Қадір түні – тағдыр түні
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік айтып, Оның ардақты Елшісі Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) сансыз салауат пен сәлем жолдаймыз.
2026 жылы 19 ақпанда басталып, 20 наурызда аяқталатын қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігі – мұсылман қауымы үшін ерекше қадірлі уақыт. Осы күндердің ішінде 16 наурыздан 17 наурызға қараған түн – Қадір түні болып табылады. Айлардың сұлтаны – Рамазан айы болса, түндердің ең қайырлысы – Қадір түні.
Қадір түні – берекесі мен сауабы мол, Алла Тағала ерекше қадірлеген қасиетті түн. Құлшылық жасап, сауапқа кенелуге ең ұтымды кезеңдердің бірі – осы түн. Сондықтан мұсылмандар бұл түнді ғибадатпен өткізіп, Алладан кешірім сұрап, дұға-тілек жасауға тырысады. Қадір түнінің қасиеттілігі соншалық, Алла Тағала бұл түнге арнап Құран Кәрімде арнайы сүре түсірген. Қасиетті кітапта «Қадір» сүресі бар. Бұл түн – мың айдан да қайырлы, берекесі мол ерекше уақыт. Осы себепті мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп, жүрекпен дұға етеді. Қадір кешін шынайы ықыласпен құлшылық жасап өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің игілігіне жетеді. Мұсылман баласы бұл түнде Алла Елшісіне (с.а.с.) салауат айтып, оның үмбетінің қатарында болғанына шүкіршілік етіп, сүннет жолын берік ұстануға ниет етеді. Сондай-ақ мешіттерге барып, уағыз-насихат тыңдап, жүректерін рухани нұрға бөлеуге ұмтылады. Бұл түн – адамзат баласының тағдырына қатысты маңызды кезеңдердің бірі. Ислам ғұламаларының айтуынша, Қадір түнінде Алла Тағала пенделерінің тағдырына қатысты бірқатар істерді белгілейді. Сондықтан бұл уақытта әрбір мұсылман болашағы үшін дұға жасап, өзіне және жақындарына жақсылық тілеуі абзал. Қадір түнінде таң атқанға дейін Алла Тағаланың мейірімі мен рақымы төгіліп тұрады. Осы себепті мұсылман қауымын осы берекелі түнді бос өткізбей, құлшылықпен, дұға-тілекпен, ізгі амалдармен өткізуге шақырамыз.
Берекесі мен қайыры мол Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Осы қасиетті мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сауапқа кенелуге баршамызды шақырамыз.
Кеген ауданының бас имамы
Әзім Сатыбалдыұлы


