preloader

Мақалалар

Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты

Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты

2026 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында елдің даму бағытын, алдағы міндеттерді айқындап, Қазақстанның жаңа кезеңге яғни жаңғырудың жаңа белесіне аяқ басқанын білдірді. Бұл сұхбат — қоғамның рухани-мәдени және әлеуметтік-саяси өмірін жаңғырту бағытындағы стратегиялық жоспарларды нақты көрсететін ресми құжат болып табылады.

Президент сөзінде қоғамның берік негізін құрайтын басты факторлардың бірі – рухани құндылықтар мен адамгершілік қағидаттар екенін ерекше атап өтуге болады. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан өзінің қоғамында бейбітшілік, түрлі конфессиялар арасындағы келісім және діни толеранттылық қағидаттарын сақтап келеді. Бұл қағидаттар осы қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды элементтердің бірі.

Қазақстанда дәстүрлі діндер, соның ішінде ислам, оның бейбітшілік, сабырлылық және адамгершілікке негізделген қағидалары қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Осы тұрғыдан, діннің зайырлы мемлекеттегі қызметі – ол қоғамның рухани негізін күшейту, отбасы мен азаматтық құндылықтарды сақтау бағытында маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы айтқан бұл ойлар қазіргі әлемдегі күрделі үдерістерге байыпты көзқарас танытудың маңызын көрсетеді. Бүгінде жаһандық деңгейде мультикультурализмді қолдайтын ұстанымдар мен радикалды ұлтшыл көзқарастар арасында қайшылықтар жиі байқалады. Президент атап өткендей, екі тараптың да шектен шыққан, ұшқары көзқарасы қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Исламдағы қоғамдық қатынастар татулыққа, сыйластық пен жауапкершілікке негізделеді. Адамдар арасындағы айырмашылықтарды алшақтатушы емес, керісінше келісім мен түсіністікке жетелейтін фактор ретінде қарастыру көзделеді. Бұл мағынада Мемлекет басшысының тату-тәтті, берекелі өмір сүру жөніндегі ойы ислам іліміндегі орта жолды ұстану қағидатымен үйлесім табады.

Президент бұған дейін жариялаған «Бірлігіміз – әр алуандықта» қағидаты да діни құндылықтармен сабақтас. Ислам ілімінде қоғам мүшелерінің бір-бірін құрметтеуі, тәртіп сақтауы және сабырлы болуы – имандылықтың көрінісі ретінде бағаланады. Түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруі – өзара түсіністік пен жауапкершіліктің нәтижесі. Сондай-ақ мемлекет басшысы ерекше атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидаты исламдағы аманатқа адалдық, жауапкершілік және әділет ұғымдарымен тығыз байланысты. Дәстүрлі исламда заңға бағыну, қоғам алдындағы міндетті орындау олдін мен мемлекеттің үйлесімділігін қамтамасыз ететін маңызды ұстаным.

Осы жоғарыда аталған қағидаттар аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қоғамдағы татулықты, өзара құрмет пен жауапкершілікті нығайтуға, ел іргесінің беріктігі адалдықпен ынтымаққа бағытталған жүйелі уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Мешіттерде оқылатын жұма және күнделікті уағыздарда бірлік, сабыр, басшылыққа, заңға бағыну, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ радикалды көзқарастардан сақтану мәселелеріне тұрақты түрде көңіл бөлінеді. ҚМДБ жүргізіп отырған ағартушылық қызмет мемлекет басшысы айқындаған қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытымен өзара сабақтас. Діни уағыздар арқылы азаматтарды өзара сыйластыққа, бейбіт өмір сүруге және ортақ жауапкершілікке шақыру бұл қоғамдағы рухани тұтастықты нығайтуға бағытталған маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Қорыта айтқанда, Президенттің бұл пікірі діннің бөлуші емес, біріктіруші күш екенін тағы бір мәрте айқындайды. Ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау, заң мен тәртіпке бағыну, сабыр мен өзара құрметті басты қағида ету ислам құндылықтарымен үндес келетін, қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын бағыт.

 

Алматы облысы бас имамы

Мадияр қажы Тағайбайұлы

.