preloader

Мақалалар

ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Дініміз ислам мұсылмандарға туған жерінің қадір-қасиетін біліп, бағалап, қастерлеуге шақырады. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахл» сүресінің 112-аятында:

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَةكَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: Ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда, ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметтерінің қадірін біле алмады. Сөйтіп Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық пен қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды», – деп мысал берген.

Халық нақылында: «Ұлтарақтай болса да, ата қонысы жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат», «Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз, туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз», «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді», – деген даналық сөздер өте көп.

Отанның қадіріне жету, оны бағалау, пайда тигізу, қорғау, ол жерде мекен ететін халыққа құрмет көрсету, жақсы көру – дінімізде де сауапты, ізгі іс. Негізі Алла Тағала пендесінің бойына Отанға деген сүйіспеншілікті табиғатынан беріп қойған. Қадір Мырза Әлі «Отаныңнан қанша шақырым ұзақтасаң, сонша шақырым рухани жақындай түсесің», – деп айтқанындай әрбір жан өзінің туған жерін жақсы көреді, алыс жаққа сапарлап шыға қалса сағынады. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің туған жері Мекке қаласын жақсы көрген. Меккеден Мәдинаға қоныс аударып бара жатып:

مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ

«Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де сенің тұрғындарың мені қуып шығармағанда, сенен басқа жерде әсте тұрақтамас едім», – деген.

Ардақты ақынымыз Мұқағали Мақатаев:

…Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,

Іс тынбайды «жанамын, күйемменен, – дегеніндей, адам баласы Отанына деген сүйіспеншілігін ісімен көрсете білуі керек. Бүгінгі жұма уағызымзда мұсылман адамның Отанына деген сүйіспеншілігіне дәлел болатын бірнеше амалдарды атайтын боламыз.

 

Бірінші: қоғамға пайдалы іс жасау

Мұсылман адам өзінің туып-өскен жерін жақсы көрумен қатар, Отанына пайдалы іс жасауға асығады. Отанға пайдалы іс жасау – сол жерде мекен ететін адамдардың мұқтаждығын өтеу, олардың өмірін жеңілдететін қандай да бір сауапты істер жасау. Қасиетті Құранның «Мәриям» сүресінің аяттарында Иса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сәби күнінде Алла Тағаланың құдіретімен тіл қатып: «Мен Алланың құлымын», – деп бастай келе,

وَجَعَلَنِي مُبَارَكًا أَيْنَ مَا كُنتُ

«Мені қайда болсам да берекелі етті», – дейді. Осы аяттағы «берекелі болу» дегенді ғалымдарымыз: «өзгелерге пайдалы болу» деп түсіндірген. Демек, Алла Тағаланың ең сүйген құлдары болған пайғамбарлардың өзгелерге пайдалы болып, ізгілік жасауды басты мақсат еткен.

Мұсылманның Отанына деген сүйіспеншілігі сөзінде де, ісінде де көрініс табуы тиіс. Алла Тағаланың ризалығын қалап, адал қызмет ету, өзгелермен қолындағы барымен бөлісу, адамдарға шынайы жанашыр болу, олардың мұқтаждықтарын өтеу – дінімізде құлшылық деп танылатын істер.

Мысалы, бір адам қандай да бір қызмет істейді делік. Ол дәрігер, құрылысшы, болмаса қарапайым көлік жөндеуші. Ондай адам сол қызметін жасап ақша табуды ғана көздемей, адамдардың мұқтаждығын өтеу арқылы оларға пайда тигізуді ниет етіп, мақсат тұта білуі тиіс. Сонда отбасына асырайтын жалақа табумен қатар, ізгі іс жасаймын, адамдарға пайда тигіземін деген ниеті үшін сауап алады. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын): «Мұқтаж жандар есігіңде тосып тұрушыларға менсінбеушілік қылма! Бұндай қатерлі істен сақтан! Қандай да бір мұсылман сені қажетсінетін болса, оның қажетін өтемей нәпіл ғибадаттармен айналыспа. Өйткені мұсылмандардың қажетін өтеу – нәпіл ғибадаттардан абзал», – деп өзгеге жәрдемдесудің сауабы үлкен екендігін айтқан.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қаншама қиын қыстау замандарда ата-бабаларымыз атқа қонып, ел қамын өз өмірінен жоғары қоя білген. Сонда бабаларымыздың себебімен біздер мінекей өз Отанымызда, тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатырмыз. Әйтеке би бабамыз: «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі» деу арқылы қоғамның дамуы үшін қызмет етудің маңыздылығын жеткізген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деген (имам Табарани).

Сол себепті әрбір мұсылман мен өзге адамдардан қандай пайда табамын деп емес, қандай пайда тигізе аламын деп қызмет етуі қажет.

 

Қисса

Ибраһим ибн Адһам деген ғалымның Шақиқ әл-Бәлхи деген досы болған екен. Ол кісі сауда-саттықпен айналысып, ұзақ сапарларға шығып жүреді. Бір күні Ибраһим ибн Адһам досын сапарға шығарып салады. Бірақ ол көп ұзамай қайтып келеді. Ибраһим досының қайтып келгенін көріп, мұның мән-жайын сұрайды. Сонда Шақиқ әл-Бәлхи оның себебін былай деп түсіндіреді: «Жолда демалып отырғанымда, қанаты сынған, көзі көрмейтін, бір құсты көрдім. Мына байғұс қалай қоректенеді екен деп ойланып отырғанымда, бір қанаты бүтін құс келіп, жаңағы құстың аузына тамақ салды. Сонда мен: «Иә, Алла, мына көзі көрмейтін, қанаты сынған құсты тамақтандырған кезде, мендей құлыңды міндетті түрде аштан қалдырмайсың ғой», – деген ойға келдім де, кері қайттым», – дейді. Сонда Ибраһим: «Иә, Шақиқ! Сен қанаты сынған құсқа емес, қоректендірген құсқа ұқсауды ойламадың ба? Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Беруші қол, алушы қолдан қайырлы», – деді емес пе?» – дейді. Шақиқ ойланып қалып: «Иә, Ибраһим! Мен қате ойлаппын, сен біздің ұстазымыз екенсің», – деп өзінің қателігін түсінген екен (Ибн Асакир «Тариху Димашқ»).

 

Екінші: бүлікке жол бермеу

Тарихта мұсылмандардың қол жеткізген табыстары береке-бірліктің арқасында болған. Мұсылмандардың басына түскен ауыртпалықтардың, қиыншылықтардың көпшілігі бірліктің бұзылуы, өзара бөлінуден туындаған. Сол себепті бір Отанды мекен еткен қоғам мүшелерінің өзара бірлікте болып, алауыздықтан ада болуы аса маңызды іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерге бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған.

Ата-бабаларымыз «Байлық, байлық емес, бірлік – байлық» деп, бірлік пен ынтымақты барлығынан да жоғары бағалаған.

Кешегі тарихымызда «Қазақтың бірлігі мықты. Бұларды сырт жау ала алмайды. Елдерінде сексеуіл деген тал өседі, балтамен шапсаң сынбайды. Сексеуілдің бұтағын бір-біріне ұрсаң сынады» деп халқымызды біріне бірін айдап салып, сол арқылы бірлігімізді жойғысы келгендер болған. Қазір де әлеуметтік желі арқылы айрандай ұйыған бірлігімізге дақ түсіріп, біздерді бөліп-жарғысы келетіндер де аз емес. Осындай бүлік салуды қалап, бірлігімізді жойғысы келетіндердің сөзіне алданып қалмаған жөн. Алла Тағала Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَإٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар (беймәлім) адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық-қанығын анықтап біліп алыңдар. Әйтпесе, білместікпен әлдебір қауымның обалына қалып, артынан істеген істеріңе өкініп жүрерсіңдер», – деп естіген ақпараттың шын-өтірігін анықтамай жатып, еріп кетуден сақтандырған («Хұжұрат» сүресі, 6-аят).

Хакім Абай өзінің қара сөзінде бірліктің ешқандай да мал-дүниеге ауыстырылмауы керектігін былай деп жеткізген: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?».

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дегеніндей, қоғамның бірлігі мен ынтымағын сақтап, оны бағалап, алауыздық атаулыға жол бермеу әрбір мұсылманның негізгі уайымының біріне  айналуы тиіс.

 

Үшінші: Отанды қорғау

Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды және дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің өлмейтіндігі, ақыретте есепсіз Жәннатқа баратындығы баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Бақара» сүресінің 154-аятында:

وَلَا تَقُولُواْ لِمَن يُقْتَلُ فِى سَبِيلِ ٱللَّهِ أَمْوَٰتٌ ۚ بَلْ أَحْيَآءٌ وَلَٰكِن لَّا تَشْعُرُونَ

«Алла жолында мерт болған шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, (Алла біледі) сендер білмейсіңдер», – деп айтқан.

Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы деп танылады. Сондықтан да әскери борышты өтеуге шақырғанда одан жалтаруға, бармай қоюға болмайды. Себебі әскери борышты өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Алла Тағала Құранның «Әнфәл» сүресі, 60-аятында:

وَأَعِدُّوا لَهُم مَّا اسْتَطَعْتُم مِّن قُوَّةٍ

«Оларға (дұшпанға қарсы) шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер…», – деп айтқан. Бұл аят жауға қарсы қуатты әскер әзірлеп, алдын-ала дайындық жасауға шақырады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында (Отанды қорғап) бір күн күзетте болу – дүниеден және ондағы барлық нәрселерден қайырлы», – деген (имам Бұхари).

Тағы бір хадисінде:

عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ

«Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз», – деп айтқан (имам Термизи).

Ғалымдарымыз: «Ислам шариғаты әрбір мұсылманға Отанын кез келген қауіптен қорғауға міндеттейді. Кімде-кім бұл міндетті орындаудан жалтарса, дініне және Отанына қиянат жасаған болып саналады», – деген (Мысыр пәтуа комитетінің пәтуалар жинағы, 6/62).

 

Төртінші: ұрпағымызды Отансүйгіштікке тәрбиелеу

Ел болашағы  – кейінгі толқын жастар. Оларды дұрыс жолға тәрбиелеу елдің жарқын болашағы үшін жасалған игі қадам саналады. Сол үшін де ата-бабаларымыз «Үйді қорғау – есіктен, елді қорғау бесіктен басталады» деп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше қараған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْأَمِيرُ رَاعٍ عَلَى النَّاسِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ، وَامْرَأَةُ الرَّجُلِ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ وَهِيَ مَسْؤُولَةٌ عَنْهُمْ،

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер», – деген. Ендеше, өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуді ұрпағымыздың алдындағы жауапкершілік міндеттердің бірі деп білуіміз қажет.

Бұрынғы қарт әжелеріміз немересін бесігінде тербетіп отырып-ақ ертегі айту, жыр-дастандар оқу арқылы жақсының жаманды жеңуі, батырлық, халыққа адал қызмет ету, әділдік сияқты қасиеттерді баланың бойына кішкентайынан сіңіре білген.

Әрбір бала өз ұлтының тарихын жете меңгеріп, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына сіңіргенде ғана «Елін сүйгеннің еңсесі биік» дегендей, намысы мен ұлттық рухы жоғары деңгейдегі азамат болып қалыптасады.

 

Қадірменді жамағат!

Отанға деген сүйіспеншілік оған жанашырлықпен қарауға,  көркейтуге үлес қосуға, адал қызмет етуге, халықты сыйлауға, тілі, діні, салт-дәстүрі, мемлекеттік рәміздері секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхыд тауының қасынан өтіп бара жатып:

هَذَا أُحُدٌ وَهُوَ جَبَلٌ يُحِبُّنَا وَ نُحِبُّهُ

«Мынау тұрған Ұхыд тауы. Бұл тау бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз», – деу арқылы біздерге туған жерді, оның әрбір тауы мен тасын, өзені мен суын жақсы көріп, бағалауға үйреткен.

Бүгін 25 қазан – Республика күні. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты  Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады.

Осы кезден бастап, демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады.

Осы атаулы күні сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасына өркендеу мен амандық тілейміз, халықтың бірлігі, татулығы мен келісімі біздің мемлекеттілігіміздің мәңгілік берік тірегі болғай!

Алла Тағала қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға әрдайым тыныштық бергей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі