preloader

Мақалалар

Қабыл болған дұға (Имам куә болған оқиға)

Қабыл болған дұға (Имам куә болған оқиға)

Күндердің кешінде, шам намазы оқылып бітіп, жамағат тарап кеткен соң, мешітте екі кісі қалды. Екеуі екі бұрышта дұға жасап отырды. Біреуінің жүзінен мұң байқалса, екіншісі қуанып жатқандай көрінді. Байқап қарасам, екеуін де, бұрын көрмеген екенмін. Ішімнен «қой, мыналарды күте тұрайын, бәлкім жәрдемім тиіп қалар» деп ойлап, шыға беріске отырып, кітап оқи бастадым. Анда-санда басымды көтеріп қарап қойып, екеуін күтіп отырдым.

Байқуатты киінген кісі бір уақытта «әмин» деді. Үні қатты шыққанынан мешіт іші жаңғыра түсті. Орнынан тұра салып, жаныма келді де:

«Молдекем, мына конвертті алыңыз. Осыдан біраз уақыт бұрын, балам өте қатты ауырып еді. Дәрігерлер «санаулы күндік өмірі қалды, сауығып кетуі өте қиын, бірақ дұға жасап, мінәжатыңызды көбейте беріңіз» деген еді. Садақа бергенді де, дұғамды да үзген жоқпын. Тек бір Алладан сұрай бердім. Құдайыма шүкір, қазіргі уақытта ұлым үйде. Анасының құшағында. Жаратқан шипа беріп, ауруынан айығып кетті. Мен болсам, екі рәкағат шүкір намазын оқыдым, енді ұлым айығып кетсе берейін деп, атап койған садақам бар еді, осыны сізге  берейін, өзіңіз мұқтаж болғандарға беріп қоярсыз, деп шештім, қалай қарайсыз ?» – деді.

«Жарайды, бауырым», – дедім. Содан, ол шығып кетті.

Кейінгі бауырымыз қарапайым кісі екені көрініп тұр. Ол да орнынан тұрып, есікке көздей бастады, бірақ көздерінде жас бар еді. Жайлап әңгімеге тартып:

«Жасым болса 45-те, көп кісіге жәрдем беруге әрекет қылып келемін. Бұл жерде ешкім жоқ, көкейіңдегіні айта бер, еш қысылма» дедім. Ол әңгімесін бастап кетті.

«Молдеке, екі ұлым бар. Жақында ғана бір жұмысқа кірген едім. Айлыққа дейін де көп уақыт бар. Сол себепті, ұлдарымды мектепке дайындау үшін қаражат жетпей тұрғаны. Қарыз сұрағанға да лайықты кісі жоқ. Жан дүнием, еңсем түсіп кетті, кешірерсіз. Дұға қылдым, Жаратқаннан жәрдем сұрадым», – деді мұңға батып.

«Бауырым, қазір айтсам сенбейсің. Бірақ сенің алдыңда шыққан кісі маған конверт тастап кеткен. «Мынаны мұқтаж болғандарға беріп қоярсыз», – деген еді. Дұғаң қабыл болыпты, мынаны ал да, үйіңдегі екі тентектің сөмкесін кітап-дәптерге толтыр. Қуанып мәз болып қалсын» – дедім де, конвертті ұсындым.

Алмаймын деп, бас тартып еді, әрең көндірдім. Конвертте қанша ақша бар екенін санамақ былай тұрсын, ашқан да емес едім. Конвертті алған кісі қуанған бойда үйіне қарай бет алып кетті. Одан кейін отырып былай деп шүкір келтірдім:

«Уа Аллам, садақа бергенді де, ақшаға мұқтаж болғанды да, мешіттің имамын да бір жерден жолықтырдың. Конвертті ашып та қараған жоқпын. Себебі, бұл конверттің ішіне, мұқтаж жанға керек болған өлшемдегі қаражатты салдырғаныңа күмәнсіз сенемін. Мені осы іске себепші қылдың. Аллам, саған шексіз шүкірлер болсын!».

Шындығында Алла Тағала алақан жайған пендесінің қолын кұр қалдырғаннан ұялады. Біз қаншалықты алақан жайып сұрасақ та, Жаратушымыз біздің қолымызды құр қалдырмайды. Өйткені Алла Тағаланың қазынасы кең. Жердің түбіндегі құрттың да ризығын беріп жатқан Алла Тағала, ешқашан сізді де, бізді де ұмытып қоймайды. Қаншалықты қайғы-қасіретке батып, немесе қуанышқа оранып тұрсақ та, Раббымызға алақан жайып, Оны ұлықтауды ұмытпайық, ағайын!

Ерлан Абутәліпұлы,

Іле ауданы, Жәпек батыр ауылдық «Мәмедәлі» мешітінің имамы