Құмар ойын – құрдымға жетелер кесел
Жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді, жаңашылдықтың да теріс беттері бар. Әлем дамып, технология алға озған заманда азғындықтың, алаяқтықтың түр-түрі пайда болуда. Сондай қоғам дерттерінің бірі – лудомания, яғни құмар ойынға тәуелділік. Ақша салатын ойын автоматтарынан бастап, казино, түрлі букмекерлік орталықтар, онлайн ойындар азаяр емес.
Құмар ойынға тәуелділік қаншама отбасын ойран етіп, жастарды құрдымға кетіріп, қылмысқа итермелеп келеді. Өрімдей бозбалалар сол шырмаудан шыға алмай жүр. Кейде мешітімізге осы құмар ойынның жетегінде кеткен баласын арашалап алғысы келетін ата-аналар келеді. Балаларына тура жолды нұсқап, санасын оятуымызды сұрайды. Әрине, ең әуелгі тәрбие құралы – насихат. Жақсылыққа шақырып, туралықты насихаттау арқылы дұрыс пен бұрысты ажыратуға жол көрсету қажет.
Шариғатта барлық құмар ойындарына қатаң тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен бал ашу – шайтанға тән лас істер. Ендеше, мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар», – дейді.
Құмар ойын не себепті харам? Ең әуелі ол адамды қылмысқа итермелеп, ақша ұрлауға, өзгені алдауға, отбасының бұзылуына себепкер. Сонымен қатар әділетсіз пайда табуға, оңай қаражат табамын деген ойға жетелейді. Адам баласы адал табысты еңбек ету арқылы, адал кәсіппен айналысып, маңдай терімен жұмыс жасап қана таба алады. Адал табыстың отбасына береке әкелері сөзсіз. Ал құмар ойыннан келген харам қаражат отбасыңа үлкен апат әкелуі әбден мүмкін. Өйткені отбасы – сенің ең басты құндылығың.
Қасиетті Құран Кәрімде құмар ойынының зиянын баяндайтын аяттарда ол шайтанның ісі деп сипатталып, адамдардың бір-біріне дұшпандық сезімін тудыратыны айтылған. Сондықтан ислам дінінде құмар ойыны – үлкен күнә.
Сахаба Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біреу бауырына “кел, құмар ойын ойнайық” десе, садақа берсін», – деген. Бұл хадис құмар ойнауға шақырудың өзі күнә екенін көрсетеді.
Бүгінгі таңда мешіт имамдары жастармен кездесулерде, уағыз-насихаттарда қоғам дертіне айналған осы құмар ойынға тәуелділіктің зардабы мен зиянын кеңінен түсіндіріп келеді. Дін – насихат екенін ескерер болсақ, насихат санасына жеткен жас жаман жолға түспейді деп үміттенеміз.
Құмар ойынның қақпанына түскен жандарды осы жолдан азат ету мақсатында елімізде оңалту орталықтары да ашылып үлгерді. Құрамында психолог, психотерапевт, заңгер мамандар бар бұл орталықтар да лудоман азаматтармен тығыз жұмыс жасап келеді.
Жалпы, шариғатта рұқсат етілген көңіл көтерер ойындардың басты ерекшелігі – адамға пайдалы әрі мағыналы болуы тиіс. Мысалы, рұқсат етілген спорттық ойындар, жарыстар, мұсылман мерекелеріндегі ойын-сауықтар. Бос уақытында құмар ойын ойнаған адам демала да алмайды, одан ақша да таппайды. Лотерея, яғни ұтыс ойындары мен бәс тігу секілді ойындар адамды бос үміт пен кездейсоқ жетістікке тәуелді етеді. Мұндай жолға түскен адам Алла Тағала бұйырған пайдалы да парыз істерден мақұрым қалады.
Жамағат арасында кейде: «Осындай жолмен келген қаражатты не істесек болады?» – деген сауал қойылады. Мұндай харам ақшаны қайырымдылыққа, мұқтаж жанға, міскіндерге, жолда қалғандарға беру қажет.
Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап, бір данышпанға барыпты. Данышпан оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып, орнынан әзер қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсетіп: «Мынаны жұлып көр», – дейді. Көп адам жиналып, қанша күш салса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? Жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал жаман әдетті көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен.
Ақша таба берсем деп байлыққа құмартудың арты үлкен қауіпке апарары даусыз. Сахабалардың өздері жеңіл табыс түгілі, адал еңбекпен келетін дүниеге де қызықпаған. Өйткені әрбір нәрсе үшін Алла алдында сұралатынымызды олар ешқашан естен шығармаған.
Біз құнды да қастерлі затымызды ұқыптап, құрметтеп, сақтайтынымыз бәрімізге аян. Сол сияқты біз үшін аса қымбат болған өмірімізді бағалап, оны пайдасыз, күнәлі әрі зиянды істерге жұмсаудан сақтануымыз қажет.
Кадиров Меиір
Талғар ауданы
«Зам-Зам» мешітінің имамы

