ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ДІНИ АҒАРТУШЫЛАР
Зерттеулі тарих көздеріне қарасақ қазақ жерінде ислам мəдениетінің орнығып дамуына, халық санасында ислам құндылықтарын қалыптастыруға қазақ даласынан шыққан діни қайраткерлер, ишандар мен ахундар үлкен еңбек сіңірген.
Қазақ қоғамында исламды дұрыс бағытта таратып, халықты, ұлтты бір сенімге біріктіруге көмектесіп, елдің ынтымағын, береке бірлігін қалыптастыруда əділ қазылық қызметімен халық санасына ислам құндылықтарын, ислам мəдениетін қалыптастыруға қазақ ахундары мен ишандарының қазақ тарихында алар орны ерекше. Қазақ тарихында ишан, дамоллала, ахун т.б. діни қайраткерлер қазақтың тəуелсіздігін сақтауға ат салысқаны белгілі.
Ресей отарлауына дейін қазақ жерінде исламның дамуына кең жол ашылып, қожалар, ишандар исламды терең уағыздады. Қазақ қоғамында Ишан – деген халық арасында діни сауат ашу, оқу жұмыстарын белсенді жүргізуші, халыққа хақ дін ислам негіздері бойынша дұрыс ғибадат жасауды үйрететін, шариғатты меңгерген, бойына тариқатты сіңірген діни білімі зор адамға берілетін лауазым.
«Ахун (парсы сөзі ахунд – 1.мұсылмандық діни лауазым; 2.баулушы ұстаз) – ХVIII ғ. Бастап қазақ даласында қолданылған діни лауазым. Орта Азияны билеген Бұхар хандығы тұсында ислам ғұламаларының ең жоғарғы лауазымы. Қазір Ахунның орнына бас Мүфтиден кейінге наиб мүфти лауазымы енгізілген. Ислам дініндегі Ахун Мүфтиден кейінгі атақ, лауазым аты. Мүфтидің шариғат бойынша айтқан шешімі Ахунның келісімінсіз жүзеге асырылмаған. Ахун лауазымы дінді терең меңгерген діни қайраткерлерге ғана берілген.
Олар замандарында халықтың жүрек көзін ашып, жас ұрпақ пен тұтас жұртты сауаттылыққа, адамгершілікке үйретті. Өздері салдырған мешіттерінде балалар оқытты. Сөйтіп халықтың рухани бай болуына жан аямай атсалысты. Ұлттың ұстаздары атанды.
Қызылорда облысы сыр елінде ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1837-1928 жж.), Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы (1848-1923 жж.), Садық ахун Қодарұлы (1860-1937 жж.), Қалжан ахун (Қалмұхаммед) Бөлекбайұлы (1862-1916 жж.) көптеген ахун, ишан, молдалар өткен.
Садық ахун ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойындағы белгілі діни қайраткерлердің бірі саналады. 1860 жылы Түркістан өлкесі, Сырдария облысына қарасты Ақмешіт уезі, қазіргі Сырдария (Тереңөзек) ауданындағы Ақжарма ауылында «Алтыбас Алаша» Қодар батырдың отбасында дүниеге келіп, осында 1937 жылы қайтыс болған. Оны жастайынан Тапал ахунға 14-15 жасында шәкірт етіп береді. Кейіннен Садық Сыр бойындағы діни адамдардың ұстазы атанған Қармақшы жеріндегі Ораз ахун Бекетайұлынан дәріс алып, өзінің алғырлығы арқасында ұстазы мен замандастарын таңғалдырады. Көкалташ (Мир араб) медресесіне түсіп, онда төрт жыл оқып «ахун» дәрежесін және медресені бітірді деген шатырхатты қоса алып келеді.
Садық ахун медресе жанындағы Иранның дәрігерлік мектебінде діни білімімен қатар Әбу Ғали Ибн Сина ілімдерін оқиды. Ұстаздары: «Садық, сенен үлкен дәрігер шығады, Иран, Франция елдеріне барып оқуыңды жалғастыр» деген ақыл-кеңестерін береді. Бұл ұсынысты әуелде құп алғанымен, өзін бүкіл ел күтіп отырғанын ескеріп, Сыр бойына қайтып оралады. Қазіргі таңда Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде ахунның пайдаланған кітаптары сақталған.
Сыр бойында өмір сүріп, аса білімдарлығымен мойындатқан Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы.Тапал ахун діни білімді Хорезмде алады. Елге оралғаннан кейін ауылына (қазіргі Шіркейлі ауылы) екі мешіт салдырып, шәкірттеріне орыс тілін қоса оқытқан. Тапал ахун деп аталу себебі, ол кісінің бойы аласа болса керек. Содан медреседе оқып жүргенде ұстазы қойған қандай сұрақ болмасын, басқа шәкірттер ойланып болғанша Нұрмұхаммед мүдірмей дәлме-дәл жедел жауап беріп отырады екен. Мұнысына риза болған ұстазы: «Ә, Тапалым жарайсың!» деп арқасынан қағатын көрінеді. Содан бастап Нұрмұхаммед аты аталмай Тапал болып, кейіндері дуалы ауыз ұстазының арқасында Тапал ахун аталып, халық ішінде осы лақабымен танымал болады.
Сыр өңірінде ХІХ-ХХ ғасыларда өмір сүрген белгілі діни қайраткерлердің бірі Қалжан ахун (Қалмұхаммед) Бөлекбайұлы пайдаланған жәдігерлер зерттелді.
Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жердегі Табын руынан шыққан. Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын ашқан.
Көкалташ (Мир Араб) медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады.
Қалжан ахун 1901-1906 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуына байланысты құрылысшылардан кірпіш зауытын сатып алып, қыш, кірпіш құйдырып, медресе салуды қолға алады. Ахунның бұл бастамасын жергілікті халық қызу қолдайды. Сырдың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Қалжан ахуннан дәріс алғаны туралы деректер кездеседі. Асқан білімдарлығымен, қайраткерлігімен елге атақ-даңқы жайыла бастаған Қалжан ахун да отаршыл саясаттың құрығына ілініп, қуғынға ұшырап, түрмеге жабылады. Ахун 1916 жылы өмірден өткеннен кейін салдырған медресе құрылысы толық аяқталады.
Сыр еліндегі діни қайраткерлердің бірі – Әлібай ахун Қосқұлақұлы. Ахун Сарықұм деген жерде дүниеге келген. Әуелі ауыл молдаларынан, кейіннен Ораз ахуннан дәріс алған. Хорезм қаласынан діни медресені бітіріп келгесін Сарықұмда халықтың күшімен мешіт салған. Бұл мешітте көптеген жастар білім алған. Кейіннен елдің белгілі адамдары Қаратөбе деген жерден Әлібай ахунға арнап жаңа мешіт салғызады (бұл мешіт қазіргі Ақтөбе облысының аумағында). Мешітте шәкірттерге дәрісті ахунның өзі оқыған.
Әлібайдың бала күнінен ерекшелігі байқала бастаған. Өте үздік оқушы болған. Баланың келешегіне көз жіберген ұстазы Ораз ахун ақ батасын беріп, Хорезм қаласындағы Ер Сейтпенбет әулиенің әулеті Салқы ишанға оқуға жіберген. Әлібай араб тіліне өте жүйрік болған.
Әлібай ахунның ағарту жұмыстарына пайдаланған дүниелері, яғни кітаптары мен қолжазбалары Қармақшы ауданындағы ахунның қарашаңырағында Әжмағанбет баласы Абдулғазимнің қолында.
Қазақ жерінде діни қайраткерлер ислам құндылықтарын дамытып, елдің діни идеологиялық қызметін жоғары дəрежеде атқаруға үлкен үлес қоса отырып, қазақ ишан, ахун, молдалары халық арасында қарапайым түсінікті тілмен бір сенімдегі ұлт адамының күнделікті тұрмыстіршілікте ұлттық құндылықтармен астасқан исламның хақ дін екенін əр адамның жүрегіне жеткізіп, үлкен идеологиялық қызмет атқарған.
Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы
Ибрагим Нұрахмедұлы