәде берсе – орындамайды және де аманатқа қиянат жасайды (оған бір нәрсе сеніп тапсырылса, сенімді ақтамайды).
Раббымыз Алла Тағала аяттары арқылы қатаң ескертулер жасайды: «Анығында, Алланың аяттарына иман етпейтіндер ғана үнемі Алланың атын пайдаланып, өтірік айтады. Нағыз суайттар, міне, солар!» («Нахыл» сүресі 16:105)
Құран Кәрімнің «Наһл» сүресі, 116-аятында: «Алладан және пайғамбардан келген қандай да бір дәлелге сүйенбестен, тілдеріңнің өтірік сипаттауымен «Мынау адал, мынау арам» деп айтпаңдар! Олай айтатын болсаңдар, (адал немесе арам деп үкім беру бір Аллаға ғана тән болғандықтан) Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар. Аллаға өтірік сөзді теліп, Оның атынан өтірік айтатындар әсте мақсат-мұратына жетпейді (әсте оңбайды)», — делінсе, «Зүмәр» сүресінің 60-аятында: (Бұл дүниеде) өз ойларынан неше түрлі өтірік шығарып, сол өтіріктерін (ұялмай-қызармай) Аллаға жала жапқандардың қиямет күні (өкініш пен қорлықтан) жүздерінің қап-қара болып кеткенін көресің. Иман етуді өздерінше ар көретін, кекірейген тәкаппарлар үшін жаһаннамнан орын табылмайды ғой деймісің?!», — делінген.
Өтірік айтудың зардабын “Иман” көреді. Яғни, иманды әлсіретіп, күнәға жақындатады. Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өтіріктен сақтаныңдар! Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа апарады. Адам өтірікті әдетке айналдырса Алланың алдында өтірікші болады», — дейді.
Өтірікті әрдайым әдетіне айналдырған адамның жүрегіне дақ түседі. Оның өтірікші екенін білген айналасындағылар оған күмәнмен қарайды, яғни адамдардың сенімінен айырылады. Адамдар оның сөзіне, ісіне сенбейтін болады. Оны орталарына қосқысы келмейді. Өтірік сөзіне сенбегендей, шындап айтқан сөзіне де сенбейтін болады. Ол турасында атамыз қазақ: «Өтірікшінің шын сөзі заяға кетеді», — деген.
Зерттеушілердің мәліметі бойынша адамдар өтірікке бала күнінен машықтанады екен. Оған әсер етуші тікелей факторлар, әрине — ата-аналары. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Имам Әбу Дәуд риуаят еткен хадисте Абдулла ибн Әмр (р.а.) былай дейді: «Мен кішкентай бала болатынмын. Анам: «Әй, Абдулла бері кел, бір нәрсе беремін», — деп шақырды. Пайғамбарымыз анама: «Не берейін деген едің?», — деп сұрады. Анам: «Құрма берем», — деді. Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер шақырып алып ешнәрсе бермесең, саған бір күнә жазылатын еді», — деді. Осы хадистен түсінетініміз өзге тұрмақ, өз баламызды да алдауға, оған өтірік айтуға хақымыз жоқ.
Өтірік айтушы әуел баста әр айтқан өтірігіне қысылып, жүрегі жайсыздық табады. Өзін нашар сезінеді. Бірақ уақыт өте өтірікке бойы үйреніп, бір өтірігінен екінші өтірігі асып түсетіндей жағдайға келеді. Міне, сөйтіп өтіріктің өрмегі өріледі. Бір өтірікті бір өтірік туады. Алла Тағала ондай адамдардың сипаты жайында былай баяндайды: «Адамдар арасында (жүрекпен сенбесе де, құр тілімен) «Біз Аллаға және ақирет күніне иман келтірдік» дейтіндер бар, бірақ олар шынайы мүміндер емес. Олар өздерінше Алланы және иман келтіргендерді алдағысы келеді, бірақ түбінде өз-өздерін ғана алдайды һәм соның парқына да бармайды. Жүректерінде (түбіне жетпей қоймайтынын рухани) дерт бар. Алла олардың дертіне дерт қосуда. Үнемі өтірік айтатындықтан оларға жан төзгісіз азаптар бар»,– дейді. Пайғамбарымыздың (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) үнемі дұға еткендей: «Жаратқан иеміз, жүрегiміздi екi жүздiлiктен және тiлiміздi өтiрiк сөйлеуден сақтай гөр!»
«Сарыбастау» мешітінің бас имамы
Исабол Манап