preloader

Мақалалар

Құрандағы «Әйел» сөзінің мағыналарын білесіз бе?

Құрандағы «Әйел» сөзінің мағыналарын білесіз бе?

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Қазақ халқы қашан да әйел затын әйелді отбасының құты деп, әспеттеп-құрметтеген. Кешегі өткен тарихтан мысал келтіретін болсақ, Құнанбай қажының өзі төрт әйелін, төрт бөлек ауыл қылып отырғызған. Ауылға аяқасты адамдар келгенде, әйел затына қолайсыздық тудырмай, шабарман жіберіп, хабарлайтын болған. Бұның бәрі де Құнанбай қажының жұбайларына деген ерекше ықыласы десек, қателеспейміз.

Асыл дінімізде де әйел адамның орны айрықша бағаланады. Алла Тағала әйелдер қауымына бір сүре («ан-Ниса») арнап, дәрежемізді көтеріп қойған.

Алланың кәләмында әйел (тұрмыс құрған әйел) сөзінің үш түрлі мағынасы бар. Олар: заужатун, имроатун, соохибатун. Мақаламызда осы үшеуін қарастырып, өзара айырмашылықтарын анықтайық. 

Алғашқысы – заужатун.

Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Уа, Адам! Жұбайың екеуің жаннатты мекендеңдер, әрі одан (нығметтерінен) қалағанша жеңдер, тек мына ағашқа жоламаңдар. Әйтпесе, өз-өзіне қиянат жасайтын залымдардың қатарына қосыласыңдар» («әл-Бақара» сүресі, 35-ші аят).

«Сондай-ақ Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін ап-айқын дәлелдер мен талай ғибрат бар» («ар-Рум» сүресі, 21-ші аят).

«Пайғамбардың мүміндердегі ақысы һәм оларға деген жанашырлығы, олардың өз ақыларынан әрі жанашырлығынан әлдеқайда артық, сондай-ақ (пайғамбар мүміндерге өз әкелеріндей, тіпті, одан да артық болғандықтан) оның жұбайлары да мүміндердің аналары болып табылады» («әл-Ахзаб» сүресі, 6-шы аят).

Бұл аяттарда келетін заужатун сөзінің мағынасы – күйеуімен қарым-қатынасы жақсы, екеуара рухани да, материалдық та, жыныстық та байланысы сау болған әйел.

Екіншісі – имроатун.

«Алла күпірлікке белшеден батқандар үшін Нұхтың әйелі мен Луттың әйелін мысалға келтірді. Екеуі де құлдарымыз арасындағы екі ізгі құлымыздың некелі жары еді. Алайда (олар күпірлікке бой алдырып һәм дін дұшпандарына болысып) жұбайларына опасыздық жасады. Жұбайлары (пайғамбар болса да) ол екеуін Алланың жазасынан арашалап қала алмады. Сөйтіп, екеуіне: «Тозаққа кіретіндермен бірге сендер де кіріңдер», − делінеді» («ат-Тахрим» сүресі, 10-шы аят).

Пайғамбарлар қиссасын ашып қарасаңыздар аталмыш екі пайғамбардың әйелдері күпірлік еткенін көресіздер. Яғни, олардың күйеулерімен рухани байланысы болмаған.

Имроатун сөзі Құранда перғауынның әйелі Асия анамызға да, Әбу Ләһәбтың әйеліне қатысты да айтылған.

Демек, имроатун сөзінің мағынасы – күйеуімен арасында ортақ пікір, сүйіспеншілігі жоқ, екеуара рухани да, материалдық та, жыныстық та байланыс болмаған әйел.

Заужатун және имроатун сөздерінің айырмашылығын Зәкәрия пайғамбардың өмірінен алынған мысалмен ашсақ. 

«Расында, мен өзіме мұрагер болатын жақындарыма қарап алаңдаудамын. Әйелім болса, бедеу. Маған Өзіңнің шексіз шарапатыңмен бір мұрагер (перзент) нәсіп ете көр!» («Мәриям» сүресі, 5-ші аят).

Зәкәрия пайғамбардың бұл дұғасында жұбайы имроатун сөзімен аталады. Себебі, араларында бала болмай, әйелінің бойында үмітсіздік пайда болып, Алла Тағалаға деген иманы күйеуінікіндей кемел болмайды.

Жаратушымыздың қалауымен Жақия (Яхия) есімді ұлы дүниеге келген соң, жұбайының ойы өзгеріп, барлық тұрғыдан күйеуімен арасындағы байланыс күшейген. Сол себепті келесі аяттарда ол зәужа болып аталады.

«Зәкәрияны да есіңе ал. Есіңде болса ол: «Уа, Раббым! Мені мирасқорсыз қу бас етіп, жалғыз қалдыра көрме! (Өзіңнен басқаның бәрі пәни, бәрі өліп, өшкеннен кейін мәңгі-бақи қалатын бір Өзіңсің, сондықтан да) мұрагерлердің ең қайырлысы – Өзіңсің!» – деп жалбарынған еді. Біз оның да дұғасын қабыл алдық және оған Яхияны сыйладық. Сол үшін жұбайын оған бала тауып бере алатындай жағдайға келтірдік. Расында, олар (Зәкәрия, жұбайы және ұлдары Яхия) жақсылық жасауда бір-бірімен асыға жарысатын, сондай-ақ (рақымымыздан) үміт еткен, әрі (қаһарымыздан) қорыққан күйде Бізге жалбарынатын. Олардың Бізге деген сый-құрметі мен мойынсұнуы, шынында да, ерекше еді» («әл-Әнбия» сүресі, 89-90-шы аяттар).

Құрандағы әйел мағынасын беретін соңғы сөз, ол – соохибатун.

«Сол күні адам баласы өз бауырынан, тіпті өз анасы мен әкесінен, жан жары мен бала-шағасынан безеді» («Абәсә» сүресі, 34-36-шы аяттар).

Бұл жерде неліктен соохибатун сөзі қолданылып тұр? Себебі, Алла Тағала бұл аяттарда Ақырет күні туралы айтып жатыр. Біріншіден – келіп жеткен өлім себепті, екіншіден – қиямет-қайым себепті ерлі-зайыптылардың арасындағы бүкіл байланыстар үзіледі. Барлық қарым-қатынастар үзілгендіктен, әйел енді соохибатун болады екен. Анығын Алла білуші.

Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, оны дін білгірі етіп қояды деп ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, Жаратушымыз бізге Құранды тереңірек түсініп, сол түсінігімізге сай амал етуімізді, яғни әз-зәужа әс-соолиха (салихалы әйел) болуымызды жазсын. Бес парызды толық орындап, өмірлік жолдастарымызға мойынұсынып, жұмақтың кез-келген есігінен кіруімізді нәсіп етсін.

Ажар Битанова,

Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінің ұстазы