preloader

Мақалалар

Қыпшақтың тілі – Ұлық ұлыстың тілі

Қыпшақтың тілі – Ұлық ұлыстың тілі

Жошы ұлысында (1242-1502 ж.ж.) жергілікті халықтың басым көпшілігі түркітілдес рулар мен тайпалар болды. ХІІІ ғасырда Орта Азия, Солтүстік Кавказ және Шығыс Еуропаның далалары – көшпенді түркі халықтарының асыл мекеніне айналды. Жошы ұлысына тек көшпенді қыпшақ жайлаған Дешт-і Қыпшақ даласы ғана емес, сонымен қатар Бұлғар мен Хорезм сияқты қалалардағы өзіндік қалалық мәдениеті қалыптасқан отырықшы түркі орталықтары да орналасты. Алтын Ордада қала мәдениеті қатты дамыды. Әсіресе, Еділ өзенінің бойында ұлыстың ірі қалалары қатар орналасты: Қажытархан, Бату-Сарай, Берке-Сарай, Үкек (Увек), Бұлғар, Қазан, Гүлістан және т.б. 

Ұлық ұлысқа славян халықтары, фин-угор, армян және грек, парсытілдес халықтар да бағынышты болды. Ал моңғолдар аталмыш қалың елдердің арасында азшылық еді. Сол үшін моңғолдың тілі алтынордалықтарды біріктіретін өміршең ортақ тіл бола алмады. Еуропалықтар үшін моңғолдан гөрі қыпшақтардың тілі етене таныс һәм кең жайылған тіл еді.

Бір ғана мысал… Алтын Ордаға екі мәрте (1235 және 1237 ж.ж.) саяхат құрған венгерлік доминикан монахы Юлиан ұйғыр әріптерімен моңғол тілінде жазылған моңғол билеушілерінің ресми хатын венгер королі IV Белеге (1206-1270) жеткені туралы хабарлайды. Алайда венгер патшалығының әкімшілігі де, алты тілді меңгерген Орданың қыпшақ елшісі де сол хатты корольге аудара алмай әлек болады.

Моңғол империясының бастапқы жылдарынан-ақ хан билігінде ескіұйғыр тілі – әкімшілік жазу тілі болып қалыптасты. Тиісінше ұйғыр тілінің моңғол тіліне деген ықпалы қатты болды.

Ескі ұйғыр жазуы VIII ғасырда Моян-Шұр ханның (Ұйғыр қағанаты) тұсында соғды әліпбиі негізінде қалыптасып, кейіннен XIII ғасырда Ислам дінінің жайылуымен араб графикасының негізіндегі жаңа жазуға көшеді. Ескі ұйғыр тілі орта ғасырдағы түркі елдерінде – Қарахан хандығы (942-1212 ж.ж.) мен Хорезмшах мемлекетінде (1097-1231 ж.ж.) үстемдік етті.

Жошы ұлысында қолданыста болған ескі ұйғыр тілі көшпенді қыпшақ пен отырықшы оғыз тілдерімен біте қайнасып жаңа түрки шағатай тілін қалыптастырды. Орта ғасырда пайда болған әсем әдеби осы бір тіл – Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың атымен аталады. Жошы ұлысы мен  Шағатай елінде (1260-1346 ж.ж.) етене дамып кеткен шағатай тілінің бай терминологиясын Әмір Темір империясы (1370-1507 ж.ж.) мен  Моғолстан елі (XIV ғ. ортасы –  XVI ғ. басы) кезінде кеңінен қолданған.

Орта ғасырларда түркі ұлыстары арасында тілдік дифференциация қазіргідей аса айқын көрінбеген. Сол үшін моңғолдар пайдаланып отырған ескі ұйғыр тілін саны көп қыпшақтарға түсіну айтарлық қиындық туғызбаған. Көп ұзамай-ақ  моңғолдар пайдаланып отырған ұйғыр тіліне жергілікті қыпшақ пен оғыздардың көп сөздері еніп, ұлыстың ресми тілі «қыпшақтана» бастайды. Сондықтан, ордалы татар (политоним деп қабылдау керек) империясының кеңсесінде қолданыста болған ресми тіл шағатай емес, қыпшақтың тілі.

Жошы ұлысының әдеби тілінде шағатай тілінің әсері болғанымен оның өзіндік ерекшелігі болды. Орта Азия ғасырлар бойы парсы мәдениетінің ықпалында болғандықтан, шағатай тілінде парсы тілінің қоры шамадан тыс. Иоһан Шилтбергер (1381-1440 ж.ж.) «Еуропа, Азия және Африка елдеріне саяхат» атты еңбегінде шағатай тілінің құрылымына қатысты тоқталып өтеді: «Шағатай деген ел бар, бас қаласы – Самарқан, ірі қала һәм көп тұрғыны бар… Жартысы түрікше, жартысы парсыша болған ерекше тілде сөйлейді».

Осы заманғы тіл мамандары мен зерттеушілері Жошы ұлысының кеңсе тілін татар тілі деп атауды ұсынып отыр. Расында да тарихи деректердің басым көпшілігінде Алтын Орда тұрғындарын «татарлар» деп атаған. Ал, қазақ пен татар тіл біліміндегі тілдер классификациясында қыпшақ тобына кіргендіктен, татар мен қыпшақты бір мағынада қабылдаған жөн.  

Ескі жәдігердің бірі – Codex Cumanіcus (Қыпшақ тілі сөздігі) 1303 жылы қыпшақ тілінде жазылған діни мәтіндер мен сөздіктерден тұратын қолжазба. Жошы ұлысына сапар шеккен христиан миссионерлері осы еңбекте ордалықтардың тілін «Bu tatar tilі» деп, қыпшақтың тілін анықтаған.

Жазбагері белгісіз «Шаджаратү Әл-Әтрак» атты тарихи жазба XV ғасырға дейінгі жазылған құнды еңбектердің бірі. Жазба парсы тілінде жазылғанымен, осы еңбекте Шыңғысханның түркіше білгендігі туралы өмірінің соңынан үзінді келтіреді.

Шыңғысханның тұңғышы Жошы қайтыс болғанда, бұл қайғылы хабарды ханға жеткізуге бірде-бір адам бата алмайды. Әмірлердің арасында абыройлы абыз, Ұлық жырау ғана ханның құзырына келіп, түркіше жырын бастайды:

Теңіз түбі былғанды, кім тазалар, уа ханым,

Терек түбі жығылды, кім тұрғызар, уа ханым?

Шыңғысхан да түркі тілінде жауап қайтарды:

Теңіз түбі былғанса, тазалар оғлым Жошы-дүр,

Терек түбі жығылса, тұрғызар оғлым Жошы-дүр.

Ұлық жырау әлгі рубайын көзіне жас алып, көңілі босап тағы бір қайталады…

Сонда хан ием сөздің төркінін терең бойлап, жыраудың қойған сұрағын түркі тілінде сұрақпен қайырды:

Көзіңнен жасты шығартар,

Көңліңе қайғы түскен бе?

Көңлімді жырың жылатар,

Жошыға ажал жеткен бе?

Сонда Ұлық жырау:

Сөйлемекке еркім жоқ, сен сөйледің, уа ханым,

Өз жарлығың өзіңе, ойладың ба, уа ханым? – деп өлімнен құтылыпты. Себебі, Шыңғысханға суық хабар әкелген адам өлім жазасына кесілетін.

Шыңғысхан ұлының жоғын түркіше былай толғады:

Тастап қашқан құландай, құлынымнан айрылдым,

Тастап кеткен аңқаудай, ер ұлымнан айрылдым.

Көп ұзамай, алты айдан соң Шыңғысхан да ұлының соңынан бақилыққа кете барды. «Шаджаратү Әл-Әтрак» кітабының мазмұны қазаққа танымал. Тіпті бабаларымыз сол Ұлық жырауды найманның абызы Кетбұға болған деп таниды. «Ақсақ киік» күйіміз де осы оқиғаның басқа қыры.

Араб тарихшысы, лингвист Әмин Әл-Һули (1895-1966 ж.ж.) ортағасырлық Египет мәмлүк сұлтандығындағы қыпшақ тілінің маңыздылығы туралы мынандай дерек келтіреді:

«Бірнеше ғасыр Египетте тұрып жатқан қыпшақтардың қоғамдағы артықшылықтары оларды өмірдің әр саласына араластырды. Көптеген тарихи деректер олардың толыққанды білім алмағандығын көрсетеді. Қалауын көптеген жылдар бойы Египет пен Сирияда тұрса да, сұлтан болған шағында өзінің туған қыпшақ тілінде сөйлеп, арап тілін жетік  білмеген. Оның алдындағы Бейбарыс арап тілін көбінесе аудармашының жәрдемімен біліп отырған. Көптеген мәмлүктер арапша білсе де, өзара тек қыпшақ тілінде сөйлесетін болған. Керісінше, жергілікті араптар билікте отырған мәмлүктердің ыңғайына қарап қыпшақша білуге тырысқан».

XIII ғасырдың ортасы мен XIV басы аралығында Египетте қыпшақ тілі мен әдебиеті дамыды. Қыпшақ тілінің арап түбегінде осы кезеңде жақсы дамуына себеп болып, ықпал еткен бірден-бір алып көрші – Алтын Орда мен оның ресми тілі.

Тағы бір тарихи дерек… Мәмлүктер сұлтандығының кеңсесінде қызмет атқарған хатшы Мухид-Дин ибн Абдуззахыр (1223-1293 ж.ж.) «Әр-Рәуи әз-Захир фи сират әл-Малик әз-Захир» еңбегінде былай дейді: «Оның (Берке ханның А.) қасында болған бас қазы жолдаухатты ортада тұрған адамдарға қыпшақша оқыды да, соңынан хатты  қолына тапсырды».

Ендеше, Ұлық ұлыста осы уақыт аралығында қыпшақ тілі толыққанды салтанат құрды дей аламыз. Бұрмаланған тарихты өзімізге бұрып алар сәт.  

Сол көнекөз қыпшақ тілін сөйлейтін бұл әлемде қайсың бар?

Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеудің біз үшін үлкен мәні болып отыр. Тіл құбылысын, оның болмысын, өткенін, тарихи даму жолын білмей тұрып, оның қазіргі күйін, сырын жете білу мүмкін емес. Қазақ тілі мен мәдениетінің тарихына қатысты кезеңдердің бірі – кейінгі орта ғасыр, яғни ХІІ-ХV ғасырлар аралығы болып табылады. Сол заман – қыпшақ тілінің заманы. Оның салтанатының заманы. XIV ғасырдан жеткен «Қыпшақ тілі сөздігіндегі» жұмбақты XXI ғасырдың қыпшағы ойланбай-ақ шешіп отыр.

Тіл білімі ғылымы түркі тілдерінің туыстық белгілерін анықтай отырып, лексикалық, фонетикалық және грамматикалық ұқсастықтарын ажырату арқылы бірнеше топқа бөлген. Соның төрт үлкен жіктемесін айта кеткен жөн: Қыпшақ тобы (Қазақ, татар, ноғай, қырғыз, қарақалпақ, қарашай-балқар, қырым татары, башқұрт, құмық  тілдері), Оғыз тобы (Түрік, әзербайжан, түрікмен, гагауз, авшар, хорасан, қашқай, салар), Қарлұқ тобы (өзбек, ұйғыр) және Сібір тобы (Сақа, тыва, хакас, алтай, шор, долған, чұлым).

Яғни, қазақ тілі кеше ғана пайда болған жоқ. Соны бірінші, қазақтың өзі түсінуі ләзім. Қазақ тілі – орта ғасырдағы қыпшақтың тілі. Қазақ тілі – Алтын Орданың ресми тілі.

Ар-Рұм сүресінің 22-ші аятында Жаратушы Алла былай дейді: «Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің, реңдеріңнің әр алуан болуы да Оның (Алланың) ап-айқын дәлелдерінің бірі. Әрине, бұларда ойы бар білетіндер үшін белгілер бар».

Сол тіл біз үшін аманат. Алтын Орданың ресми тілі – қыпшақ, ресми діні – Ислам еді. Тілді сақтай алдық, Құдайға шүкір, діннен де қалыс қалмау біз бен сіздің асыл міндетіміз.

 

Алдажар Сейітұлы,

«Арын қажы» мешітінің бас имамы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Л.Ф. Абзалов, Ханские писцы (Из истории становления и развития канцелярской службы ханов Золотой Орды). – Қазан қ., 2011.

2. Н.А. Баскаков, Очерки истории функционального развития тюркских языков и их классификация. – Ашхабад, 1988.

3. Э.Н. Наджип, Тюркоязычный памятник XIV в. «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык. – Алма-Ата, 1975

4. Ф.С. Фасеев, Старотатарская деловая письменность. – Қазан қ., 1981.

4. Амин Аль-Холи. Связи между Нилом и Волгой в XIII–XIV вв. – Москва, 1962.