ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ОҒАН АЛЛАНЫҢ САЛАУАТЫ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ЖЕКЕ ТҰЛҒАСЫ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаcына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болмысы, жүріс-тұрысы мен әдебі барша мұсылман үмбетіне үлгі. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Ахзаб» сүресінің 21-аятында:
لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا
«Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнеге бар», – деп айтқан.
Алла Тағалаға иман келтіріп, Оның хақ дініне бойұсынған адам, Алла Тағаланың Пайғамбарына да бағынып, Оны жақсы көріп, істеген ізгі амалдарын үлгі етіп, бұйрықтарына бағынып, тыйымдарынан тыйылуы қажет. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Менің үмметімнің бас тартқандарынан өзгесінің барлығы жәннатқа кіреді», – деп айтқан. Сонда сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі, сонда кім бас тартады?», – деп сұрағанда, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім маған бой ұсынса ол жаннатқа кіреді, кімде-кім маған қарсы шықса онда ол бас тартқаны», – деп жауап қатады (имам Бұхари).
Шәкәрім қажы «Мұсылмандық шарты» кітабында: «Енді көбінесе иманның дұрыс болмағы Пайғамбарға нансақ — Құранға нанасың. Құранды Құдай Тағаланың сөзі деп Пайғамбарымыз үмбетіне айтып білдірген. Құранға нанған соң бәріне нанғаның болады және Алла Тағаланың барлығына нансақ – Пайғамбарға да нанасың», – дейді.
Қазақ халқының күнделікті өмір салтында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген сүннет амалдары бұлжымас дағды болып қалыптасқан. Мысалы, «Әссаламуғалайкум» деп сәлем беруіміз, үйге оң аяқпен кіруіміз, тамақтанғанда «Бісмиллә» деп бастау, асты оң қолмен жеу, астан кейін дұға жасап, бата беру, жаңа туған нәрестенің құлағына азан шақырып ат қою, үйленгендердің некесін қию, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, түшкіргенде «жәрекім Алла» (ярхамукалла) деу, Рамазан айы кіргенде көпшілікті сүйіншілеп жарапазан айту сынды т.б. жоралғылар Хазреті Пайғамбарымыздан бастау алып, атқарылып келе жатқан амалдар деп айтуға болады.
Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем үлгі етуіміз үшін Хақ сардарының жеке тұлғасын, әдебі мен көркем мінезін тануымыз аса маңызды. Бүгінгі жұма уағызымызда Алла Елшісінің кейбір маңызды сипаттарына тоқталып өтеміз:
Алла Елшісі ұзынға жақын (190см ға жақын болған. Әли Жұма сөзі) орта бойлы, тым ұзын да, тым аласа да емес, дене бітімі көрікті болатын. Шашы бұйра да тік те емес еді. Жүзі қызыл реңді, ақшыл еді. Хақ Сардары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрген кезде қадамы нық, денесі алға қарай кішкене шығып тұратын. Бұл нағыз үлкен жүк арқалаған, жауапкершілігі мол тұлғаларға тән жүріс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) теңселіп маңғаздана немесе алаңғасарланып тез жүрмеген. Ардақты Пайғамбарымыздың сыртқы бейнесін Бәра ибн Азиб (Алла оған разы болсын) былайша сипаттайды;
كانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيه وَسَلَّمَ رَجُلًا مَرْبُوعًا، بَعِيدَ ما بَيْنَ المَنْكِبَيْنِ، عَظِيمَ الجُمَّةِ إلى شَحْمَةِ أُذُنَيْهِ، عليه حُلَّةٌ حَمْرَاءُ، ما رَأَيْتُ شيئًا قَطُّ أَحْسَنَ مِنْهُ صَلَّى اللَّهُ عليه وَسَلَّم
«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орта бойлы әрі кең иықты кісі еді. Жайқалған қалың шашы құлағының сырғалығына дейін түсіп тұратын. Үстінде қызыл шапаны бар. Мен Алла Елшісінен көрікті адамды көрмедім», – деген (имам Мүслим, Бұхари).
Ол кісі орта бойлы еді. Шашы бұйра да тік те емес еді. Жүзі дөңгелек жүзге жақын еді. Қызыл рең араласқан ақшыл жүзді, көздері үлкен, қарашықтары қап-қара, кірпіктері ұзын, буындары мығым әрі берік, кең иықты, алақаны мен аяғы жуан, ірі еді. Жүрген кезде бейне бір жоғарыдан төмен қарай түсіп келе жетқандай алға қарай нық қадам басатын. Егер бір тарапқа назар салып қарайтын болса, барлық денесімен толық бұрылып қарайтын еді. Аса кеңпейілді, әрі шыншыл, табиғатынан өте жұмсақ, өзгелермен қарым-қатынаста ең жомарты еді.
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығын айқындайтын екі жауырының арасында пайғамбарлық мөрі болған. Жалалуддин Суюти (Алла оны мейіріміне алсын) бұл мөр соңғы Елшіге тән ерекшелік екенін айтқан. Сахаба Жәбир ибн Самурадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:
رَأَيْتُ الخَاتَمَ عِنْدَ كَتِفِهِ مِثْلَ بَيْضَةِ الحَمَامَةِ
«Мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жауырынындағы мөрді көрдім, ол көгершіннің жұмыртқасы секілді», – деген (имам Мүслим).
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мөрі екі жауырының арасында, сол жағына жақындау, жүректің қарама-қарсы бетінде орналасқан. Ол денесінің терісіне ұқсас болған. Имам Қуртуби (Алла оны мейіріміне бөлесін) мөрдің кейде үлкейіп, кейде кішірейетіндігін жеткізген.
Бурайдадан (Алла оған разы болсын) келген риуаятта былай делінеді. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғанда Салман Фариси (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың құзырына келіп, дастарқанға жаңа піскен құрма жемістерін қояды. Пайғамбарымыз: «Уа, Салман. Бұл не?» – деп сұрады. Салман: «Бұл Сізге және сахабаларға садақа», – деді. Пайғамбарымыз: «Оны алып кет, Біз садақа жемейміз», – деді. Ертеңіне тағы құрма алып келіп, Пайғамбарымыздың алдына қойды. «Бұл не?» деп сұрағанда, Сізге сыйлық деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз сахабаларына: «Қол созып, құрмадан алыңдар», – деді. Кейін арқасындағы мөрді көріп, Салман (Алла оған разы болсын) иман келтірді.
Бұл Пайғамбарымыздың белгісін Салманға монах ұстазы айтқан болатын. Ол Хижаз жақтан бір пайғамбар шығатынын, оның сыйлықты қабыл етіп, садақаны алмайтынын әрі екі жауырынының ортасында мөрі болатынын жеткізген еді. Салман Пайғамбардың садақаны жемегенін көріп, бұл пайғамбарлықтың бірінші белгісі екінін білді. Құрманы сыйлық деп алдына қойғанда, құрмадан дәм татқанын көріп, пайғамбарлықтың екінші белгісі екенін білді. Ақырында екі жауырынының ортасындағы мөрді көріп, иман келтірді. Қорыта айтқанда, бұл мөр пайғамбарымыздың хақиқи пайғамбар екеніне дәлел. Өйткені ол алдыңғы пайғамбарларға түскен кітаптарда айтылған.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңғы сәттерінде мұсылмандар арасында кеткен ақысы болса кешірім сұрау ниетімен бір күні Біләлге азан айтқызып, жұртты мешітке жинауын өтінді. Әуезді азан даусынан кейін барлық мұсылмандар мешітке жиналды. Сүйікті Пайғамбарымыз хұтпа оқып, артынан: «Уа, мүминдер! Сендердің араларыңда менде ақысы кеткен бар ма? Ондай адам бар болса, Қиямет күніндегі есепке қалдырмай дәл қазір менен ақысын алсын!», – деді.
Бұл сөзді естігенде сахабалардың ешқайсысы үндемеді. Сұрақ екі-үш рет қайталанғанда ғана сахабалардың ішінен Үкаша орнынан тұрып: «Уа, Алланың Елшісі! Бір күні сізбен бірге майданда болған едім. Мінген түйелеріміз бүйірлесіп қатар келіп қалып, түйемнен түсе бергенім сол еді, арқамды қамшыңыз осып түсті», – деді.
Бұны естігенде Алла Елшісі Біләлді қызы Фатиманың үйіне барып дәл сол жолғы қамшыны әкелуге жіберді.
Біләл қамшыны алып келіп ардақты Пайғамбарымызға берді. Алла Елшісі қамшыны Үкашаға ұстатып, арқасын тосты да, өзін ұруды өтінді. Осы кезде Әбу Бәкір мен Омар (Алла оларға разы болсын) орындарынан атып тұрып: «Уа, Үкаша! Қамшымен Пайғамбарды ұрғанша бізді ұр, міне арқамыз», – деп арқаларын тосты. Хазіреті Әли де: «Уа, Үкаша! Пайғамбарды ұрғанша мені ұр! Міне, арқам, міне, кеудем, қай жерімнен қанша ұрғың келсе де ұр!» – деді. Басқа да сахабалардың барлығы осындай ниетте болды. Алайда, Алла Елшісі барлығына басу айтты. Сөйтті де Үкашаға бұрылып: «Уа, Үкаша! Мені шындап ұрғың келсе, қамшы қолыңда тұр!» – деді. Үкаша: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз ұрғанда менің денемде киім болмаған еді. Мен де сіздің арқаңызды түруіңізді өтінемін» , – деді.
Сүйікті Пайғамбарымыз екі сөзге келместен бірден киімін түріп, арқасын ашты. Сөйтті де: «Кәне, ұр!» – деді. Алла Елшісін арқасын ашқанда арқасындағы Пайғамбарлық мөрі көзге оттай басылды. Осы кезде Үкаша Алла Елшісінің қасына жақындап келіп, арқасындағы мөрді сүйіп алды. Сөйтті де: «Уа, Алланың Елшісі! Бар арманым: сіздің арқаңыздағы Пайғамбарлық мөріңізді көріп, бір сүю болатын. Сол арманыма бүгін жеттім», – деді. Осы кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жұмақтық адам көргілерің келсе, мына Үкашаға қараңдар!» – деді.
Алла Тағала қасиетті Құранда ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін мақтап:
وَإِنَّكَ لَعَلى خُلُقٍ عَظِيمٍ
«Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің», – деп айтқан (Қалам сүресі, 4-аят).
Айша анамыздан (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісінің мінез-құлқы қандай еді?» – деп, сұраған кісілерге:
كَانَ خُلُقُهُ القُرآن
«Оның мінез-құлқы – Құран еді», – деп жауап берді.
Демек қасиетті Құран біздерді қандай көркем мінезге шақырса сол жақсы мінез Алла Елшісінің бойында болатын. Сол сияқты қасиетті Құран біздерді қандай да бір жаман мінезден тыйса ол сипат Алла Елшісінің бойында мүлде жоқ еді. Сондықтан да ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жер бетіндегі тірі – Құран», – деп сипаттаған.
Шынымен де Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте мейірімді, жомарт, кішіпейіл, шыншыл, аманатшыл, жамандыққа жақсылықпен жауап беретін кешірімді жан еді. Әнәс ибн Мәлик «Мен Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он жыл қызмет еттім. Маған бірде-бір рет «Уф» деп айтпаған. Бір нәрсе жасасам, «не үшін бұлай жасадың?» – деп, айтпады. Егер бір нәрсені істемей қойсам «Неге оны жасамадың?» – деп, айтпады, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі ең көркемі еді», – дейді.
Жүсіп Баласағұн бабамыз Хақ Сардарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі турасында:
Рахымды ием, пайғамбарын жіберді
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Түнек түнде шамы болды халықтың,
Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!
Ол Құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,
Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің!..
Елге деген рахымы ол Құдайдың,
Қылығы хош, құлқы түзу, шырайлы.
Жібек мінез, ақылды, әппақ пейілді,
Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі.
Қара жерде, жасыл көкте әзіз-ді,
Оған құрмет берді тәңір жаны ізгі.
Бастаулардың басы еді, оңдысы,
Болды, кейін, пайғамбардың соңғысы! – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырылған парыз намаздарды ең көркем де кемел дәрежеде орындаумен қатар нәпіл ғибадаттарды атқаруға да өте қатты көңіл бөлетін.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Музаммил» сүресінің алғашқы аяттарында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قُمِ اللَّيْلَ إِلاَّ قَلِيلاً نِصْفَهُ أَوِ انقُصْ مِنْهُ قَلِيلاً أَوْ زِدْ عَلَيْهِ وَرَتِّلِ الْقُرْآنَ تَرْتِيلاً
«Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос», – деп бұйырған. Ғалымдарымыз арнайы себеп болған жағдайларды айтпағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден озғанша түнгі намазды тастамағандығын айтқан.
Бірде Ата есімді табиғин Хазіреті Айша анамыздан: «Алла Елшісінің ерекше бір жағдайын айтып бересіз бе?», – деп сұраған еді. Сонда Айша анамыз: «Оның ерекше болмаған халі бар ма? Бірде түнде бөлмеме келді. Аздан кейін маған қарап: «Бүгін маған рұқсат бер, Раббыма құлшылық етейін?» – деді. Дәрет алып, намазға тұрды. Ол қиямда (түрегеп) тұрып көп жылады. Жанарынан аққан көз жасы көкірегіне сорғалап жатты. Рүкүғке барғаннан кейін де ұзақ тұрып, егіле жылады. Сәждеге барған кезде де халі солай болды. Алла Елшісінің көз жасы Біләлдің таң намазына хабар берген азан даусына дейін толастамады. Сонда мен: «Пайғамбарым! Алла Тағала сенің барлық күнәларыңды кешіре тұра, сен неге осыншама жылайсың? – деп едім, Пайғамбар: «Мен шүкір етушілерден болмаймын ба? Қалай ғана жыламаймын. Алла Тағала осы түні маған: «Шексіз көктер мен жердің жаратылуында және түн мен күннің өзгеріп, кезектесіп алмасуында ақыл-ой иелері үшін дәлелдер бар…», – делінген аяттарды түсірді. Осы аяттарды оқып, терең ойға батпаған адамның жағдайы неткен өкінішті!» – деді».
Сол сияқты әр айдың ортасында үш күн, дүйсенбі және бейсенбі күнгі ораза сияқты нәпіл оразалар ұстауға да Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше көңіл бөлетін. Усама ибн Зәйдтің риуаят етуі бойынша, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстайтын. Одан «Неге бұл күндері ұстайсыз?» – деп сұрағанда: «Адамдардың істері Аллаға дүйсенбі мен бейсенбі күдері тапсырылады», – деген. Басқа бір риуаятта «Ұлы Раббыма менің істерімнің ораза ұстаған кезімде ұсынылуын қалаймын», – деген де сөзі бар (имам Әбу Дәуід). Сонымен қатар күн ара ораза тұту да Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен. Хадис шәріпте: «Ең сауаты ораза – Дәуіттің ұстаған оразасы. Дәуіт бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын», – деген. Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Мен одан да көп ұстай аламын», – деген кезде оған: «Бұдан жақсысы жоқ», – деп жауап қайтарды (имам Мүслим).
Қадірменді жамағат!
Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы жақсы көріп, өнеге еткен адам қияметте Алла Елшісімен бірге болу нығметіне ие болады. Бірде бір бәдәуи кісі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні қашан болады?», – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Сен ол күнге не дайындадың?» – деді. Әлгі кісі: «Мен Алла мен Оның Елшісін жақсы көремін», – деп жауап қатады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен кімді жақсы көрсең, сонымен бірге боласың!» – дейді (имам Бұхари, Муслим).
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз Пайғамбарымызға деген махаббатын:
Он сегіз мың ғаламға сардар болған Мұхаммед
Отыз үш мың асхабқа бағдар болған Мұхаммед
Қанағатқа қалыбы құрбан болған Мұхаммед
Жамағатқа жалыны нұрдан болған Мұхаммед, – деп білдірген.
Халқымыздың шайыры Балмағамбет Балқыбайұлы:
Сүннетті орындаушы үмбетіме,
Махшарда шапағат істеу – маған міндет, – деп сүннетке ден қойған мұсылманға ақыретте ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты болатындығын айтып өткен.
Біз де бабалар салған сара жолмен жүріп, ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет тұтып, атқарған ізгілік амалдарын, ғибратты ғұмырын үлгі етейік!
Жаратушымыз біздердің Алла Тағала мен Оның Елшісін шынайы жақсы көрушілерден етіп, ақыретте шапағатына бөленуімізді жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі