Қазақ дәстүрлі мәдениетіндегі адал ас
Адал ас мұсылмандардың әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдерімен тікелей байланысты және ол адамның мәдени болмысын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Сарқылмас жақсылықтарды құлдарына нәсіп еткен Раббымыз солардың адалын пайдаланып, ал арамынан аулақ болуды Құранда қатаң ескерткен:
«Ендеше, уа, адамдар! (Алла сендер үшін жер бетін тіршілікке жайлы тұрақ етті, олай болса) жердегі барлық нығметтердің адал, тазасынан (әрі денсаулыққа пайдалысынан) жеп-ішіңдер» («әл-Бақара» сүресі, 168 аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса:
«Халал ризық іздеу – мұсылмандарға парыз», – дей келе: «Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін айтады.
Исламмен тығыз байланысты мәдениетімізде адал астың алатын орны зор. Біз үшін бұл тамақтану тәсілі ғана емес, сонымен бірге өмір салтымыздың ислам қағидаларына сәйкестігін білдіреді.
Қазақ халқы дастарқанды қастерлеп, адал дәм-тұзға ерекше көңіл бөледі. Ата – бабаларымыз тек таза, табиғи, ешқандай химиялық қоспасыз өнімдерді пайдаланғаны тарихтан белгілі.
«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Яғни, денсаулықты сақтау дұрыс тамақтанудан басталады.
Негізінен ұннан, сүттен, еттен дайындалатын қазақы тағамдардың қай-қайсысысын алсақ та, мөлшермен жесек, ағзаға пайдасы шаш етектен. Біздің ұлттық тағамдарымыз – өте дәмді әрі нәрлі, дәрумендер мен ақуыздарға, микроэлементтерге бай екені ақиқат
Қазақ халқының басты ұлттық тағамдарының бірі – ет. Көшпенді мал шаруашылығына байланысты қазақтың ас мәзірінің басым бөлігі еттен тұрса, оңтүстік өңірлерде жақсы дамыған егін шарушылығына байланысты қалған бөлігі дәнді дақылдардан тұрды. Қазақтар қой еті мен жылқы етінен тағамдар жасаған, сиыр еті сирек қолданылған, себебі, сиыр көшпенді дәстүрге онша бейімделмеген жануар. Құс еті де өте сирек қолданылған.
Ертеден сүт және сүт өнімдері құндылық ретінде құрметтеліп, оларды құятын ыдыстарға да ерекше мәртебе берілген.
Халқымыз дастарқан тәрбиесіне де ерекше мән береді. Асқа отырғанда әркім өзінің жасына, жолына қарай лайықты жерде малдас құрып отыруы маңызды. Басқалардың алдында тұрған тағамға қол созбау, тамақты ағызып-тамызып, төгіп-шашпау қажет. Ас үстіне келген адамдарға дәм татқызып, үлкен кісілер келсе тұрып орын беру, елдің ас-тағамына мән, сын тақпау, басқалар тамақ ішіп жатқанда «болдым» деп орнынан тұрып жүріп кетпеу, жата қалмау, теріс қарап отырмау, дастарқанға бата жасалған соң ғана тұру сияқты жөн-жоралғыларды ұмытпауымыз керек.
Бірлесіп ас, тағам ішу – қазақ халқында ежелден келе жатқан дәстүр. Бұдан ел-жұрт ішіндегі туыстық, жора-жолдастық, құда-жегжаттық сияқты қарым-қатынастың ауызбірлікте сақталғанын байқауға болады. Оған дәлел ретінде қазақ халқының дастархан басында орын алуы мен тағам тарату тәртібін келтіруге болады.
Соның ішіне біріншіден, дастарқан басына әлеуметтік жағдайы мен жас мөлшеріне қарай орналасуды, екіншіден, туыстық қарым-қатынасқа қарай дастарқанға отыруды, үшіншіден, етті мүшелеп тартуды жатқыза аламыз.
Қазақтың дастарқан әдебіндегі тағы бір керемет салтқа айналған ырым бар. Ол тамақ ішіліп болған соң, ас қайырып, батасын беру. Бұған қатысты атам қазақта «Батасыз дастарқан – бақсыз дастарқан», «Дастарқанның батасы – берекеннің атасы» деген тамаша тағылымды маржан сөздер бар.
Дастарқанды құт-береке, бақыт-байлық, ырыс-ынтымақтың ұйытқысы деп санап, «бісмілләсіз» тамақ ішпейтін, бата қайырғанда басқа амандық, асына адалдық тілеп, жарлы болып өтсе де, арлылықтан таймаған, аш болса да, харамды ауызға алмаған аталарымыздан үлгі алуымыз қажет.
Алла Тағала баршамызға тыйым салынған нәрселерден аулақ болып, адал нәрселерге жақын болуды жазсын. Әмин!
Нұрдәулет Тоқанұлы,
Балқаш ауданының бас имамы